Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тәуелсіздік құрдасы – Отан қорғау жолында


13 декабря 2021, 13:24 | 1 526 просмотров



Азаттық таңы атқанда дүниеге келген азаматтар бүгінде қоғамның әр саласында еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Егемен Еліміздің төл құрдастарының бірі – кіші сержант Ұлан Атымбаев.

Арайлы азаттық таңымен таласа туған кіші сержант Ұлан Атымбаев мектеп қабырғасында оқып жүргенде әскери адам болуды жаны қалағанын айтады. Алдына мақсат қойып, еңбектенеді. Отан алдындағы қасиетті борышын 2009-2010 жылдары Ақтау қаласында өтеген. Қызмет кезінде шекара бұзушыларды ұстағаны үшін «Шекара қызметкері» 2-дәрежелі медалімен марапатталған. Әскерден келген соң 2011-2020 жылдары Талдықорған қаласындағы 18404 десанттық-шабуылдаушы бригадасында келісімшарт бойынша аға маман, аға барлаушы, аға мерген қызметін атқарған. Ол 2015 жылы – Тәжікстанда, 2017 жылы – Арменияда, ал 2019 жылы Орынбор қаласында өткен оқу-жаттығу шараларына қатысып, көп тәжірбие жинап, шыңдалған жігіт.
Ол бүгінде 55078 әскери бөлімінде жүргізуші маман болып жемісті еңбек етуде. Отбасының тұңғышы Ұлан ата-анасының арқа сүйер ұлы ғана емес, өзінен кейінгі ініге қамқор аға, бір отбасының отағасы, ардақты әке.
– Бала кезімде әкем мен анам маған сен біздің еліміз үшін ерекше күнде туған ұлсың деп жиі айтып отыратын. Кейіннен бұл күннің неге ереше күн екенін біліп, түсінгенде, әрине, өзімде ерекше толқып, қуандым. Жас кезімде Тәуелсіздіктің мәнін жете ұғына алмаған болармыз бәлкім. Қәзір есейе келе барлық игіліктердің тәуелсіздіктен басталатынына көзіміз жетіп келеді. Өзімдей жас мемлекеттің өркендеуіне өз үлесімді қосуға дайынмын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінің табалдырығында тұрып, осындай бірлігі мықты елде туғаныма қуанамын. Егемен еліміздің ертеңіне қызмет етуді мақтаныш тұтамын. Туған жерімнің өркендеуіне үлес қосуды перзенттік парызым деп санаймын, – дейді елімен бірге есейген кіші сержант Ұлан Атымбаев.

Автор:
Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі