Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Берекесі көпке үлгі


8 октября 2021, 04:56 | 1 264 просмотра



Биыл Қаратал ауданының жұртшылығы үшін ерекше жыл болып тұр. Ауылдағы ағайын осы өлкені даңқты да, айбарлы тұлғасы болған Жолбарыс батырдың мерейлі 350 жылдығын атап өтпекші. Қазір аудан халқы, сондағы атқамінер азаматтар қал-қадерінше осы айтулы оқиғаның қамымен жүр.

Біздің ауыл да бұл мерейлі оқиғадан шет қалып отырған жоқ. Шет қалатын жөні бар ма? Біздің ауылдық округтің атауының өзі үлкен жауапкершілік жүгін жүктеп отыр. Жолбарыс батыр ауылдық округі деп аталатын округке қарасты елді-мекен тұрғындары атаның тойын асыға күтуде. Тірісінде сөз бастаған шешен, қол бастаған батыр, көсем болған баба рухына тағзым жасап, дәріптеу бүгінгі ұрпақтың парызы екені анық. Біздің ауыл осы сенім үдесінен шығу үшін барын салып келеді. Мәселен, Кәлпе ауылының еңкейген қартынан, еңбектеген баласына дейін қазір түрлі шара өткізуге атсалысуда. Бұлай десек еш артық айтқандық болмас. Себебі, қазір мұндағы ауыл азаматтары тайлы таяғымен түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырып, оны абыроймен, ойдағыдай өткізуге күш салып жатыр. Атап айтар болсақ, Кәлпе ауылындағы жігіттер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып спорттың волейбол, фубол және күрес секілді спорт түрлерінен сайыс өткізбекші. Бұл жарыстарға ауыл, аудан тұрғындары қатыса алады. Сайыс шамамен қазан айының ортасына, сол 16-17-не таман өткізіледі деп естідік. Бұл енді ауылдағы ағайынның ауызбірлігін ғана көрсетіп тұрған жоқ, Жолбарыстай батыр, би болған бабаның есімін ұлықтаудың жарқын үлгісі болып тұр. Әйтпесе, ауыл азаматтарының өз күшімен мұндай сайыс ұйымдастыруы да оңай шаруа емес. Сайыстың ретін, жүлде қорын, жалпы жарыста болатын рәсімдерді ұйымдастырып, оны ойдағыдай өткізу екіні бірінің қолынан келе бермейтін іс екені даусыз. Қазір алтын күз келіп, құшағын жайып, ауылдарда дала жұмыстары қызып тұрған қауырт кезең емес пе? Кәлпедегі ағайынның да ойнап жүретін уақыты емес қой қазір. Қант қызылшасын жиып, оны зауытқа өткізетін, бау-бақшадағы дақылдың шашауын шығармай қамбаға төгетін уақыт бұл. Бірақ сонда да азаматтар текті мінез танытып жатыр. Әп-бәрекелді дейміз.
Кәлпеде қазір көшелеріміз самаладай жарық болып тұр. Бұл үшін аудан басшылығына, мәселені көріп, жоғарыға жеткізген жергілікті әкімге де алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл да болсын ел дамуының кішкентай бір көрінісі шығар... Баяғыда группалас бір досым, (өзі жазушы, қазір бірнеше кітаптың авторы атанған қаламгер) іс-сапарымен Әзірбайжан еліне барып қайтқан еді. Сол келгесін көрген-білгені жайлы, шетелдегі сапары жайлы біраз сыр ақтарды. «Әзірбайжанның астанасы Баку керемет шаһар екен» деп таңданысын жасырған жоқ. Алайда, бас қаладан басқасының хәлі мәз емес екен. Барлық күш Бакуге жұмсалып, қаржының барлығы да ел астанасының ажарын арттырудың қамында сарп етілетін көрінеді. Ал одан басқасын көзге ілмейді. Алыстағы ауылдар мен шалғайдағы елді-мекендер билік басындағы азаматтардың назарынан шет қалып қояды дегенді естіп, таңқалдық. Әзірбайжан туралы ойымыз осыдан кейін-ақ бұзылды. Хош, негізгі айтпағымыз бұл емес еді. Барлығы салыстыру арқылы білінеді дейді ғой. Біздегі жағдай одан тәуір деуге болады. Шүкір, тәубә! Иә, АҚШ пен Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерімен салыстыруға келмес. Дегенмен, уақыт өте қазақтың ауылдарындағы тұрмыс та түзеліп қалған секілді. Өркениет көшінен қалып қойған жоқ. Ғаламтор бар, иә барлық ауылда жоғары жылдамдықтағы интернет бар десек шындықтың ауылынан алыстап кетерміз. Десек те, осыдан 5-6 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді ғой? Қазір, бұл тұрғыда ілгерілеушілік байқалады.

Шебердің қолы ортақ

Жолбарыс батырдың тойына дайындық барысында ауылымызда тағы бір жағымды жаңалық болды. Оны қалай айтпаймыз. Кәлпенің қақ ортасында баяғыдан бері көкке шаншылған бір мұнара тұратын. Басында көкке самғаған ракетасы бар. Қонақ болғандар білетін шығар. Ауылымыздың символына айналған әйгілі ракеталы мұнара. Бала кезімізде қаншама рет шықтық десеңізші үстіне. Иә, ауыл көзайымына айналған осынау мұнара да тойға дайындық аясында жөндеу көріп, жадырап, жарқырап қалды бір. Кәлпедегі талай отбасына жақсылығы тиіп, шарапаты дарыған Серік Жексембаев дейтін дәнекерлеуші ағамыз бар. Құдай қолына қуат берсін, осы Серік ағамыз жарап тұр. Бейнетінің зейнетін көріп жатқан ауыл азаматы өз белсенділік танытып, мұнараның ракетасын жөндеп берген еді. Жасы алпыстан асып кетсе, шау тарттым деген жоқ. Қайта білекті сыбанып жіберіп, ортақ істе самдағайлық көрсетті ғой жастсарымызға. Бұл жұмыстың барлығын Серік ағамыз айналасы бір-екі-ақ күнде толықтай аяқтап шықты. Қазір жаңарып, құлпырып шыққан мұнаралы ракетамыз ауылымыздың ажарын аша түскендей. Бәрі де риза. Анда-мында өткендер, Кәлпеге келетін қонақтар енді осындай өнер туындысын тамашалайтын болады.
Иә, бұл да болсын текті жердің тектілігін танытқан іс болды. Жастарға үлгі-өнегесін көрсеткен ағамыз кәдімгідей жұмысты ауырсынбай-ақ өзі атқарып шықты. Иә, мұнараны түсіріп, орнату секілді шаруаларда жастардың да қолғабыс еткенін айтып өту керек. Онсыз қалай енді? Қысқасы, «жақсы істің қасына, жақсы келер басына» дегендей, бұл шаруада жақсы ағаларымыздың ауызбірлігінің арқасында осындай ауқымды шаруа оңынан аяқталды.
Жолбарыс атаның тойына дайындық аясында ауылға кіреберістегі аркалар да жөнделіп, қазір алыстан менмұндалап тұр. Бұл да болсын Кәлпенің көркіне көрік қосып тұрған шаруа болды. Бұл істе де жерлестер «алтау ала болса аспандағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейтін тәмсілдің өнегесінен үлгі алғандығын аңғартты. Ауылдағы ағайын қазіргіні күйттеген құлқынның қамынан көрі, ертеңін, келешек ұрпақты ойлайтын текті мінез танытты. Бұл істе, әсіресе, ауыл әкімдігін, ауыл тізгінін ұстаған Ермек Досаманов пен оның командасындағы қыз-жігіттерге шексіз алғыс айту керек. Ауылдағы еңбек биржасында жұмыс істеп жүрген аға-әпкелердің де еңбегі ерен. Қыс-жаз демей үнемі жұмыста жүреді. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамай, қыстың үскірік аязына қарсы тұрып жұмысын жасап жүреді. Ауылымыздың абаттандырылуына осы азаматтардың қосып жүрген үлесі қомақты. Еңбек бар, оны бағалау деген бар. Кәлпедегі көшелердің, оның бойындағы ағаштарды әктеп, жол жиегіндегі шарбақтарды ретке келтіретін еңбек майталмандарына үлкен рахмет. Ертең ауылымызда, Кәлпемізде той болып, алыстан қадірлі қонақтар ат басын бұрғанда, көпшіліктің көзі ең алдымен көшелерге, оның абаттандырылуына түсетін анық. Сол кезде жанарымыз жер шұқымаса, ол ең алдымен осы аға-әпкелеріміздің еңбегі. Олардың жұмылып жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап, жағдайын реттеп беріп жүрген ауылдық округ басшылығының қызметінің жемісі, тиімді менеджментінің жеңісі деуге болады.

Чемпионның бәрі ауылда

Болатхан атты көшенің тұрғыны боламыз. Кәлпеге кіре берістегі екінші көшеде туып, өстік. Балалық балғын кезеңді өткерген ыстық мекен. Қазір жұмыс, тіршілік қамымен қаладамыз. Уақыт ырық бергенде әйтеуір туған жерге барып, аунап-қунап қайтамыз. Ауған соғысының ардагерінің есімін алған біздің көшені бала кезден мақтан тұтатын едік. Қазір сол туған көшеміз де, жалпы Кәлпенің өзі де мақтан тұтуға, мақтауға лайық болып келеді. Көшемізді ретке келтіріп, асфальт төсеп қойыпты. Болашақта тағы да басқа көшелерге жөндеу жұмыстары жасалады деп жатыр. Риза болдық мұны естігенде. Несі бар, қазақтың кез-келген ауылында жолдары тақтайдай болса, оның қызығын ертеңгі ұл-қыздарымыз көрсе, оның несі айып? Қайта бұл, еліміздің өркениеттер көшінен қалдырмай, биік-биік белестерді бағындыруға септігін тигізері анық.
Ауылымызда біраздан бері мәдение үйі мен спорт алаңын, спорт залын салу керек деген ұсыныс-тілектер бар еді. Әсіресе, жастар жағы осы мәселеде белсенділік танытып, ауылдағы әрбір жиында көтерілетін. Күнтәртібінен түскен емес тіпті. Ақыры көп тілеуі көл болыпты. Жуырда, ауылдың бір-екі азаматын кезіктіріп, жақсы жаңалықты құлағымыз шалып қалды. Ел тілеуін беріпті. Енді келешекте Кәлпеліктер үшін жаңа мәдение үйі өз есігін айқара ашпақ. Осындағы спорт сүйер қауымның игілігіне су жаңа спорт алаңы да беріледі екен. Қандай тамаша! Әсіресе, осы спорт алаңы аса қажет еді біздің жерлестерге. Себебі, Кәлпе атам заманнан өзінің палуандарымен, желаяқтарымен ерекшеленген елді-мекеннің бірі ғой. Аулдық командамыз аудан көлемінде жүлделі орындардан көрініп келеді. Палуандардың жағдайы тіптен басқа. Тек соңғы жылдары аздап тұралап қалғаны болмаса Кәлпенің палуандарымен облыс санасатындай жағдайда еді. Кезінде Қанат аға Арынбаев негізін қалап кеткен мектеп, мәуелі бәйтерекке айналды. Одан қаншама чемпион шығып, облыс қана емес, ел намысын жыртты. Осы аталған палуандар мектебінен қаншама білікті бапкер күрестің қыр-сырын меңгеріп, жетілді. Олар да ұстаздары секілді еркін күрестен ауыл баласын баптап, үкілеп, бәйгеге қосты. Енді елімен бірге дамып, өңірімен өркен жайған заманда ауылымыздың спорт саласы да жанданама деп үміттенеміз. Ел ағалары айтады ғой, мемлекетті танытатын, атын әйгілейтін «мәдениеті, өнері мен спорты» деп, ендеше сол спорттың дамуына балта шаппасақ игі еді. Ал қазақтың спорты – қазақтың ауылынан басталатыны баршаға аян.
Алтын күз келіп, дала мен орман сары жапыраққа оранды. Осындай көз тартар сұлулықпен біздің де ауылымыз үйлесім тапқандай. Жақсылығы қазір де тиіп жатқан әулие, батыр Жолбарыс бабаның арқасында ауыл ажары әлі де арта бермек деп сенеміз. Торқалы тойға келіп жатсаңыздар, ауылымыздың қақ ортасында көкке шаншылған ракеталы мұнараға да бір көз тастап өтерсіздер!

 

Автор:
М. МҰҚАШҰЛЫ,Қаратал ауданы