Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жетісу жері қазақ халқының дәстүрлі ән, күй, жыр өнерінен кенде емес


28 декабря 2021, 10:15 | 980 просмотров



Жетісу жері қазақ халқының дәстүрлі ән, күй, жыр өнерінен кенде емес.
Жетісу жыршылық мектебін қалыптастырушы Қаблиса, Сүйінбай, Жамбыл, Құлманбет, Бақтыбай, Кенен, Үмбетәлі сынды дарабоз, жыр тарландары шыққан бұл өңірде әсіресе жыраулық өнердің шоқтығы биік тұруы тиіс.

Осыдан бір ай бұрын Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы облыстық білім басқармасымен бірлесе Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында тіл мәдениетін дамытуға және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттауға бағытталған «Жыр – жауһар» атты облыстық жас жыршылар байқауын жариялаған болатын.

Байқауға әр аудан қаладан мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы орта білім беретін мектеп, лицей, гимназиялардың оқушыларына қатысуға мүмкіндік берілді. Үміткерлердің санына шектеу қойылған жоқ.
Екі кезеңді қамтыған жыр додасына барлығы 176 үміткер өтініш білдіріп, оза шапқан 21 жас жыршы екінші кезеңге жолдама алды.

Үміткерлер І кезеңде Алпамыс, Орақты, Қобыланды батыр жырының бірінен үзінді орындаған бейнероликтерін жолдаса, жеңімпаздар бүгін сахна төрінде өнер көрсетті.

– Бұл байқаудың мақсаты жас өспірімдердің сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр жанрын, қазақ халқының батырлық эпостық жырларын насихаттау, сондай-ақ, дарынды балаларға қолдау көрсету – деді басқарма басшысы Болат Керімбек.

«Балалар байқауға дайындаламыз деп Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастандарына дейін жаттап келіпті. Бірақ, бір әттеген-айы жетісулық жыршыларды дәріптеу жағы кемшін болды.
Мәселен, бұл байқауда Қалқаның «Дана қыз», «Тұрлымбет туралы аңыз» т.б дастарын ести алған жоқпыз.
Жыр – қазақ өнерінің асыл қазынасы. «Жетісу жыр мектебі» өлмес үшін осындай тағылымды байқау ұйымдастырып отырған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына алғыс айтамын – деді қазылар алқасының төрағасы облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры С. Сарыбай.

ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қ. Байсейітов атындағы саз колледжі Дәстүрлі ән бөлімінің меңгерушісі С. Есенгельдинова, Журналист, Мәдениет саласының үздігі Н. Дутбаева сынды қазылар алқасы байқауда жырды жатқа айтумен қоса, сахна мәдениетіне аса назар аударылғандығын айтуда.

Сайыста шашасына шаң жұқтырмай оза шауып, залда отырған көрермен көзайымына айналып үлгерген райымбектік жас өнерпаз
Ақжол Мүсілім жүлделі І орынды қаңжығасына байлады.

Батырлар жырын нақышына келтіріп, жыршылар мақамымен екпіндетіп, төгілтіп жырлаған Жақыпбек Олжас пен Ерасыл Мүсілім жүлделі II орынға ие болды. Ал Айша Сейітжаппар, Ақтаң Сержанұлы III орынға лайық деп танылды.
Ынталандыру сыйлығына ие болған барлық қатысушыларға басқарманың Алғыс хаты мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Автор:
Шалкар Оразбаев