Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бала тілі неге бал емес?


8 октября 2021, 04:48 | 1 136 просмотров



Сұрақты төтесінен қойған да дұрыс болар? Шынын да, бала тілі неге бал болмай тұр? Бұл мәселе айтылмай жүрген ән, жазылмай жүрген жыр емес. Әлсін-әлсін мезгіл мінберінен көрініп те жүр. Бірақ басты сауалға жауап тапқанмен, сол жауабы құрғыр көңілді көншітпейді де. Есесіне, інде жатып індеттеген дерттейін қоғамның бас ауруына айналғалы да біршама уақыт болды. Өйткені бала тілінің бал болмауы балтыр сыздатпаса да, жүрек сыздатар жайтқа айналды.

Қош делік, мәселе бала тілінің кеш шығуы мен мүкіс болуына тіреледі келіп. Бұрын үлкендер жағы тілі былдырлай шыққан сәбилерді ортаға алып, сөйлете түсуге талпынса, қазіргі сәбилерді сөйлете түсу емес, әріп басын біріктіріп, төл әріптерді кіріктіріп сөйлету мұң. Өйткені, қазіргі бала сөйлемейді. Сөйлемейді болғанда, олармен тіл табысу қиын. Содан болар соңғы 10-15 жыл көлемінде қоғам өмірінде логопед немесе дефектолог деген маманның рөлі арта түсті. Бұрын оларды тек арнайы құрылымдық ұйымдарда жолықтырушы едік, қазір әрбір білім ошағы, әрбір балабақша ұжымдарында солар беделді. Себебі де, түсінікті, сұраныс жоғары, қажеттілік қалыпты жағдайдан жоғары. Бұл мамандық иелері сөйлемейтінді сөйлетеді деп көпшілік үміт артады. Үміт те ақталып отыр. Бірақ, одан сөйлемейтін бала азайып отырған жоқ. Жалпы, не нәрсе көп айтылса, өте жиі сөз болса, індеттейтін әдеті емес пе?

Салдар санды арттыруда

«Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалары шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі». Мұны біз емес, бір ғасырдан әріде поляк саяхатшысы Янукович айтқан. Есесіне, қазіргі қазақтың баласы 7 жасына дейін тілге келе алмай жүр. Логопед, дефектолог мамандардың сөзіне сенсек, балабақшаға немесе мектепке енді аяқ басқан әрбір бүлдіршіннің бестен бірінде тіл дімкәстігі байқалады. Оның себебі де жетерлік. Мамандардың сөзіне құлақ түрсек, бала тілінің кеш шығуына немесе дімкәс болуына төрт негізгі фактор бар. Қаратал ауданы С.Морозов атындағы №51 орта мектеп-гимназиясының педагог-логопеді Эльмира Найзабекованың сөзінше, ішке нәресте біткеннен жүкті ана көңіл-күйін қалыпты ұстап, күйзеліске түспеуі керек. Оған аяғы ауыр кісінің айналасындағылар да септесуі қажет-ақ. Маманның айтуынша, отбасылық жанжалды, жанұялық кикілжіңдерді бұл уақытта азайту абзал. Үйдегі ыдыс-аяқтың жиі сылдырауы іштегі нәрестенің болашағына кәдімгідей әсер етеді. Бала тілінің мүкіс немесе кеш шығуы тұқым қуалауы да мүмкін. Одан өзге екі себеп: баланың ауыз қуысы бұлшықеттерінің дұрыс жұмыс істемеуінен немесе таңдайда болмаса ерінде туа бітті жырықтың болуы. Әрине, мұндай сәттерде логопед мамандар кімге болмасын көмек қолын созуға даяр. Алайда, үйде ата-ана, әсіресе анасы баламен жұмыс істемейінше, дімкәс тіл қалыпты жағдайда дамиды деу қисынға келмейтінін айтты маманымыз.
– Бала тілінің кеш шығуы жиі байқалады. Жиі болғанда, соңғы уақытта логопед жағалап жүрген ата-ана көп. Шын мәнінде 2 жастағы баланың тілі жатық әрі түсінікті болуы керек. Ал 3 жастан асқан баланың сөзі қалыпты болмаған жағдайда дабыл қағу керек. Өйткені бұл жастағы балалар сөйлем құрап, айналасындағыларды сұрақтың астына алып отыруы тиіс. Әрине, бала тілінің мүкістігі мен кеш шығуының себебін білмейінше салдармен күресу қиын. Қазақ баласын «болашағым” деп қарайды ғой. Бала тәрбиесі өсіп жетілгенде пайда болмайды, сәби ішке біткеннен басталады. Сондықтан құрсақтағы тіршіліктің болашағына алаңдасақ, ананың денсаулығы мен оның жай-күйіне көңіл бөлуіміз керек, - деді Эльмира Найзабекова.
Логопедтің айтуынша, балалардың ауыз қуысы бұлшық еттерінің дұрыс қалыптаспауына түрлі емізіктер себеп екен. Шөлмектен тамақ беру де сәбидің сөйлеу қабілетін кеміте түседі. Қалай дегенмен, жасанды емізіктер резеңкеден жасалады. Сәбидің жас бұлшық еттерін дұрыс дамытпайды. Маман, емізік орнына қазақ құйрықмай беретін болғанын алға тартады. Қой майы бала дамуына септігін тигізбесе, зиян келтірмейді екен.
Әдетте қазақ “бала тілі – бал” деп отырады. Өйткені, баласын болашағына балаған ұлт үшін дені сау ұрпақ нағыз қазына. Есесіне, логопед мамандардың сөзіне сүйенсек, қазіргі әрбір бесінші балаға тіл мамандарының көмегі керек. Шынында алаңдатарлық жай.

