Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бүркіт – киелі құс


11 февраля 2011, 07:52 | 6 181 просмотр



Қыран құстың жадағайын қазақ төріне іліп қоятын. Бүркітті ежелден «қасиетті құс» деп қастерлеп, «дала сермеңдесі», «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп құрмет тұтты. Елімізде бүркіт көбінесе Алтай, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау таулары мен орман алқаптарында кездеседі. Бүркіт – жыртқыш құс. Бүркітті ақиық, мұзбалақ, қараша, көктабан, шөгел, көк бүркіт, су бүркіт, дала бүркіт, тау бүркіті деп атайды.Бүркіттің түсі қоңыр. Салмағы 4 килограммға дейін барады. Дене тұрқы – 95 сантиметрге дейін болса, жайған қанаты 2 метрге дейін жетеді. Қанатының шеткі қауырсындарын шалғысы деп атайды. Ал құйрығының ортасындағы екі қабат әлді қауырсынын «көбесі» деп, қалғандарын «жебесі» деп атайды.

Аяғы 4 саусақты, оның артқысын «тегеуріні», ішкісін «жем басар», ортаңғысын «сығымы», шеткісін «шеңгелі» деп атайды. Бүркіт суыр, қоян, түлкі, борсық аулайды. Тұяқты жануарлардан ақбөкен, елік, таутеке, қара құйрық секілді аңдардың төлін жейді.

Ол таудың биік қияларына сексеуіл, тораңғы, тағы басқа ірі бұта, ағаш басына нау-

рыз-сәуір айларында жұмыртқа салып, 45 күнде балапан басып шығарады. Мен көбінесе балапанын ұядан емес, жаңадан ұшыра бастаған кезінде қолға түсіріп, бағып жүрмін. Қара қанат болған кезінде баққан дұрыс.

Қазақ бүркітті ерте кезден ұстаған. Аңшылыққа үйреткен. Алғашында қолынан жем жеуге дағдыландырған. Содан кейін құсты алыста тұрып шақырып, өздігінен келіп жем жеуге баулыған. Мұнан кейін ат үстінде тұрып жемді көрсетіп, шақырып, қолына келіп қонуды үйретеді. Содан соң құсқа жемді аң терісінің үстіне қою арқылы алғызып үйретеді. Бүркіт аңға үш тәсілмен – шаншыла, сыпыра және іліп түсу арқылы түседі.

Бүркітті қолға үйретіп, аңға салу үшін қажетті бұйымдар: томаға, тамақ бау, балақ бау, балдақ болады. Әрқайсының өз қызметі бар.

Автор:
Бағашар НАУРЫЗБЕКОВ, бүркітші. Алматы облысы.