Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қатарынан оқ бойы озық кәсіпкер


15 октября 2021, 05:40 | 1 380 просмотров



Біреу білсе, біреу білмес, Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында құрылысқа ең қажетті дүние «Пескоблок» қышын өндіретін цехтың барын. Бәсекелестік артқан заманда қатарынан қалмай, ортасынан оза шыққан жаскәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Бласов Бекет Жайлаубекұлы шағын цехты ашып, оның жұмысын жүруі жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей тынымсыз жүгірген еңбегі босқа кетпей, түрлі тапсырыстар қабылдап, өз кәсібін дөңгелетуде.

Кәсібінің өсіп – өркендеуі жолында бар күшін салып жүрген Бекеттің ісі мақтауға да, өзгеге үлгі ғып ұсыныуға тұрарлық жайт десем болады. Құрылыс салу ісі қарқын алған мына заманда пескоблок қышын таныстыру артықтау шығар. Дегенмен, алдымен пескоблок дегеніміз не, қысқаша тоқталып кетсек. Пескоблок – цемент, құм және карьер қиыршық тасын араластырып жасалынатын құрылыс материалы. Ол от пен суға төзімді, жарамдылық мерзімі – 60-70 жылға дейін. Бұған қоса ол жылуды бойында ұстайтын құрылыс материалы. Бүгін ағымдағы жылдың қазан айының 11 күні Атамекен ҰКП Алматы Облысы, Қаратал ауданы филиалының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Құсайынов Фархатпен бірге Үштөбе қаласының бұрынғы көкөніс сақтау базасының алаңында орналасқан «Дияр» жеке кәсіпкерлігінің өндіріс орнына арнайы ат басын бұрып, құю цехының жұмысын ұлғайту мақсатында жаңадан алынған құрал – жабдықтарын көріп, болашаққа деген жоспарларымен танысып қайттық. Есіктен кіре бергеніміз сол еді, ат шаптырым жердегі қайнаған қызу тірліктің ортасына түстік. Біреудің біреуге қарауға уақыты жоқ. Бірі су тасып, бірі қоспаны араластырып, енді бірі құйманы қалыпқа құйып жатыр екен. Тіпті, біздің кіріп келгенімізді де аңғармады. Бізді осы цехтың иесі Бекет Жайлаубекұлы өзі қарсы алды.
- Әрине істі бастағанда баста қиыншылық болғаны рас. Қазір бәріне үйрендік. Цехта 3 жұмысшы бар. Барлығы дерлік нағыз мамандар. Әзірге, күніге 500 дана пескоблоктың 20х40см көлемін өндіреміз. Биіктігі – 20 см. Арнайы қалып бар. Өнімнің бағасы бір данасы - 220 теңгеден. Әр ауданнан, ауылдардан тапсырыс қабылдаймыз. Осылайша, кент тұрғындарын осы өніммен қамтамасыз етіп отырмыз. Шүкір тапсырыстар жетерлік. Тапсырыстың 70 пайызы аудан орталығы Үштөбе қаласынан десем де болады. Өзіміздің жеке көлігімізбен жеткізіп береміз. Цех жұмысшылары жаздың ыстығына, қыстың суығына да шыдап, күндіз-түні тынбай еткен еселі еңбектің арқасында көптің көңілінен шығуда. Кәсіпкердің айтуы бойынша, осы уақыт аралығында тұтынушылар тарапынан еш шағым түспеген. Бұл да бір еңбектің еленгені.
– Негізінен бұл пескоблокты үй, гараж, сарай салуға пайдаланады. Ракушка мен кірпішке қарағанда жылы. Кез келген жағдайға төзімді. Ендігі жоспарымыз – күніге 10 мың дана шығару. Оған қажетті құрал жабдықты да сатып алып қойдық. Алла қаласа жақын арада бұл жұмысты да бастаймыз әлі өздеріңіз куә боласыздар, сонымен қатар тағы да қатарымызға аудан халқын жұмыспен қамту мақсатында жұмысшы қосқымыз келіп отыр деп жымиып қойды кәсіп иесі. Цехтағы жұмысшылар да басшысының адалдығы мен әділдігіне дән риза. Маңдай термен, толассыз еңбектің арқасында келген нан қашанда тәтті емеспе.
PS: Тапсырыс берушінің қалауын орындап, әрбір тұтынушының ұсыныс-талабын ескеру – үлкен шеберлікті қажет етеді. Бірлігі жарасқан ортада қашанда берекелі дүние шығары айтпаса да айқын.
Қалың жұрт игілігі үшін қызмет етіп жүрген осындай іскер азаматтарға тек еңбегінің жемісін көру жазсын демекпіз.

Автор:
К.Т. Абенов,Атамекен ҰКП Алматы облысы, Қаратал ауданы филиалының мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңесшісі