Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қоғамдық қабылдауда жетісулық тұрғындардың бірқатар маңызды мәселесі шешілді


1 октября 2021, 05:17 | 1 233 просмотра



Алматы облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталов қабылдау өткізді. Бірқатар аудандардың тұрғындары облыс басшысымен онлайн байланысқа қосылып, сұрақ-ұсыныстарын жеткізді. Сауалдар ауыл шаруашылығы, жол, білім мен денсаулық сияқты маңызды салаларды қамтыды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Амандық Баталов биылғы қуаңшылыққа байланысты аудандарда малдың жем-шөбін уақытылы дайындауға көп көңіл бөлініп, қажет дегендерге Балқаш ауданынан шөп орып алуға жерлер ұсынылғанын айтты. Сол сияқты жетісулық бастамашылар Маңғыстауға шөп жөнелтіп, игі іс атқарғанын, оларға пойыз тасымалы жағынан көмек көрсетілгенін де атап өтті.
- Өткен жылы мал азығы үшін облыста 1,2 млрд. теңге бөлінген болатын. Биыл бұл қаржының көлемін ұлғайттық, 1,8 млрд. теңге қарастырылады, - деген А. Баталов облыстық экономика басқармасына субсидия бөлудің есеп-қисабын әзірлеуді тапсырды.
Амандық Ғаббасұлы жергілікті жерлерді қажетті медициналық құралдармен қамтамасыз ету аса маңызды екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда бүгінгі күні облыстағы медициналық мекемелерді құрал-жабдықпен қамтамасыз ету 79%-тен 89%-ке жеткен. Шелектегі ауруханаға компьютерлік тамография сатып алу туралы мәселенің мән-жайынан хабардар еткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ө.Ниязбеков бұл мақсатқа 500 млн. теңге шамасында қаржы бөлініп, жабдық сатып алынғанын айтты. Жыл соңына дейін ауруханаға КТ аппараты орнатылатын болады.
«Бұл жедел қан айналымы бұзылған науқастарға арнап осы ауруханадан нейроинсульт бөлімшесін ашуға мүмкіндік беретін шара ретінде ерекше бақылауымызда», - деді Өмірзақ Ниязбеков.
Қаратал ауданы Кәлпе ауылынан Ерлан Сақбаев тұрғындардың ауылға спорт алаңын салып берсе деген тілегін жеткізді.
«Биылғы Токио Олимпиадасында ел мерейін асқақтатқан спортшының бірі Игорь Сон – біздің ауданның түлегі. Осындай даңқты спортшы болуға талпынған балалар бізде көп. Соларға жағдай жасап, спорт алаңын салып берсеңіздер», - деді Е.Сақбаев.
Белгілі болғанындай, Кәлпе ауылын абаттандыру мақсатында спорт алаңының құрылысына жоба жасалған. Облыстық бюджет есебінен оған 178,6 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Биылғы жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа беріледі. Облыс әкімі құрылыс саласының басшыларына жұмыстың мерзімінде әрі сапалы жүргізілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Автор:
А.Аля