Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Алматы облысында кәсіпкерлерден инвестсубсидияны қайтаруды талап етіп жатыр


5 октября 2021, 04:06 | 1 442 просмотра



Алматы облысында 15 ауыл шаруашылығы өндірушісі субсидияны қайтару туралы хабарлама алған.

Кәсіпкерлердің айтуынша, қыркүйекте олар Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасынан 2018-2019 жылдары инвестициялық субсидиялау шарттары бойынша субсидия ретінде берілген қаражатты 10 күн ішінде қайтаруды талап ететін хаттар алған. Кәсіпорындар қайтаруы тиіс субсидиялардың жалпы сомасы 2,8 млрд теңгеден асады. Басқарма хабарламаларды Бас прокуратураның талабы негізінде облыстық прокуратураның ұсынылуына байланысты жіберілгенін атап өтті. Осыған дейін Бас прокуратура аудитордың тексеру қорытындысы бойынша бұзушылықтар анықтаған.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің пікірінше, аудиторлық тексеру нақты салынған инвестицияларды растайтын құжаттарды есепке алынбай жүргізілген. Бұл туралы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзулин, облыс прокурорының аға көмекшісі Тайыржан Важитов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиковтың қатысуымен өткен кәсіпкерлер палатасындағы жұмыс кездесуі барысында айтылды.

«Мемлекеттік аудиттің қорытындысына сәйкес, субсидияларды заңсыз берудің негізгі дәлелі ретінде жобалар сараптамасының оң қорытындысы бар жобалау-сметалық құжаттаманың жоқ екені көрсетілді. Алайда инвесторлар субсидия алуға өтінім берген кезде субсидиялау қағидаларында көзделген құжаттардың толық тізбесін ұсынды», деп атап өтті «Алель Агро» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Ерік Сұлтанқұлов.

Ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары Бақтияр Шампиков мемлекеттік органның прокуратура органдарының талаптарына сәйкес әрекет еткенін түсіндірді.

«Облыстық прокуратураның ұсынысын орындау аясында басқарма қаражатты қайтару бойынша хабарлама жіберді. Кейбір кәсіпкер жауаптарын жолдады. Өтінімдерді қарау кезінде біз қажетті құжаттардың бар-жоғына қараймыз. Субсидиялар жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген сома бойынша емес, инвестордың нақты шеккен шығындары бойынша төленді»,  деп хабарлады Бахтияр Шампиков.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Ләззат Шыңғысбаева ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің құқығын қорғау мақсатында жұмыс тобы құрылатынын жеткізді.

«Егер кәсіпкер құжаттарды тапсырып, оны қабылдаса, бұл құжаттар қойылған талаптарға сәйкес келетінін білдіреді. Өтініш берушілердің құжаттары пысықтауға қайтарылған жоқ. Енді кәсіпкер ақшаны алып, нысаналы мақсатына сәйкес оны пайдаланады. Қазір мемлекеттік орган бұл қаражатты қайтару туралы хабарлама жіберді. Бірақ бизнес субсидияларды заңды түрде алған соң, мақсатты пайдаланылды. Олар бұл қаражатты қайтара алмайды. Біз Кәсіпкерлер палатасы ретінде бизнестің құқығы мен мүддесін барлық инстанцияда қорғайтын боламыз. Осы мәселені шешу мақсатында бірыңғай ұстанымға келу үшін жұмыс тобын құрамыз», деп атап өтті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер салынған нысандардың бар болуына, инвесторлардың өз еркінше көрсеткіштерге қол жеткізуі, өтінім берген кезде инвестор шығыстардың іс жүзінде салынған инвестицияларға сәйкестігі тұрғысынан жеке сараптама жүргізуді ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша «Атамекен», прокуратура, ауыл шаруашылығы басқармасы және ауыл шаруашылығы өндірушілері өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобында әрбір компанияның ісі бойынша жіті зерттеу жүргізіліп, бірыңғай ұстаным әзірленетін болады.

Сондай-ақ, облыс прокурорының аға көмекшісі Тайыржан Важитов қазіргі уақытта кәсіпкерлерге қатысты шара қабылданбайтынын жеткізді.

«Біз ауыл шаруашылығы басқармасымен прокурорлық қадағалауды жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдері бойынша мәселелерді жұмыс тәртібіне сәйкес пысықтайтын боламыз. Сіздерге жұмыс тобы ортақ пікірге келмейінше, ешбір шара қолданбайтынын жауапкершілікпен мәлімдеймін», деді прокуратура өкілі кәсіпкерлерге.

Жұмыс тобының алғашқы отырысы осы аптада облыстық кәсіпкерлер палатасында өтеді.

Автор:
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі