24 декабря 2021, 08:02 | 1 417 просмотров
Сарыөзек гарнизонында орналасқан шабуылдау бригадасына күзде әскерге шақырылған жас сарбаздар Қазақстан Қарулы Күштері және Ауған соғысының ардагері отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиевпен кездесуі өтті.
Іс-шара жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, Отанға, елге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.
Жарқын жүздесу барысында ардагер Шерғали Нұрғалиев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызмет еткен уақытындағы қызықты оқиғаларына тоқталып, олар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Патриоттық тәрбие беру сарбаздардың саналы көзқарасын қалыптастыру деген сөз. Отанға деген патриоттық сезімді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – біз үшін басты мақсат, – деді ардагер.
Сондай-ақ кездесу барысында мерзімді әскери қызметшілер ардагерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
– Әскери патриоттық тәрбиенің алар орны ерекше. Аға ұрпақтың лайықты мұрагері болу үшін жастарға халқымыздың Отан мүддесі жолында жасаған ерлік, батырлық істерінің ұлылығын жеке құрамға жете түсіндіру ол біздің міндетіміз, – деп түсіндірді батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары капитан Сәкен Мұхамедияров.
Ардагер де, әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, алда келе жатқан еліміздің Тәуелсіздік – ұлттық ұлы мейрамымен құттықтап, Отан қорғау істеріне сәттілік тіледі.