Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тәж тажалмен күрестегі қауқар қандай?


15 октября 2021, 05:16 | 1 126 просмотров


Аспан асты елінде қылтита бой көрсетіп, бүгінде әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған қауіпті індетпен күрес әлі аяқталған жоқ. Ғаламның қай бұрышында да тәж тажалдың "тырнағының" ізі жатыр. Бұл індет ешкімді де аяп жатқан жоқ. Бірақ адамзат баласы тіршілік етудегі талпынысы індетпен күресте жаңаша бағытқа бет бұрды. Алайда індет інде жатып іргесін кеңейткендей әлсін-әлсін ышқынып қояды. Еліміздің бас дәрігері, ҚР денсаулық министрі жуырдағы жиында әлемдегі территориясы бойынша тоғызыншы мемлекет тәж тажалдың төртінші толқынын еңсергенін айтты. Бұрынғыдай емес, денсаулық саланындағы қарымды қарсылық нәтижесінде індеттің қауіпі сейіле түскендей. Оған де себеп бар. Ол - вакцина.

Тек елімізде ғана емес, әлем бойынша короновирусқа қарсы екпе салдыру қарқын алған. Дегенмен, әлі де бейжай жүрген замандастар жоқ емес. Алып-қашпа әңгіме, желіде желдей ескен жалған наным әлі де талайды иландырып жүр. Қаратал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Е.Сейсембинов жалған ақпараттың жарға жығатынын ескертеді. Ауданның бас санитарының айтуынша, індет әлі шегінбеген, түрленіп, мутацияланып қайта соққы жасауы да мүмкін. Сондықтан, сақтық шараларын естен шығармаған абзал.
- Ауданның әр тұрғыны денсаулығын және жақындарын сақтау үшін медицина қызметкерлерінің ескертпелерін ұдайы сақтау керек. Мәселен, күн сайын дене температурасын кемінде 2 рет өлшеген жөн, тұрғын үй-жайларын тәулігіне кемінде 2 рет желдетуді жүргізу және күн сайын дезинфекциялау құралдарын пайдалану қажет. Әрбір адам көпшілік жиналатын жерлерге бармауы керек. Барғанның өзінде санитарлық талаптарды сақтаған абзал. Сондай-ақ, жөтелетін және түшкіретін адамдармен байланысқа түспеу, мүмкін болмаған жағдайда – қоғамдық орындарда олардан кемінде бір метр қашықтықта қашықтықты сақтау, ЖРВИ белгілері пайда болған кезде үйде болу қажет. Аурудың қандай да бір белгісі болғанда өзін-өзі емдеуден гөрі жедел медициналық көмек қызметінің көмегіне жүгінген абзал, - деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Е.Сейсембинов.
Жалпы, аудандағы эпид-ахуал тұрақтанып келеді. Осы уақытқа дейін 2169 қараталдық қауіпті індеттің құрығына ілігіпті. Бүгінде 151 кісі науқастанып жатыр. Ал 2002 аудан тұрғыны емделіп шыққан. Бұл ретте осынша тұрғынның індет құрсауынан босап шығуына ауданның медицина қызметкерлерінің еңбегі орасан. «Жау жоқ деме, жар астында» дейді қазақ даналығы. Тәж тажалды жеңудің ең оңтайлы жолы вакцинацияға үн қосу.
- Осындай індет өршіп тұрған қиын кезеңде әрбір адам жеке бастың қауіпсіздігін сақтап, маңайдағыларға жанашырлық танытудың маңызды екенін ұғынса. Саулық үшін сақтық шараларын ескеріп, қоғам болып жұмылсақ қана індетпен күресте жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Сонымен қатар вирустың таралуын азайтудың бірден бір жолы – екпе егу жұмыстарына жауапкершілікпен қарау, - деді бас санитар Е.Сейсембинов.
Бүгінде аудан бойынша екпе салдыру қарқынды жүргізілуде. Қаратал ауданы аумағында короновирусқа қарсы вакцина алады деген жоспардағы сан – 27230. Демек, осынша аудан тұрғыны екпе алуы керек. Бүгінде 15202 тұрғын вакцина алған. Жоспар 56 пайызға орындалған. Жалпы, аудан көлемінде тұрғындар вакцинаның 5 түрін алуда. Екпелердің көш басын аюлы елдің ғалымдары шығарған «Спутник V» вакцинасы бастап тұр. Жалпы, бұл вакцина короновируспен күресте өз тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Бұл аралас векторлық вакцинамен аудан көлемінде 9876 адам егіліпті. Екінші межеде Hayat-Vax вакцинасы мен Синофарм вакцинасы тұр. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Рась-Аль-Хайма қаласында орналасқан «Жулпар» фармацевтикалық өндірісінде шығарылған вакцинаны және ДСҰ сенімінен шыққан Синофарм вакцинасын 3543 қараталдық салдырыпты. Үздік үштікті QazVac вакцинасы түйіндесе, Короновак вакцинасы төрттікке жайғасқан. Тарқатсақ, Короновак вакцинасын 795 тұрғын алса, QazVac вакцинасын 828 қараталдық ектіріпті. Айтпақшы, бүгінде аудандық егу пунктерінде 2425 вакцина бар. Бұл сан әлі ұлғаяды. Себебі, ауданға вакцина тұрақты жеткізіліп тұр.

 

Автор:
М.Мақсым