26 января 2022, 07:09 | 2 999 просмотров
Сарыөзек гарнизонында орналасқан Кербұлақ ауданындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде 2005 жылы туылған ер азаматтарды 2022 жылдың қаңтар – наурыз айлары аралығында әскерге шақыру учаскесіне тіркеу іс-шарасы басталды.
Әскерге шақырылуға жасы жеткен, Қазақстан азаматтарын тіркеу үшін Кербұлақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім жыл сайын мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, оларға әскери міндет туралы түсінік беріп келеді. Биылғы жылға шақыру учаскесіне әскери есепке тіркеу жұмыстары тағы да басталды.
Аталған тіркеу жұмыстары азаматтарды әскери есепке алу, олардың санын, әскери қызметке жарамдылығын анықтау мақсатында жүргізіледі.
Шара басында қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы подполковник Болат Омаров тіркелу учаскесіне келген оқушыларға азаматтарды әскерге шақырудың негізгі міндеттері мен талаптарын, сондай-ақ шараның маңыздылығын түсіндірді. Одан өзге келісімшарт негізіндегі әскери қызметтің артықшылықтарын жеткізіп, әскери оқу орындарына түсу бойынша ақпараттық жұмыстары жүргізілді.
Айта кетсек, қазіргі уақытта мектеп оқушыларын есепке алып, оларды медициналық тексеруден өткізіп, әскерге жарамдылығын анықтау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Одан басқа шақырушылармен жеке әңгіме жүргізіп, қажетті құжаттарын тексеріп, отбасы жағдайларына да аса назар аударуда.
- Біз бүгін алғаш рет әскери есепке тіркелдік. Мектепті аяқтаған соң әскерге барып сарбаз болғым келеді. Себебі Отан қорғау ердің ісі. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Оны көздің қарашығындай қорғап, шексіз сүю әр жігіттің міндеті және азаматтық борышы деп білемін, - деді әскери есепке шақырылушы Ақжан Ізтай.
Сондай-ақ барлық тексерулерден өтіп, әскери қызметке жарамды деп анықталған бозбалаларға, яғни алғашқы әскерге шақыру учаскесіне тіркелу туралы куәлік Кербұлақ ауданына қарайтын орта мектептерінің он бірінші сынып оқушыларына табысталатын болады. Аталған куәлік әскерге шақыру кезінде шақырылушының есепте тұрғанын растайтын құжат болып саналады.
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді атамекенді қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы болып табылады.