Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Облыстық ауруханада травматология және нейроинсульт бағыттары бойынша ахуалдық орталық ашылды


16 декабря 2021, 13:19 | 1 531 просмотр



Алматы облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің дамуы жолындағы маңызды оқиға орын алды. Бүгін Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада травматология және нейроинсульт бағыттары бойынша ахуалдық орталық ашылды. Орталықта ақпаратты қабылдау және беру үшін заманауи цифрлық мүмкіндіктері бар жедел-диспетчерлік сектор бар. Бұл – аймақта қандай да бір төтенше жағдай орын алған жағдайда шұғыл ұйымдастыру шаралары үшін барлық жедел ақпарат жинақталатын штаб болып табылады. Мамандар кез келген төтенше жағдай орнынан, емдеу мекемесінен арнайы видеоқоңырау жасап, кез келген республикалық емхананың мамандарымен бейне-байланыс арқылы байланыса алады.
Облыстық аурухана директоры, PhD, MD. докторы Анарбек Монголдың айтуынша, мұнда IP-телефония жабдығын пайдалана отырып, бейнеконференцияларды және тікелей төтенше жағдайлар туралы есептерді дайындау және беруде автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді.
Жедел диспетчерлік орталықтың қызметкерлері арнайы картадан барлық жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын көре алады. Бүкіл жедел жәрдем жүйесі ауылдық жерде де, қалада да ортақ жұмыс істейді. Бұл дәрігерлердің әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартуға және төтенше жағдайлар болған жерге өте жылдам жетуге мүмкіндік береді.
Талдықорған облыстық ауруханасы базасындағы Ахуалдық орталық облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, Нур-Султан қаласындағы Н. Батпенов атындағы республикалық травматология және ортопедия ғылыми институтымен келісіле отырып ашылды.
Ахуалдық орталық – жол-көлік оқиғаларынан кейінгі кешенді медициналық көмекті күшейтуге және жақсартуға, травматологиялық жарақаттардың алдын алуға арналған бағдарламалық-техникалық құралдардың тұтас кешені. Алдағы уақытта ахуал орталығы облыстағы жарақаттар санын азайтып қана қоймай, медициналық көмек көрсетуді де жақсартпақ.