Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Теңсіздікті жойып, ЖИТС-ті тоқтатайық!


23 ноября 2021, 08:10 | 1 606 просмотров



Елімізде 15 – 25 қараша аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай «Әрбірін түсіну. Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату» ұранымен онкүндік науқан жүріп жатыр.
Алматы облысы бойынша 1993 жылдан бері АИТВ инфекциясымен 3967 жағдай тіркеліп отыр, оның ішінде 14 жасқа толмаған балалар саны 66 жағдайды құрайды. Осы тіркелгендердің 34,5 пайызы - есірткіні ине арқылы тұтынушылар, 60 пайызы - жыныстық қатынас арқылы, 1 пайызы -гомосексуальдық жолмен, 0,3 пайызы анадан-балаға жұқтырғандар болып отыр. Жас айырмашылығына көңіл аударсақ, ең басым тобы 20-49 жас аралығы, 86 пайызды көрсетеді.
Әр облыста ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес орталықтары жұмыс жасайды. Орталық мамандары тұрғындар арасында АИТВ инфекциясын алдын алу, эпидемиологиялық қадағалау және емдеу жұмыстарын атқарады. Ол жұмыстар, атап айтқанда: АИТВ жұқпасы жайында кеңестер, тегін тестілеу, инфекцияны анықтап, тасымалдаушыларды есепке алу, антиретровирустық препараттармен емдеу, эпидемиологиялық қадағалау жүргізу. Облыста АИТВ инфекциясы жиі кездесетін аудандарда, халықтың осал топтарына 9 сенім бекеті, 2 достық кабинеті ашылған. Бүгінгі күнде 2400-ге жуық осал топтарға қызмет атқарылады. Оларға АИТВ-дан бөлек, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жайлы ақпараттандыру, жедел тестілеу, бір реттік шприцтер, спирттелген сүрткі, мүшеқаптар тегін таратылып отырады. Бұл атқарылған жұмыстарды «Зиянды азайту» деп атаймыз.
Жоғарыда аталған эпидемиологиялық жағдайға қарап, жыныстық қатынас арқылы жұғу жолы айтарлықтай орын алуына байланысты, аудан жастарына алдын алу шаралары тұрақты жүргізіліп отырады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғын халыққа ақпарат таратып, бейнежазбалар көрсетіп, АИТВ инфекциясын алдын-алу тақырыбында семинар өткізіп отырамыз. Әлеуметтік желілерге жиі жаңарту енгізіп, жастарға барынша қызығушылық танытамыз. Білім беру мекемелерінде жоғарғы сынып оқушылары үшін биология пәнінде АИТВ туралы арнайы сағаттар бөлінгендіктен, сабақтар да өтіп жатады.
Одан бөлек, ірі және орта бизнес қызметкерлері мен жұмысшылары арасында, әскери қызметкерлер, құқық қорғау қызметкерлері де ақпараттандырылады. Бас бостандығынан айрылғандар арасында да ағарту жұмыстары жүргізілуде. Ал тұрғындар арасында жылына екі рет мамыр, қараша айларында Дүниежүзілік ЖИТС-тен қайтыс болгандарды еске алу және ЖИТС-ке қарсы күрес науқандарын өткізу тұрақты дәстүрге айналған.
Үстіміздегі жылы, әлемде ЖИТС-пен ауырғандардың алғашқы жағдайлары тіркелгеніне 40 жыл толғандықтан, биылғы науқан тақырыбы «Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату» болып отыр. Науқан кезінде үкіметтік емес ұйымдар мен аудандық медициналық мекемелер, аудандық Жастар денсаулық орталығымен бірлесіп тұрғындарға, халықтың осал топтарына Ашық есік күндері ұйымдастырылып, АИТВ-ға жедел тестілеу жүргізіледі, брошюралар таратылады, жастармен АИТВ туралы акция, алуан түрлі сайыстар мен спорттық жарыстар, флешмоб жасалады, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде челендж жарияланады. Барлық алдын алу шаралары және емдеу істеріне үкімет тарапынан қаражат бөлінгендіктен, барлық іс-шара тегін.
АИТВ инфекциясы жыныстық қатынас арқылы, қан арқылы, анадан балаға жүктілік, босану, емізу кезінде ғана жұғады. Бұл инфекция адамның иммундық жүйесін бұзу арқылы өз дегеніне жетіп, емделмеген жағдайда өлімге соқтырады. Инфекция көзі қоршаған ортада төзімсіз болғандықтан, тұмау, коронавирус сияқты ауа арқылы жұқпайды. Сондықтан, АИТВ жұқпасын тасымалдаушы науқаспен араласып, бірге өмір сүруге әбден болады. Жоғарыда атап айтқан антиретровирустық препаратты уақытылы қабылдап отырса, науқастың өміріне қауіп төнбейді. Сондықтан тасымалдаушы немесе науқастан қорқып, алшақтау, кемсітудің қажеті жоқ.

Автор:
Гүлмира Жақанова,Алматы облыстық ЖИТС орталығы алдын алу бөлімінің меңгерішісі