Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

8 НАУРЫЗ - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІ!


4 марта 2011, 08:00 | 7 154 просмотра


Құрметті медицина

қызметкерлері!

Уақытпен санаспай барлық жерде халыққа адал еңбек ететін, ақ халатты абзал жандар - медицина қызметкерлері екені белгілі. Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда да ауруларды сырқатынан айықтырып, әманда халықтың қамқоршысы болып қол ұшын беріп жүретін Сіздер сияқты медицина қызметкерлерінің халыққа дарытқан еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес.

Сол үшін де байтақ еліміздің барлық елді-мекенінде, халыққа адал еңбек ететін, ақ халатты ару жандар Халықаралық Әйелдер мерекесін қай уақытта болсын үлкен дайындықпен, мерекелік көңіл-күймен атап өтеді. Осыған орай, барлық нәзік жанды дәрігерлер қауымын, медицина ұжымдарын осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Шығыс ойшылы Конфуций «Адамзатқа шапағат жасау - мейірімділік пен батырлықтың шыңы» деген екен. Ендеше дәл осы философиялық тұжырым Сіздер сияқты өз істеріне адалдық, ержүректік, қажырлылық танытқан абзал жандарға қаратылып айтылса керек.

Аяулы медицина қызметкерлері! Сіздерді тағы да көктем мезгілінің шуақты мерекесі – Наурыздың 8-і – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс пен парасаттылық тілеймін! Қабыл алыңыздар!

Алматы облысының Денсаулық сақтау

басқармасының бастығы

Маралбек МЕЙІРБЕКОВ

Арулар, асыл жандар!..

8-наурыз « әсемдік, нәзіктік, мейірім күні. Бұл күнді әлемнің әр түпкірінде тойлап өтеді. Тіпті кейбір елдерде Халықаралық әйелдер күні ұлттық мерекеге айналған.

Бұл күні жер бетінің әйелдері ұлтына, тіліне, дініне қарамастан бірігіп, өздерінің қаншалықты құрмет пен сыйға лайық екендіктерін іс жүзінде мойындатады. Түрлі экономикалық, әлеуметтік жағдайларда өмір сүріп жатқан нәзік жандар қазіргі кезде өздерінің білімімен, мәдениетімен, мықты күш- жігерлерімен әлемді мойындатып отырғандықтары ақиқат. Дегенменде, әйел заты әрдайым бұл өмірдегі нәзік жанды болып қала береді. Аяулы ана, асыл жар, қылықты қарындас, періштедей перзент, ардақты әже. Барлығы нәзік жанды арулар!

8-наурыз мерекесі қалай пайда болды?

Халықаралық әйелдер мерекесінің негізін қалағандар - Нью-Йорктегі фабрика мен мақта- мата өндірісінің жұмысшы әйелдері. Олар 1857 жылы тұңғыш рет бас көтеріп, өз құқықтарын қорғап, ереуілге шыққан болатын.

1908 жылдың 8 наурызында Нью-Йорк қаласының социал-демократиялық көзқарас-тағы әйелдер ұйымы әйел теңдігі жөнінде ұран көтеріп, митингке шығады. Оған 15 мыңнан астам әйел қатысты, олар өздеріне еркектермен бірдей жағдай жасауды талап етті. Сонымен қатар, әйелдер сайлауға қатысуға құқылы екендіктерін де жеткізді.

1909 жылы Американың Социалистік партиясы әйелдер күнін жариялады. Ол 1913 жылға дейін аталып келді. 1909 жылы Копенгагенде өткен әйелдер жиынына АҚШ-тан делегаттар келді, олардың арасында Клара Цеткин де болды. Ол Екінші Халықаралық социалист әйелдер конференциясының делегаты еді.

1910 жылы беделді неміс социалист әйелі Клара Цеткин Екінші Халықаралық конференция делегаттарына әйел теңдігі туралы күрес күнін белгілеуді ұсынды. Бұл Копенгагенде 27 тамызда жүзеге асты. Мұнда Екінші Интернационалдың 8-інші Конгресі өткен болатын.

Бірінші Халықаралық әйелдер күні Германияда, Австрияда, Данияда, Швейцарияда 1911 жылы 19 наурызда аталып өтті.

