Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕН ӨМІРДІ ЖЫРЛАУ ҮШІН КЕЛГЕНМІН...


9 февраля 2022, 12:02 | 1 668 просмотров



Қазақ поэзиясының мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінің Д.Қонаев атындағы орта мектебінде аталған білім ошағының жас ұстазы Кәмшат Шынарбаеваның ұйымдастыруымен 3-4 сынып арасында "Мен өмірді жырлау үшін келгенмін" атты көркемсөз байқауы өтті. Кеш барысында ақынның өз даусымен жазылған аудиожазба тыңдалып, шығармашылығы туралы бейнефильм көрсетілді. Сондай-ақ 3 «А» сынып оқушылары Мұқағали аталарының өмірі жайлы кезек-кезек әңгімелеп берді.

Тәрбиелік мәні зор осындай әдеби кештің ұйымдастырушысы мен қатысушыларының көрсеткен өнерлерімен қоса ұлттық нақыштағы киінген көріністері келген қонақтар мен көрермендерді бірден баурап алғаны байқалды. Осы шараға Талдықорған шахарынан арнайы келген ақын, ҚР Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жангелді Немеребай мен мектеп директорының міндетін атқарушы Атайбеков Серік Болатұлы сөз алып, керемет кеш өткеніне ризашылықтарын білдіріп, көркемсөз байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Биылғы «Балалар жылы» аясындағы өткен осынау өлеңмен өрнектелген игілікті кеш өзге де білім ордаларына үлгі боларлық іс екені анық.

Автор:
Жаухар