Бала тілін ғаламтор ағылшынша сындыруда

Қалыпты жағдай ма, әлде ауытқу ма? Әкесі де, шешесі де таза қазақша сөйлегенмен,тілі жаңа шығып келе жатқан бүлдіршіні ағылшынша не орысша сайрап тұр. Себебі де, түсінікті. Смартфон дерті бесіктен белі шықпаған сәбилерге де ауыз салды деген сөз.
– Балабақшаға келген балалардың дені қойған сауалға “no” немесе “yes” деп жауап береді. Бұл смартфонның әсері. Әдетте көп ата-ана бала тыныш болсын деп олардың қолына телефон ұстата қояды. Ал балалар қызығатын дүниенің бәрі ағылшын тілінде. “Youtube” балалардың ең сүйікті бағдарламасы. Ол маңда қазақша мультфильмдер аз. Есесіне, Еуропа мен АҚШ жұрты балаларды қалай қызықтыруды біледі. Одан кейінгі орында орыс ағайынның бейнелері дес бермейді. Ата-анасы азаннан кешке дейін жұмыстан шаршап келгенде балаларының беймазалығын смартфонмен шешуі арқылы олардың тілін ағылшын не орыс тілінде сындыруда. Бала қабылдағыш келеді, алғаш қабылдағаны миында мықтап жазылады, - деді логопед Эльмира Найзабекова.
Маман сөзінен соң интернет-маркетологпен тілдестік. Фархад Әбжаппаровтың сөзіне илансақ, әлемжеліде қазақ балаларының контентінің сұранысын қанағаттандырарлық дүние мүлдем аз. Әлем ғаламторды нан табуға бағыттаған. Оларға қажеттісі көрілім санының көп болуы, тұтынушысының санының молаюы. Сол үшін ағылшын тілділер барын салып бағуда. Кім болмасын баласынан ештеңені аямайды. Желіге қосылған телефон да балалардың қолында. Міне, шетелдік интернет құрықтағандарға оңай олжа. Мәселен, “Youtube” желісінде JG Cruz3D дегенпарақша бар. Тілі - ағылшын, жазылушылардың саны миллионнан әріге жығылады. Жүктелген бейнелерінің дені 10 секундтан аспайды. Ал көрілім саны жағынан көш бастап тұрған желілік арна. Бір ай бұрын салған бейнесі 11 млн. Көрілім жинапты. Арнаның тұтынушыларының дені бала. Байқағанымыздай арна балалар елітетін музыкаларды пайдаланып, қуыршақтарды, оның ішінде балаларды қызықтыратын мультфильм кейіпкерлерін билетеді. Баласы бар үй біледі, әдетте бүлдіршіндер теледидар қарап отырып, жарнама берілгенде елітіп кетпей ме? Арнаның да басты тетігі бөбектерді қызықтыруды көздейді.
- Ғаламтор әлемінде қазақ балаларына арналған дүние аз. Болғанның өзінде өз тұтынушыларына жетпейді. Жетпейді емес, тұтынушысын өзіне баурай алмайды. “Балапан” телеарнасының “Youtube” желісінде парақшасы бар. Әрине, көрілім жағынан көш бастамаса да, бір ай бұрынғы салған бейне баяндарында 700 мыңнан астам көрілім бар. Бұл қуантарлық жайт, бірақ қазақ балаларына арналған атаулы желідегі жалғыз контент десек те болады. Бірдің екіден аз екенін ескерсек, бізге балаларды қызықтыратын “Youtube” желісінде парақшалар керек-ақ, - дейді интернет-маркетолог Фархат Әбжаппаров.
Интернетте де, теледидарда да балалардың сұранысын жалғыз “Балапан” арнасы қанағаттандырып отыр екен. Осы ретте, С.Морозов атындағы №51 орта мектеп-гимназиясының педагог-логопеді Эльмира Найзабекова бұл арнаға әрбір ата-ана алғыс білдіру керек деген еді. Себебі, арнаның әр бағдарламасын тамашалаған бүлдіршіндер нағыз ұлтын сүйетін, қазақ деп жүрегі соғатын тәрбие нәрінен сусындайды екен. Бірақ, елімізде ғана емес, әлемді уысында ұстаған пандемия кезінде мектеп оқушылар онлайн негізде білім алды. Сол уақытта “Балапан” арнасы азаннан қара кешке дейін онлайн дәріс беруге көшті. Дұрыс, оқушыларды біліммен қамтыған жөн, бірақ арна мектеп жасына дейінгі балаларды осы уақытта шетке ысырып қойғандай болды. Логопедтің айтуынша, 2-6 жас аралығындағы балалар осы уақытта назардан тыс қалғандай. Сондықтан балалардың тәлім құралына айналған “Балапан” телеарнасына білім саласының дәрісін кіріктірмей, басқа арналарды игілігіне пайдалану керек екен. Шынында ойланарлық жайт.

Шектен тыс еркелету де сеп

Әдетте қазақта бала тәрбиесіне көп мән берілген. Баба жұрт салтына қарасақ, балабақша деген атымен жоқ. Ол уақтағы балабақша – әжелер еді. Қазіргі әжелердің қызығы балаларға тәлім беруден гөрі, телехикая тамашалап, қырқыс пен айқасқа толы бағдарламалар тамашалағаннан басылады. Сананы нарық билеген тұста ата-аналар күндізгі уақытын жұмыс істеуге, табыс табуға бағыттайды. Ал осы уақытта әжелер немерелерімен сөйлесіп, солардың былдырлаған тілін қызық көруі “қызыл кітапқа” енгенін айтады мамандар. Тағы бір логопед маманымыз, №13 орта мектептің логопеді Гүлзада Кәдірханның айтуынша, балалардың тіл мүкістігі көбейгеніне төл дәстүріміз бен ғұрпымыздан тысқары кетуіміз себеп екен.
- Қазіргі ата-аналар балаларын “шектен тыс жақсы көру” синдромына шалдыққан. “Өзім дегенде өгіз қара күшім бар” деген ғой. Шынында қазіргілер балаларды тым қатты жақсы көреді. Ештеңеден тарылтпайды. Тым артық еркелетеді. “Құлыным”, “жұлыным” деп еркелететін бұрынғының кісілері. Бірақ артыққа кетпейтін. Қазір “ути-путидің” заманы. Бұрынғының баласы жеткенін киіп, тигенін ішетінеді. Қазіргілерде бәрі бар, не жеймін, не ішемін демейді. Бұрынғылар тәрбиелейтін еді, қазіргілер үйретеді. Ұқсауға үйретеді. Болуға үйретеді. Сондай болуға тәрбиелемейді. Міне, мәселе осыдан туындайды негізі. Қазақтың нар тұлғаларының қайсысын алсақ та, дені әже тәлімін алғандар. Әже тәлімі күллі қазақ қоғамын алға ілгерілетіп келді. Қазіргі әжелер немерелеріне ертегі айтқанын, батырлар жырын жаттатқанын көрмейсіз. Ата-ана жұмыста, әжелер теледидар алдында, балалар ғаламторда. Адаммен тілдеспеген баланың тілі қайдан шықсын? Мұнан соң бала тілі қалай бал болсын? – дейді Гүлзада Кәдірхан.
Маман сөзіне илансақ, балалар - сұрақ ал, үлкендер - жауап. Ересектер жауап берілмеген сұрақтарды балалар басқа маңнан іздейді. Сана тостағын басқ жерден толтырады. Мәселен, ғаламтордан. Сол ғаламтордан ағылшынша тостағын толтырған баланың санасына басқа дүниені сыйғызу үшін үлкен күш керек. Мұнан өзге маманымыз қазір мықты логопед мамандар барын айтты. Бірақ қоғамда оларға сенім аз екен. Тілі шықпай жүрген 3-4 жастағы баласын логопед мамандарға апарудың орнына, бала тілі әбден сақауланғанда көмекке жүгінеді-мыс.
Қорыта кеткенде, ұрпақ саулығы – ұлт саулығы. Мұны баба жұрт әлдеқашан білген. Содан болар “Балам-болашағым” дейміз. Дегенмен, бала тілінің кеш шығуы немесе мүкіс болуы алаңдайтын жайт. Ал ол үшін арнайы тіл мамандары жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, балаңыз дені сау, тілі сау болсын десеңіз, баламен тілдесу керек, оны тәрбиелеу керек. Онымен сіз сөйлеспесеңіз, ғаламтор тілдеседі, сіз тәлім бермесеңіз, ғаламтор тәрбиелейді. Қарекет етпегенге берекет қонбайтынын ескерсек, балаңызды тек өзіңіз үшін ғана емес, ел үшін сау етіп өсіріңіз. Себебі, балаңыз сіздің ұрпағыңыз және қазақтың жалғасы.

Автор:
Д.Кемеңгер.