Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Балқаш аудандық ауруханасында заманауи әдіспен операциялар жасалына бастады


3 мая 2022, 12:25 | 865 просмотров



Балқаш аудандық орталық ауруханасында алғаш рет лапароскопиялық әдіспен өт қабына ота жасалды. Операцияны аудандық аурухана директоры, медицина ғылымының магистрі Иманалиев Даурен Жұмазыұлы мен жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымының магистрі, Ұйғыр аудандық ауруханасының директоры Еликбаев Айдын Молдашұлының қатысуымен жасады.
Аталған аурухана директоры Даурен Жұмазыұлы облыстың білікті мамандарымен тәжірибе алмасу жұмысы қолға алынғанын айтады.
-Біздің ауруханаға биыл күрделі жөндеу жұмыстары жасалғаннан кейін жаңа медициналық жабдықтар сатып алынды. Соның нәтижесінде бірқатар операцияларды дәрігерлер аудан деңгейінде жасайтын болды. Ауруханада алғаш рет екі науқастың өт қабына лапароскопиялық жолмен ота жасалды. Қазір науқастардың жағдайы бірқалыпты. Сонымен қатар ауруханада маман тапшылығын шешу мақсатында Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келген бейінді мамандар аудан тұрғындарына аптасына бір рет қабылдау жүргізіп жатыр,- деді аудандық аурухана директоры Даурен Жұмазыұлы.
Лапароскопия - бұл хирургиялық араласулар мен органдардың диагностикалық зерттеулерін жүргізудің заманауи әдісі. Бұл әдіспен жасалған отадан кейін науқастың денсаулығы тез қалпына келеді.
Еске сала кетсек, іргетасы 1986 жылы қаланған Балқаш аудандық орталық ауруханасына 2022 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта аурухана 26 мыңға жуық тұрғынға медициналық көмек көрсетеді.

Автор:
ЖД новость