Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жас сарбаздықтар ант қабылдады


24 декабря 2021, 08:03 | 1 516 просмотров



Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай,  Сарыөзектің оқушыларын  «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» ұйымына қабылдау және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубына кадет сыныптарының «Біз Мәңгілік ел – ұландарымыз!» атты салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті.

 

Шара басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы ортаға шығарылып, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының әнұраны орындалды.

Сондай-ақ, жиынның ең жауапты сәті, ант қабылдау рәсімі өткізіліп «Жас қыран» және «Жас ұлан» ұйымы қатарына қабылданушы оқушылары ортаға шығып, оларға Еліміздің туымыз түстес көгілдір галстук және төс белгілері табысталды.

Шара барысында кадет сыныптарының оқушылары да салтанатты түрде ант қабылдап, оларға «Жас сарбаздар» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» мүшесінің куәліктері берілді.

Өз кезегінде жас сарбаздықтар мектеп қабырғасында алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдары мен саптық дефилесі көпшіліктің назарына ұсынылды.

Одан басқа, оныншы сынып оқушылары қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін көрсетіп, жиналғандарды тәнті етті. 

Бүгін біз үшін қуанышты күн. Біздің жерлестеріміздің даңқты ерлігі өнегесі негізінде ерлікке үйренуге және Отанға шексіз қызмет етуге ант етеміз, деді ант қабылдаған жас сарбаз Ақзере Қырықбай. 

          Қазіргі уақыта Сарыөзек орта мектебінде Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев атындағы екі «Жас сарбаз» сыныбы жұмыс істейді, онда болашақта Отан қорғаушылар қатарын толтыратын балалар тәлім алып келеді.

Аталмыш іс-шараға аудандық білім бөлімінің әдіскері Талғат Сыздықов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы подполковник Болат Омаров, Ауған соғысының ардагері отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиев, Сарыөзек орта мектебінің директоры Салтанат Имұхамбетова, Кербұлақ ауданына қарайтын мектептердің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері және сондай-ақ оқушылардың ата-аналары мен Сарыөзек гарнизонының өкілдері қатысып, жас сарбаздықтарды айтулы мерекелерімен құттықтап, игі тілектерін білдірді.

Автор:
Сарыөзек гарнизоны бапасөз қызметінің бастығы майор Абзал Сартаев