Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АТАҢНАН МАЛ ҚАЛҒАНША, ТАЛ ҚАЛСЫН


15 октября 2021, 05:38 | 1 255 просмотров



Тәуелсіздігіміз – басты байлығымыз. Оны тиісінше бағалау, қадіріне жетіп, жас ұрпақ санасына сіңіру біздің алдымыздағы басты міндет. Бұл тарапта ел көлемінде біраз ұлағатты іс-шара ретімен жүзеге асырылып жатқаны да шындық. Бұл шаруада Қаратал ауданы да қалыс қалып отырған емес. Әулиелер мекеніне баланған киелі өңірде ұлт пен ұрпақ тәрбиесінде үлкен мәнге ие иігілікті жұмыстар, өнегелі де өрелі істер жалғасуда.

Жолбарыс батыр ауылдық округінде жыл басынан бері біраз шаруаның басы қайырылды. Жергілікті басшылық тарапынан, ауыл азаматтарының өз күшімен де көптеген игілікті шаралар атқарылғанын көз көріп, көңіл қуанды. Мәселен, соның бірі мына бір ұлағатты шаруа. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай, 30 игі іс қайырымдылық марафоны аясында Жолбарыс батыр ауылдық округіндегі «Кемел Тоқаев» атындағы алма бағына ауыл тұрғыны Орынбек Сағынбаев есімді азамат өз қаражатын шығарып, 400 түп емен, тағы да сонша түп терек отырғызды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ауыл азаматтары бұл істе немқұрайлылық танытқан жоқ. Қайта ортақ істе, болашақтың қамын күйттеген игі шаруада ауызбірлік танытып, жабылып кетіп жұмысты аяқтады. Бұл теректер бүгін отырғызылса, оның рахатын ертең жас ұрпақ көрмей ме? Оның саясында ертең желкілдеп өсетін қыз-жігіттер отырып, ағалардың аялы қамқорлығына рахметін айтпай ма?
«Кемел Тоқаев» атындағы алма бағының жемісін бала кезден жеп өстік. Осы бақта әкеміздің де іздері сайрап жатыр десе де болады. Бұрын марқұм әкеміз сол жерде жұмыс істеп, жас алма ағаштарды суаруға өз үлесін қосты. Ол кезде баламыз ғой. Әкемізбен бірге еріп баратын едік. Сол күннің барлығы қазір көрген түстей, сағымдай артта. Бірақ, қазір жайқалып, өсіп тұрған жеміс ағаштары сол күннен қалған бір белгідей болып қалды. Әкем мұрап болып, осындағы алма ағаштары бар, басқа да жеміс ағаштарын суаратын. Соңғы жылдары, өкінішке қарай, мұндағы біраз ағаш тозып, бақтың сәні қашып бара жатыр еді. Мұндай көңілсіз көрініс ауыл тұрғындарының жанына батып жүргені де анық еді. Алайда, елу жылда ел жаңа деген. Міне, жақсылықтарға орай, алма бағына жан біткендей болып жатыр. Бұл өте қуанышты жайт. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін текті тәмсіл бар еді ғой. Қоршаған ортасын, айналасындағы табиғаттың адам өміріндегі рөлін ертеден ойлаған бабалар осындай мәтелдерді жас ұрпақтың санасына сіңіріп кетті. Жаңадан отырғызылған теректермен бірге алма бағындағы басқа да жеміс ағаштары жарыса, жайқалып өссе деген тілегіміз бар. Болашақта ауылымыз осындай жасыл желекке оранса, оның қызығын бірнеше ұрпақ көретін еді. Иігілікті істер жалғасын тапса, нұр үстіне нұр дейміз.

Автор:
М. МҰҚАШҰЛЫ