Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Басты міндеті - сапалы медициналық қызмет


15 октября 2021, 05:30 | 1 184 просмотра



Бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудағы басты бағыттың бірі, сөзсіз, денсаулық сақтау саласы екені анық. Дәлірек айтсақ, осынау әлеуметтік маңызы зор саланың дамуы, ел әлеуетінің артуына тікелей септігін тигізетін тетік саналады. Бұл ретте, әсіресе, аудандар мен ауылдардың жай-күйі басты орында десек қателеспейміз. Осыған орай, біз Қаратал аудандық орталық ауруханасының директоры Біржан Құмаровпен өңірдегі және жалпы елеміздегі денсаулық сақтау саласы жайлы, саладағы түйінді мәселелер төңірегінде аз кем сұқбаттасқан едік.

- Сөз басын қысқаша өмірбаяныңыздан бастасақ?..
- Мен, Құмаров Біржан Асқарұлы 1969 жылы сәуірдің 7-ші жұлдызында Қаратал ауданында, Үштөбе қаласында дүниеге келдім. Білімім – жоғары. 1987 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтына түсіп, 1994 жылы емдеу ісі факультетін аяқтадым. Еңбек жолымды 1994 жылы бастаған едім. Сол жылдан 2003-ке дейін Павлодар қаласының қалалық ауруханасында ординатор-дәрігер болып травматология бөлімшесінде жұмыс істедім. Содан кейін 2003 жылдан 2006 жылға дейін Талдықорған облыстық ауруханасында травматолог-дәрігері болып қызмет жасадым. 2006 жылдан 2009 жылға дейін нейрохирург-дәрігері болып ауыстым. 2009 жылы ақпанның 20-шы жұлдызынан 2009 жылдвң сәуірдің 14-ші жұлдызына дейін Талдықорған қаласының облыстық ауруханасында травматология бөлімнің меңгерушісі болып тағайындалдып қызмет атқардым. Содан, 2009 жылдан бүгінге дейін Қаратал аудандық орталық ауруханасының директоры лауазымын атқарып жүрмін. Қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша жоғары санатты дәрігермін. Денсаулық сақтау ісіндегі еңбегіміздің еленгені болар, бірнеше рет құрмет грамоталарын алдым. Мұның сыртында алғыс хаттармен де марапатталдым. Мұның барлығы ақ халат киген абзал жандардың еңбегіне берілген баға деп білемін. Өйткені, біздің істе нағыз өз жұмысын сүйіп істейтін, қызметіне адал азаматтар еңбек етеді. Тіпті, нағыз жанкешті қызметкерлер осы денсаулық сақтау саласында десем, еш артық айтқандық болмайды. Нұр Отан Халықтық демократиялық партиясының мүшесімін. 2013 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», 2015 жылы «Қазақстан мәслихаттарына 20-жыл» медальдарымен марапатталдым. Не істесем де, халық игілігі үшін істеймін.
- Өзіңіз тізгінін ұстаған аурухананың тыныс-тіршілігі туралы не атуға болады?
- Қаратал аудандық орталық аруханасы 1978 жылы салынған. Қазіргі таңда ауданда күніне 500 адам қабылдайтын емхана, 145 төсектік аурухана, 5 дәрігерлік амбулатория, 15 орынға арналған 1 ауылдық аурухана, 6 фельдшерлік-акушерлік пункті және 14 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Аудан бойынша барлығы 68-дәрігер, 309-медбике жұмыс істейді. Аудандық аурухана «Б» блогын күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау бойынша ашық конкурс жариялап, «АСК Ауыл-құрылысы» ЖШС (804,4 млн. теңге) конкурс жеңімпазы деп танылды. Қазір құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
- Ауруханаларыңызда мамандар жеткілікті ме? Қазір білікті кадр мәселесі өткір де өзекті болып отырғаны жасырын емес...
- Ауданда жас мамандарды, әсіресе, дәрігерлерді тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Мәселен, 2020 жылы дәрігерлер үшін 3 пәтер бөлінді. Биылғы жылы да 3 пәтер берілді. Жыл сайын бос орындар жәрмеңкесіне қатысып дәрігерлерді жұмысқа шақырамыз. Осыған қарамастан кадр тапшылығы бар. 6 дәрігер, атап айтсақ, отоларинголог, екі жалпы теориялық дәрігер, анестизиолог-реаниматолог, кожвенеролог және невропатолог керек.
- Сізді тәжірибелі маман деп танимыз. Кеңес одағында, кейін еліміз егемендігін алған шақта да талмай еңбек етіп келесіз. Осы екі аралықтағы денсаулық сақтау саласының сапасы, жалпы артықшылығы мен кемшіліктерін салыстыра отырып айта аласыз ба?
- Посткеңестік құлдырау кезеңінде бізде дәрігер кадрлардың тапшылығы басталды. Сонымен қатар, материалдық-техникалық қамтамасыз ету проблемалары да белең алған. Тіпті, дәрі-дәрмектер мен таңғыштар да жоғалып кетті ғой. Науқастар емханаларға мақта, таңғыш, шприцтер, дәрі-дәрмектерді өздері алып келуге мәжбүр болғанын көз көрді. Ауруханаларда да осындай жағдай. «Бүгінде дәрігерлер де, пациенттер де «МИС Жетысу» және басқа да мобильді қосымшалар мен ақпараттандыруға үйреніп қалған. Бір кездері мобильді қосымшалар, компьютерлер болған жоқ. Көптеген медициналық ұйымдар жабылды: шағын ФАП, аудандық ауруханалар. Қаржыландыру болмады, жалақының жағдайын өзіңіз де білесіздер. Ел экономикасының өркендеуімен денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары да қолға алынды. 2004 жылы онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау үшін скринингтер жүргізіле бастады. Жүрек, қан тамырлары ауруларын, сондай-ақ, қант диабетін анықтау мәселесі оңтайлы шешілді. Біртіндеп емханалар мен стационарлар медициналық жабдықтармен және аппаратурамен жабдықталды.
- Қазір денсаулық сақтау саласындағы білім беру мәселесіне көп сын тағылатыны жасырын емес. Еліміздегі медициналық ЖОО – лардағы білім беруге қатысты ойыңыз қандай?
- Бұл сұраққа жауап беру қиын, бірақ бүгінгі таңда Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары заманауи медициналық техникамен жабдықталған. Сондықтан, жоғары оқу орындарының әлеуеті зор деуге болады.
- Өз ісінің хас шебері атану үшін жас маманға қандай қасиеттер қажет?
- Медициналық қызметкерге қойылатын басты талап - оның науқасқа адамгершілікпен қарауы. Дәрігердің толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жеке қасиеттердің жиынтығы бар. Ол - моральдық-этикалық, адалдық, әдептілік, жауапкершілік, адамгершілік, мейірімділік, сенімділік. Ақ халатты абзал жандар осындай қасиеттерге ие болуы тиіс деп есептеймін.
- Өзіңіз басқаратын ұжымның алдына қандай талаптар мен мақсаттар қоясыз?
- Ең бірінші және негізгі міндет – халыққа медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту. Менің басты міндетім - адамдар зардап шекпей, толық емделуі үшін мекеме қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін қалыпты орындауын бақылау. Әрине, аудандық аурухананың кадрлық құрамын жақсарту, яғни бізге жұмысқа қажет мамандарды тарту. Бізге аурухананың теңгеріміндегі барлық құрылыстар мен үй-жайларды ретке келтіру қажет. Азаматтар өздеріне деген қалыпты қарым-қатынасты, сапалы медициналық көмек көрсетуді және емдеуді көріп, сезінсе, олар менің жұмысыма да, аурухана ұжымының бүкіл жұмысына да баға береді деп сенемін. Менің ойымша, басты проблеманың бірі - кей мамандар тапшылығы. Атап айтсақ, реаниматолог, гинеколог және басқалар. Бұрын біз бастапқы мамандандыруды тауып, 3-6 ай бойы кез келген мамандыққа қайта даярланып келдік. Болон конвенциясына кіре отырып, біз басқа мамандыққа қайта оқу үшін 2-3 жыл резидентурадан өтуіміз керек. Цифрландыруды енгізумен барлығы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуді күтті. Бірақ іс жүзінде ол басқаша болды. ҚР ДСМ 20-дан астам ақпараттық жүйесі бар. Оларды күн сайын медицина қызметкерлері толтыруы керек, бұл жұмыс уақытының 2/3 бөлігін алады. Негізгі жұмысқа уақыт өте аз қалады.
- Жалпы, елімізде жүзеге асырылып жатқан медициналық реформалар жайлы не ойлайсыз?
- Менің ойымша, денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік реформалар дұрыс бағытта жүріп жатыр. Күтілетін нәтижелерге қол жеткізу үшін уақыт керек.
- Біздегі денсаулық сақтау саласының болашағын болжауға бола ма? Саладағы қандай бағыттарға басымдық беріледі және олардың даму тенденциясы турасында не айтар едіңіз?
- Бүгінгі таңда ғылыми және инновациялық медицина өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Қазақстандық медицина да әлемдік үрдістерден қалыс қалмайды. Мысалға, Алматы, Нұр-сұлтан және басқа қалалардағы заманауи клиникалардың мол мүмкіндіктері жүрекке ашық операциялар жасауға және әртүрлі интервенциялық араласуларды орындауға мүмкіндік береді. Меніңше, әрбір клиника толыққанды емдеу үшін барлық қажетті жабдықтармен жабдықталуы тиіс. Бүгінгі таңда көптеген денсаулық сақтау мекемелері өзін осы позициядан көрсете алмай тұр. Медициналық қызметкерлер үшін де нақты мотивациялық бағдарлама болуы керек және қаржы ағындарын тиімді таратуы керек деп есептеймін. Мұның бәрі клиниканың жұмысын табысты етеді. Өз кезегінде пациенттер сапалы ем алады.
