Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«Айбын» жас сарбаздары ант қабылдады


26 октября 2021, 09:49 | 1 375 просмотров



Сарыөзек ауылының Күреңбел орта мектебінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай  «Жас сарбаз» сыныптарының «Біз Мәңгілік ел – ұландарымыз!» атты ант қабылдау шарасы өтті.

Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балалардың жан-жақты білімді де білікті болып қалыптасуы үшін «Жас сарбаздар» әскери патриоттық қозғалысын құруды тапсырды.

Осыған орай Кербұлақ ауданында балалар мен жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру жөніндегі штабын құру туралы қаулы бекітіліп, аудан мектептеріне балалар мен жасөспірімдер арасында әскери-патриоттық «Жас сарбаз» клубы құрылды.

Салтанатты іс-шараға  ауданның білім бөлімінің басшысы Қайсар Сейітқанов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы подполковник Болат Омаров, Кербұлақ ауданына қарайтын мектептердің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері және Ауған соғысының ардагерлері, сондай-ақ оқушылардың ата-аналары мен Сарыөзек гарнизонының өкілдері қатысып, жас сарбаздықтарды айтулы мерекелерімен құттықтады.

Шара басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы ортаға шығарылып, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының әнұраны орындалды.

Сондай-ақ, шара барысында жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдап, оларға «Жас сарбаздар» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» мүшесінің куәліктері табысталды.

Өз кезегінде жас сарбаздар мектеп қабырғасында алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті.

  • Біз бүгін халық алдында ант қабылдадық. Еліміздің нағыз патриоты болуға, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарымызды қастерлейтін рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыруды көздейтін азамат болып өсуге сенім білдіреміз, - деді ант қабылдаған жас сарбаз Бексұлтан Орынбек.

          Айта кету керек, биыл Тәуелсіздігіміздің ордалы 30 жылдығы. Осы уақыт ішінде халықтың еркін санасы қалыптасып, егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы өсіп келеді.

Автор:
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығымайор Абзал Сартаев