Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Талдықорған қаласында әскери есепке тұрғызу науқаны өтуде


3 февраля 2022, 03:11 | 1 385 просмотров



Талдықорған қаласы Қорғаныс істері жөніндегі басқармасында болашақ Отан қорғаушыларды әскери есепке тұрғызу қарқынды басталды. Жыл соңына дейін жалғасатын бұл шараның мақсаты жастардың әскери қызметке жарамдылығы мен денсаулығын зерделеу.

Аталған есепке жыл соңына дейін Талдықорған бойынша 1 мыңнан астам жастар тіркелуі қажет. Қазіргі таңда әскери есепке 250-ге жуық жастар тіркелген. Тіркелу үшін Қорғаныс істері жөніндегі басқармасында медициналық тексеруінен өтуге мектептің және орта арнайы оқу орындарының 2005 жылғы бозбалалары келуде.

Алдымен бозбалалар әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексеруден өтіп, қажетті құжаттарды тапсырады. Есепке алу барысында анықталған медициналық бақылауды қажет ететін әскерге шақырушыларды емдеу-профилактикалық ұйымдарына тіркейді.

- Биыл Талдықорғанда бір мыңнан астам жасөспірімді әскери есепке қою жоспарланған. Әрбір адам тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органына жүгініп, толық ақпарат ала алады. Барлық іс-шаралардан кейін, жастарға әскери шақыру учаскесіне тіркелгені туралы куәлік беріледі. Бұл куәлік әскерге шақыру кезінде шақырылушының есепте тұрғанын растайтын құжат болып табылады, - дейді Талдықорған қаласы Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары штаб-бастығы капитан Азамат Қарашекенов.

Автор:
Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі