Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Әскери қызметшілер қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде


15 января 2022, 08:30 | 588 просмотров



Елімізде төтенше жағдай орын алған сәттен бастап Талдықорған гарнизонына қарасты әскери бөлімдер өз міндеттерін аса жауапкершілікпен атқарып, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету іс-шараларына жұмылдырылды.

Төтенше жағдай күндері террористер әскери бөлімдерді де айналып өтпеді. Содырлар әскери бөлімдер мен қару-жарақ сақтау қоймалары маңында оқ атып, ішке кірмекке әрекет етті. Алайда, әскери қызметшілердің қырағылықтары мен батылдықтарының арқасында лаңкес террористердің ойлаған мақсаттары орындалмады.

Қазіргі таңда Талдықорған қаласының кіреберістерінде, сонымен қатар шаһар ішіне де блок бекеттер қойылды. Ол жерде әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері  азаматтардың құжаттары мен көліктерін қатаң түрде тексеруде. Сонымен қатар, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері стратегиялық маңызды нысандардыда күзетке алған.

– Төтенше жағдай орын ала-салысымен дабыл бойынша көтеріліп, жауынгерлік тапсырмаға дайын болдық. Қазіргі таңда қаладан кіріп-шығатын жердегі блок бекеттерде автокөліктерді тоқтатып, мұқият тексерудеміз. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен бірлесіп қаланы лаңкестерден тазарту жұмыстарында жүргізуде, – деді десанттық-шабуылдау бригадасының қызметшісі капитан Азиз Анарқұлов.

Қарулы Күштер мен Ауған соғысының ардагерлері блок бекеттерде тәулік бойы қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің жағдайын біліп, азық-түлікпен қамтамасыз етті.

– Осындай қиын-қыстау сәтте күшіміз бірлікте екенін көрсетуіміз керек. Сол себепті қаламыздың тыныштығын күндіз-түні қырығылықпен күзетіп жүрген әскери қызметшілерімізге рахмет айтып, қолымыздан келегенше қолдау көрсетудеміз, – деді Алматы облысы әуе-десанттық әскері қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Еркін Ерғожанов.

Талдықорған қаласының кіреберістерінде, сонымен қатар қала ішіне қойылған блок бекеттерде қызмет атқаруға қосымша көмекке жақын гарнизондардың жеке құрамы жұмылдырылды.

Бүгінгі күні әскери қызметшілер құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, террористік операцияларға қатысып қаланы лаңкестерден тазартуда.

Автор:
Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі