Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Әскерилер оқушылармен ерлік сабағын өткізді


17 ноября 2021, 11:24 | 1 711 просмотров



Жаркент гарнизонындағы барлаушылар полкының әскери қызметшілердің отбасымен жұмысты ұйымдастыру қызметі Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушыларымен «Ерлік елге мұра – ұрпаққа ұран» атты ерлік сабағын өткізді.
Тәрбие сабағына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлер төрағасы запастағы майор Алтай Күдеров, Ливан Республикасында Бітімгершілік миссиясына қатысқан аға сержант Рауан Отарбаев және әскери бөлімнің біршама әскери қызметшілері қатысты. Ерлік сабағы «Ерлік елге мұра – ұрпаққа ұран» тақырыбында өтті.
Оның мақсаты Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап өткен басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру болды.
Сабақ барысында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдағы Қарулы Күштерінің жетістіктері туралы көрсетілім ұйымдастырды.
Оқушылар көрсетілімді тамашалап, аса ыждағатпен тыңдады. Сонымен бірге оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Сондай-ақ жиынға қатысқан қонақтар сөз сөйлеп, Отан әр азамат үшін маңызды екенін, оқушыларды рухтандыратын сөздерді айтып, бабалардың ерліктері өскелең ұрпаққа мәңгі үлгі болып қала беретінін жеткізді.
- Жас ұрпақты тәрбиелеу біздің парызымыз. Биыл тәуелсіздігімізге отыз жыл толады. Енді осы тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, сақтап қалу болашақ жастар – біздің қолымызда екенін ұмытпаған жөн, - деп түсіндірді жиынға қатысқан ардагер Алтай Күдеров.
Шара соңында мектеп сынып жетекшілері мен оқушылар әскери қызметшілерге ризашылығын білдіріп, ел қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.

 

Автор:
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығымайор Абзал Сартаев