1913 жылы 12 наурызда Германияның, 9 наурызда Австрия, Чехия, Венгрия, Швейцария, Голландияның әйелдері, 2 наурызда Франция мен Ресейдің әйелдері бас көтерді.

1914 жылғы 8 наурызда көптеген елдер Халықаралық әйелдер күнін атап өтті.

1975 жылдан бастап БҰҰ-ның ұйғарымымен 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні ретін-де аталып өтуде.

Әйел дәрігер туралы бір дәлел!

Ақ халатты нәзік жандылар ер азамат дәрігерлерге қарағанда жағымсыз жаңалықтарды жақсы жеткізе алады. Бұндай тұжырым-ға Ковентри университетінің психолог мамандары Уорике және Лестере келді. Зерттеу барысында психологтар дәрігерлерге науқастар рөлін сомдаған актерлерді жіберді.

Зерттеу жүргізген мамандардың айтуынша еркек дәрігерлер денсаулыққа байланысты жағымсыз жаңалықты бірден айта салады екен.Өзіне байланысты суық хабарды естуге мүлдем дайын болмаған науқастың күйзеліп кетуі де мүмкін .

Психолог мамандардың пайымдауынша бұндай мәселелерді арнайы тренингтердің арқасында шешуге болады екен. Бұрын дәрігерлер осындай тренингтерден жиі өтетін. Алайда, көпшілік дәрігерлердің пікірінше тренингтердің қажеті жоқ. Себебі, ондай жағдайладың барлығы тәжірибе жинаған сайын өздігінен дұрысталады.

Әйел дәрігерлер болса науқастармен жылы сөйлесуге әрдайым дайын екен. Психологтардың теориясы бойынша науқастарға бірден денсаулығы және ауруды емдеу жолдарын айтқаннан гөрі, алдымен оның жанын мазалайтын жайттарды біліп түсінген жөн.

Мамандар 32 ер және 12 әйел дәрігерлердің науқасты қабылдауын видеоға түсіріп. Кейін осы видео таспа арқылы анализ жасады. Психолог Шейла Бонастың сөзіне сүйенсек осы анализ еркек дәрігер мен әйел дәрігердің науқаспен сөйлесу тәсілі әр түрлі екенін дәлелдейді. Шейла Бонастың айтуынша еркек дәрігерлеге науқаспен сөйлесу мәнерін дұрыстаған жөн. Алайда, Бес саусақ бірдей емес демекші, дәл осы зерттеу қорытындысы бойынша кейбір науқастар дәрігердің қатты және нақты сөйлеуін қалайтыны анықталды. Демек, әр науқаспен әртүрлі сөйлесу тәсілі қажет.

Әйел дәрігер қашан пайда болды?

Қазір де, бұрын да дәрігердің қоғамдағы орны ерекше болды. Дәрігер адам ең білімді, ең ақылды, данышпан саналады. Бұрын да, қазір де кім не десе де құрметке лайық мамандық «дәрігер. Қазір жүрегінің қалауымен дәрігер болғысы келген жандардың барлығы дәрігер бола алады. Ал осыдан бірнеше ғасырлар бұрын әйел затына хат тану былай тұрсын, дәрігер болу орындалмас арман еді.

Әйел заты бұрынғы ықлым заманнан бері медицинамен айналысқан. Ал жүйелі турде медициналық жоғары білімді алуды тек XI –XII ғасырларда Салерно университетінде бастады. Келесі жүз жылдықта дәрігерлік өнерді нәзік жандыларға Неаполитан және Болан университеттерінде үйрете бастайды. Сонымен қатар Болон университетінде осы уақытта әйел профессорлар да пайда болды. Мысалы, Доротея Букка XV ғасырда Болан университетінде медицина факультетін басқарды. Ал XVIII ғасырда дәл осы университетте Лаура Басси, Анна Мензолина және т.б дәріс оқып, профессор болды. Сонда да әйел дәрігерлер өте аз болатын. Тек 1848 жылы Америкада «әйелдерге медициналық білім беру» қоғамдық ұйымы құрылып, осы ұйымның күшімен Бостонда әйелдерге арналған медициналық мектеп ашылады. Бірақ, мамандандырылған бұл мектептің күйі 1874 жылға дейін өте нашар болады. Кейін Бостон университетіне қосылып, жағдайы біршама жақсара бастайды. 1850 жылы Анна Престон есімді әйелдің арқасында қаражат жиналып Филадельфилік әйелдерге арналған колледж ашылады. Осыдан кейін Америкада әйелдерге арнайы медициналық білім беретін бірнеше оқу орны болғанымен, көпшілігінің ғылыми тұрғыдан жабдықталуы нашар болды. Ал 1890 жылдары Швецария мен Франция университеттеріне әйелдерге білім алуға рұқсат беріледі. XIX ғасырдың екінші жартысында әйел дәрігерлер Германия және Австриядан басқа барлық батыс мемлекеттерінде көптеп пайда бола бастады. Ең көп нәзік жанды дәрігерлер саны Америка және Ресейде болды. 1893 жылғы құжаттар бойынша Ресейде ресми түрде 546 әйел дәрігер тіркелген.

Қазақтан шыққан ең алғашқы әйел дәрігер кім?

«Гүл өссе -жердің көркі, қыз өссе -елдің көркі» демекші қазақ халқы қыз бала тәрбиесіне ертеден ерекше көңіл аударған. Азия елдерінің ішінде қазақтай қыздарын еркелеткен халық жоқ шығыр. Ал қазақта әйел дәрігер қашан пайда болды?

Қазан төңкерісіне дейін қазақтан шыққан 30 дәрігер болды. 1900 жылы 25000 халқы бар Верный қаласында 15 орынға арналған бір ғана аурухана болды. 1913 жылы бүкіл Қазақстан бойынша бар жоғы 244 дәрігер , 393 – орта медициналық жұмысшы болды. Қазақ жерінде алғашқы болып Орал қалсында 1919 жылы медициналық орта мектеп ашылды. Кейін 1927 жылы осындай мектеп Қызыл-Орда қаласында ашылады. 1930 жылы Қазақстанда 6 медициналық техникум жұмыс жасады. Ал 1931 жылы Қазақстанда алғашқы медициналық жоғарғы оқу орны ашылады. Бұл әрине, Алматы қаласындағы қазіргі С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университеті. Сонымен қатар, 1950 жылы медициналық университет Қарағандыда, 1953 жылы Семейде, 1957 жылы Ақтөбеде, 1964 жылы Ақмолада, 1979 жылы Шымкентте ашылады. Сонда қазақ қыздарының арасынан алғашқы дәрігер кім және қашан болды? Қазақ жерінде медициналық жоғарғы білім беретін оқу орны тек 30-жылдары пайда болғанымен, алғашқы қазақ дәрігерлері одан ерте пайда болды.

Қазақтан шыққан алғашқы әйел дәрігер « Аққағаз Досжанова. 1914 жылы Аққағаз Досжанова Орынбордағы әйелдер гимназиясын бітіреді. 1921 жылы Ташкенттегі Түркістан халық университетінің медицина факультетін тәмәмдайды. Аққағаз Досжанованың осы білім ордасын бітірген күнін барлық қазақ зиялылары жиналып, тіпті ерекше тойлап өткізіпті. Себебі, ол тек қазақ емес, жалпы кеңестік шығыс елдерінен шыққан жоғары дәрежелі білім алған алғашқы әйел болды. Алашорда қозғалысының мүшесі.

Сонымен қатар қазақстандағы алғашқы әйел дәрігерлер : Санкт-Петербург әйелдер институтын бітірген Гүлсім Аспандиярова, Саратовтағы тіс дәрігерлік мектебін 1917 жылы бітіріп, денсаулық саласының дамуына біршама үлес қосқан Мүбина Ниязова да бар. 1935 жылы Орта Азия медициналық университетін бітіріп, қазақтан шыққан тұңғыш әйел терапевт ғылым докторы болған Сәтбаева Райхан Әбікейқызы. Ал дәрігер-гинеколог Хадиша Мырзалиева Саратов медициналық институтында білім алып, кейін медицина ғылымының докторы, профессор болады.

Автор:
Дайындаған : Мадина Омарқұлова, өз тілшіміз. Алматы қаласы.