- Сіздердегі басты дүние сапалы, заманау жабдықтар емес пе? Мемлекет осы жағынан қалай қолдап отыр? Осы тұста қандай да бір кемшіліктер, әттеген-ай дейтін тұстар бар ма?
Жабдықтармен жабдықталу бойынша біздегі көрсеткіш 92% тең. Шынында да, жабдық сатып алу үшін үлкен қаражат бөлінеді. Соңғы екі жылда лапароскопиялық тіректі сатып алдық, соның арқасында ауданда эндоскопиялық операциялар жүргізіле бастады. Заманауи УДЗ-аппараты алынды. Биыл ПКМ-жылжымалы медициналық кешен келді. Алдағы жылы біз компьютерлік томографты орнатамыз деп үміттенеміз
- Қазір науқастар үшін электронды медициналық карточкалар енгізілді ғой. Осы электронды картотека жайлы ойыңызды білсек. Мұндағы артықшылықтар мен кемшіліктер турасында не айтуға болады?
- Электрондық медициналық карталардың басты артықшылығы -қолданудың ыңғайлылығы мен қарапайымдылығында деуге болады. Оларға деректерді енгізу үшін дәрігер науқасты компьютерлік бағдарламадан тауып, оның аты-жөнін іздеуі керек. Осыдан кейін ол барлық қажетті деректерді енгізіп қана қоймай, сонымен қатар кез-келген уақыт аралығында пациенттің тарихын егжей-тегжейлі зерттей алады. Науқас үшін де электрондық медициналық картаны қолдану өте ыңғайлы. Ол әрдайым өзімен бірге, яғни, кез келген медициналық клиникаға қаралған кезде барлық декректері электронды медициналық картада жазылып тұрады.
- Облысымызда және жалпы еліміздегі фармацевтиканың қарқынын қалай бағалар едіңіз? Жұртшылықтың осы тараптағы мұң-мұқтажы туралы не айтуға болады?
- Фармацевтикалық қызмет жыл сайын қарқын алуда. Дәрілік заттардың ассортименті кеңеюде, жыл сайын кейбір ауру топтары бойынша пациенттерге дәрі-дәрмектерді жеткізу жақсарып келеді. Мысалы, қант диабеті, қан қысымы, онкологиялық аурулар және басқаларды айтсақ болады.
- Медициналық сақтандыру тақырыбы өте өзекті. Бұл мәселенің қандай кем-кетіктері, артықшылықтары бар?
- Бүгінде Қазақстанда медициналық көмек екі пакет бойынша көрсетіледі. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бірінші пакетке шұғыл медициналық араласуға қатысты барлық нәрсе кіреді, оның ішінде жедел жәрдем, санитариялық авиация, бірқатар созылмалы аурулар серпініндегі бақылау, шұғыл көрсетілімдер бойынша стационарды алмастыратын көмек. Сонымен қатар барлық қазақстандық азамат сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан емханаға жүгіне алады, шұғыл түрде стационарда емделе алады, сондай-ақ, әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде қажетті медициналық қызметтердің толық тізбесін ала алады. Медициналық оңалту - тек түбіркүлезбен ауыратын науқастар үшін, ал паллиативтік көмек - оған мұқтаждардың барлығына қолжетімді. Бұл медициналық қызметтер барлық азаматқа бюджет қаражаты есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан, бұл стандарт кепілдендірілген деп аталады. Ал екінші деңгей - медициналық көмекті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде алуға болатын МӘМС пакеті. Бұған қымбат операциялар мен медициналық қызметтер, профильді мамандардың қызметі кіреді. Медициналық сақтандыру мынадай қызметтерді қамтиды: МРТ, компьютерлік томография, ПТР-талдау. Сондай-ақ, стационарды алмастыратын көмек, тегін емделетіндердің тізбесіне кірмейтін аурулар кезінде жоспарлы стационарлық көмек көрсетіледі. МӘМС төлеудің артықшылығы - бұрын үлкен қаражат төлеп өтетін қызметтерді, сіз МӘМС сақтандыру шеңберінде тегін ала аласыз. Бұл өте тиімді. МӘМС пакетінің кемшілігі - көптеген адамның төлей алмайтындығымен байланысты. Сол себепті, жоғарыда айтылған қызметтерді ала алмайды.
- Әңгімеңізге рақмет!
- Сіздерге де рақмет!

Автор:
Сұқбаттасқан М.МҰҚАШҰЛЫ