Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Екпе салу жайы қалай?


1 октября 2021, 05:16 | 1 197 просмотров



Аспан асты елінде 2019 жылы қылтитып бой көрсетіп, бүгінде аждаһадай адамзат өмірін аранында жіберуге ұмтылған тәж тажал әлем бойынша ең өзекті мәселе болып отыр. Оның өз себебі бар. Дерт түрленіп тұр. Алғашқы нұсқасынан әлде қайда қауіптірек, қоршаған ортаға әбден бейімделген мутацияланған түрі жұртты әбігерге салуда. Шыны керек, еліміздің медицинасы мен билігі қауқарсыз емес. Шама шарқынша шараларды қабылдап, дертті шатқаяқтатуды орайластыруда. Алайда бұл індеттен құтылудың жалғыз жолы - вакцинациялау. Қанша жерден санитарлық нормаларды қатаң сақтау жөнінде нұсқаулықтар берілгенмен, қоғамдық сананың өзгермеуі індеттің індеуіне әкеп соғуда. Демек, ел тұрғындарына екпе салдырудан өзге індетті жеңудің жолы жоқ. Сондықтан вакцинациялау күн тәртібінің бірінші мәселесі сызбасынан түспеуі керек. Жуырда, Қаратал ауданында екпе салдыру жайын, вакциналардың қол жетімділігін таразылап қайттық. Бүгінде ауданда вакцина қол жетімді. Тапшылық байқалмайды. Әрине, екпе жайында оң қоғамдық пікір қалыптасқан.

Ауданда короновируспен күрес, яғни вакцинациялау қарқын алған. Оған себеп, аудан басшылығының және ауданның бас санитарының еңбегі зор десек, артық айтқандық емес. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Е.Сейсембинов жұмыла жүріп, жұдырықтай біріге қарекет етудің арқасында ғана тәж тажалды жеңу мүмкін екенін алға тартады. Шынында, құзырлы мекеме басшысы бүгінде күрес қарқынды екенін айтады.
- Әр адам бірінші кезекте өзінің сақтығын ойлауы керек. Одан соң туысқандары мен жақындарының денсаулығы үшін де абай болуы тиіс. Айналадағы адамдармен мүмкіндігінше арақашықтықты сақтау қажет. Уақытша індеттің көзін жойғанша той-томалақ, қонаққа бару, сондай-ақ өзге де адам көп жиналатын шаралардан бас тартқан жөн. Егуден бас тарта отырып, әрбір тұрғын өте ауыр, асқынулары, тіпті өліп кету қаупі бар ауруды таңдайды. Короновирустық жұқпадан сақтанудың ең сенімді кепілі – ол вакцинация. Әрбір аудан тұрғынын қауіпті індеттен құтылу үшін вакцина алуға шақырамыз, - дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Е.Сейсембинов.
Жоғарыда короновирустың қарқын алғаны жөнінде айттық. Шын мәнінде құзырлы мекеме басшысы айтқандай әрбір тұрғын сақтық шараларын сақтап, екпе алмайынша қоғамдық саулық қалыптаспайды. Осындай үгіт-насихаттық жұмыстар жер-жерде жүргізілгенмен, әлі күнге кей замандас сақтық шараларын елең қылмай, халық көп шоғырланған орындарда алаңсыз жүруі, халықты жиып, алаулатып, жалаулатып той жасауы толастамай тұр. Ескерту ескерусіз қалмас деген ниетпен құзырлы орындар сақтық шараларын күшейтуді, екпе салдыруды барынша насихаттап келеді. Есесіне, мұндай ескертулерді елең қылмаудың нәтижесінде ауданда 2012 адам қауіпті індеттің тырнағына ілініпті. Кімнің кім екенін жағдай орын алғанда білесің деген, ақ халатты абзал жандардың арқасында 1911 аудан тұрғыны дерттен айығып шыққан. Ал тап қазір 101 аудан тұрғыны сырқаттанып жатыр. Қаратал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Е.Сейсембинов аудан тұрғындарын сақтық сақтауға шақырады. Көп тұрғынның әлі де «короновирус жоқ» деген негізсіз әлеуметтік желіде тараған жалған ақпаратқа сенетінін айтты бас санитар.
Жалпы ауданда екпе салу жайы қалай? Соны таразылайық. Бүгінде Қаратал ауданы бойынша халықты КВИ-ға вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша жұмыс жалғасуда. Аудан аумағында короновирусқа қарсы вакцина алады деген жоспардағы сан – 25 мың. Демек, осынша аудан тұрғыны екпе алуы керек. Бүгінде 13991 тұрғын вакцина алған. Оның ішінде осынша тұрғын бірінші компанентін алса, 10678 тұрғын екінші компаненті алыпты. Дегенмен жоспар 56 пайызға орындалған. Жалпы, аудан көлемінде тұрғындар вакцинаның 5 түрін алуда. Екпелердің көш басын аюлы елдің ғалымдары шығарған «Спутник V» вакцинасы бастап тұр. Жалпы, бұл вакцина короновируспен күресте өз тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Бұл аралас векторлық вакцинамен аудан көлемінде 9858 адам егіліпті. Екінші межеде Hayat-Vax вакцинасы тұр. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Рась-Аль-Хайма қаласында орналасқан «Жулпар» фармацевтикалық өндірісінде шығарылған вакцинаны және ДСҰ сенімінен шыққан Синофарм вакцинасын 2558 қараталдық салдырыпты. Үздік үштікті Короновак вакцинасы түйіндесе, QazVac вакцинасы бестікке жайғасқан. Тарқатсақ, Короновак вакцинасын 795 тұрғын алса, QazVac вакцинасын 635 қараталдық ектіріпті. Айтпақшы, бүгінде аудандық егу пунктерінде 1636 вакцина бар. Бұл сан әлі ұлғаяды. Себебі, ауданға вакцина тұрақты жеткізіліп тұр.
Елімізде ғана емес, әлемде індет өршіп тұр. Тап қазіргі уақытта қауіптілік жоғары. Бұл індеттің алдын алатын, тәж тажалды түбегейлі жоятын жалғыз жол - екпе салдыру. Әрине, екпеге немқұрайлы қарауға болмайды.

Автор:
Д.Кемеңгер