Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сарыөзек гарнизонында «Күшіміз бірлікте» атты әскери-патриоттық акциясы өтті


10 февраля 2022, 10:06 | 3 285 просмотров



Таяуда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің шешімімен еліміздің әскери гарнизондарындағы жеке құрамның моральдық және психологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жұмыс тобы Сарыөзек гарнизонына да келді.

 Өткізілген патриоттық акция әскери қызметшілердің жоғары моральдық рухын қолдауға, Отан қорғаушының жоғары миссиясының маңызын нығайтуға бағытталған.

Аталған іс-шараға  Кербұлақ аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бөкен Рысбеков, Қазақстан Қарулы Күштері және ауған соғысының ардагері отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиев,  гарнизон бастығы полковник Ержан Ембергенов және Сарыөзек гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің барлық жеке құрамы қатысты.

Шара басында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев әскери қызметшілердің төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті, ел тыныштығын қамтамасыз ету бойынша аса күрделі іс-шараларды атқарғанын баяндап, төтенше жағдай кезінде қаза болған Отан қорғаушыларды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.

Сонымен қатар, бұл күні гарнизонда Қорғаныс министрлігінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери тарихи музейі «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан» атты тақырыптық көрмесін ашылып, оны патриоттық акцияға қатысушылардың назарына ұсынылды. Ал ұсынылған экспонаттардың ішінде Бөгенбай батырдың дулығасы, аты аңызға айналған қолбасшылар Бауыржан Момышұлы мен Иван Панфиловтың жеке заттары үлкен қызығушылық тудырды.

– Біз бүгін аталған әскери-патриоттық акцияға қатыстық. Әскери тарихи мұражайларын тамашалап ондағы экспонаттармен танысып, тамаша әсер алдық, – деді акцияға қатысушы сарбаз қатардағы жауынгер Қуаныш Әбдіғали.

Сондай-ақ, «Күшіміз бірлікте» патриоттық акциясы аясында тәрбие құрылымдарының офицерлері әскери ұжымдардағы моральдық ахуалды зерделеу, антитеррористік операцияға қатысқан әскери қызметшілерді психологиялық оңалту бойынша кешенді жұмыстар жүргізді.

          Біздің басты құндылықтарымыз – егемен Қазақстанның бейбіт өмірі мен ашық аспаны, халықтың ауызбірлігі, экономикамыздың дамуы екенін айта кеткен жөн.

Автор:
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығымайор Абзал Сартаев