Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сары есіктің саңлағы


27 сентября 2021, 09:07 | 950 просмотров



Елімізде соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан спорттың бірі - аралас жекпе-жек. ММА де қазақ жігіттері де табысты өнер көрсетуде. Шафхат Рахмонов, Ресей атынан шықса да көк туды жамылып жүрген Дамир Исмагулов бауырымыз бар, тағысын тағы тізе берсек батырларымыз жетіп артылады. Біздің жауынгерлер көңіл қуантып жүр. Жуырда Алматыда аралас жекпе-жек кеші өтіп, жарыста жерлесіміз, Қаратал ауданынан шыққан Жарас Ілиясов есімді жауынгер жеңіске жетті.

Жарас «жауынгер» «Бушидо» дейтін промоушеннің өкілі екен. Алматыдағы аралас жекпе-жек кешінде қараталдық спортшы 93 келіде сынға түскен. Қарсыласын бірінші раундта-ақ жасаған соққысының арқасында нокаутқа жіберді. Бұл Жарастың кәсіби аралас жекпе-жектегі алғашқы сайысы, яғни, дебюті болды. Сөйтіп, профидегі дебютін осындай жарқын жеңіспен бастаған бауырымызға хабарласып, құттықтадық. Бұл спортқа қалай келгені жайында, жалпы, спорттағы қадамдары қалай болғаны турасында білгіміз келген. Жарас, Қаратал ауданындағы балықшылардың ауылы саналатын Көпбірлік ауылында дүниеге келіпті. Өзге балалар секілді жастайынан футбол не күрес секілді спорт түрлерімен шұғылдануына мүмкіндігі болмаған. – 1997 жылы Үштөбе қаласында дүниеге келдім. Ауылым Көпбірлік деп аталады. Туған ауылымда тоғызыншы сыныпқа дейін орта мектепте білім алдым. Үйдің жалғыз ұлымын. Екі қарындасым бар. Спорт дейтіндей ешқандай спортпен айналысқам жоқ бала кезімде. Өйткені, бізде үйірме болған емес. Спортқа әуестігім сол қанымызда шығар. Ілияс атам жауырыны жер иіскемеген палуан болған деседі. Ауылдағы үлкендер ол кісі жайлы көптеген қызықты әңгімелер айтып жүретін. Соларды естіп өстік. Атамыз бұла күштің иесі болыпты. Ауылдағы тойларды күресіп, ешқашан жеңілістің ащы дәмін татпаған екен. Сол біздің бойымызға сол атамыздан дарыған болуы керек осындай қасиет. Спортты 17 жасымда бастадым десе де болады. Біреуге кеш, біреуге ерте шығар.
Жиырма күн жаттығып
чемпион атанды
Жарас жастайынан спортпен шұғылданбаса да, көштен қалған жоқ. Спортты он жеті жасында бастап, кудодан Қазақстан чемпионатында топ жарды. Ең таңқаларлығы, Қараталдық жігіт бұл жарысқа жиырма күн ғана дайындалыпты. Осыншама аз уақытта ел чемпионатын ұтатындай ол қандай шеберлік десеңізші. – Бұл менің ең бірінші жарысым еді. Жиырма күн дайындалып, Қазақстан чемпионатын ұттым. Бұл сайыста үш жекпе-жек өткізгем. Ал мендегі базовый спорт ол қоян-қолтық ұрыс. Қазір санайтын болсам, әуесқойлар арасында алты рет Қазақстан біріншілігінің бас жүлдесін еншілеппін. Сонымен қатар, үш халықаралық жарыста бірінші болдым. Әуесқойлар арасында Алматы чемпионатында бес рет жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына көтерілдік. Ресейде өткен Әлем біріншілігінде күміс жүлдені қанжығаға байлап қайттық.
Ол Алматыдағы дебютінде жарық жұлдыздай жарқ ете қалғанда, есімінің көпшілікке таныс болмағаны түсінікті. Алайда, жас спортшы бұл жеңісіне көп дайындалды. Талай тер төкті. Жерлесміз профидегі бұл қадамын көптеген жарыстарға қатысып, ысылып барып басты деуге болады. - Әуесқойлар арасында біраз жарысқа қатысып, тәжірибе жинап барып кәсіби жекпе-жекке өтемін деп ойладым. Сондай жоспарым болды іштей, - дейді «жауынгер» Жарас. Барлығын асықпай, таразыға салып барып шешім қабылдайтын спортшы өзінің алғашқы жекпе-жегіне де тыңғылықты дайындалыпты.
- Астанада Біржан дейтін бапкерім бар. Бірінші жекпе-жекке сол дайындады. Қарсыласымның күресі мықты екен. Біз мұны білдік. Осы бағытта дайындылдық. Күреске қарсы әдіс-тәсілдерді пысықтадық. Қысқасы, күресу тәсілдеріне көп көңіл бөлдік қой дайындық кезінде. Бірақ, жекпе-жек барысында сәтін салып, күреске жеткізбедік. Өздеріңіз тамашалағандай, уақытынан бұрын жеңіске жетіп кеттік. Барлығы ойдағыдай болды. Жекпе-жек жоспары деген болады ғой. Біз бапкерім екеуіміз сол жоспарымызды толықтай орындай алдық деп айта аламын, - дейді Жарас батыр алғашқы жарысы жайлы ойын түйіндеп.
Көзің көгерсе, төбелесе
алмайды деген сөз емес
Жарастың өзі қазір елордада тұрады. «Бушидо» дейтін промоушеннің намысын қорғайды екен. Қараталдық жауынгердің өзінің алғашқы бапкері, осы жекпе-жек әлеміне әкелген ұстазы жайлы бір қызық оқиғасы бар. Өмірде болатын әрбір оқиға бекер емес дейді. Мұны кейде бізде, адамдар тағдыр деп те жатамыз, иә? – Ең алғашқы бапкерім Нұрлан ағай. Алматыда. Ол кісімен танысуымыздың өзі қызық болды. Аулада отырғам, әткеншекте. Көзілдірік киіп алғам. Көзім көгеріп қалған. Ол кезде колледжемін ғой. Балалар жабылып ұрып кеткен еді. Көз деген көгеріп қалған. Сонымен, отырғам есік алдында. Сол кісі келді, мен оны танымаймын. Ол да мені танымайды.
– Төбеле алмайсың ба не, көзің көгеріп қалыпты ғой, - дейді. Мен, көзің көгеріп қалса, төбеле алмайды деген сөз ба деп айтқам сол кезде. Осыны әлі күнге дейін айтады бапкерім. Бұрын ешқандай спортқа қатысып көрмеп па едің деп сұрады. Осылай танысып, араласып кеттік. Жаттығуына шақырды. Сөйтіп дайындады. Ал енді төбелес өзі де бойымызда бар болып тұр ғой. Бала кезде ауылда төбелесіп, алысып өстік дегендей. Әрбір баланы ағасы төбелестірген шығар бала кезінде. Біз де сол секілді кішкентай кезден күш сынасып, төбелестік. Пісіп өстік, пісіп келдік қалаға. Тек сол техника жағы осал болды. Сөйтіп, Алла тағала Нұрлан ағайымызды жолықтырды. Барлығы бұйрық шығар деп ойлаймын.
Жарас кәсіби аралас жекпе-жектің адамға қандай жауапкершілік жүктейтінін, қаншалықты қауіпті спорт екенін жақсы біледі. Ол өткізген әрбір жекпе-жегінің видеоларын қайталап қарап, қателіктерімен жұмыс жасайды. Қай сәтте қандай тәсіл жасады, қандай соққысын әлі де пысықтай түсу керек дегендей тұстарын асықпай отырып, қарайды екен.
– Аралас жекпе-жекте мықты жігіттер көп. Бірақ мен ешкімге еліктемеймін. Әркімнің өз жолы бар. Өзіме өзім үлгі болғым келеді. Сондықтан, өзімді үнемі жетілдіруге тырысамын. Әр жарыстан кейін, қоян-қолтық ұрыстан, кудодан өткен сайыстарымның видеоларын жазып, соларды қарап жүремін. Өзімнің мықты я осал тұстарымды білемін. Олармен жұмыс жасап келемін. Осы Қаратал ауданы, Абай дейтін ауылдың тумасы, Назарбек дейтін бауырым бар. Қазір осы Астанада ол да. Сол ағам маған бапкерден бөлек өзінің білгенін үйретіп жүр. Оған да алғысым шексіз.
Жас спортшының жоспары көп. Болашақта профи сайыстарында биік-биік шыңдарды бағындырсам дейді. Жарас үшін қазір атақ пен ақша бірінші орында емес. – «Бушидо» дейтін промоушен қазан айында жарыс өткізеді. Мен бақ сынайтын 93 келідегі бас жүлде автокөлік деп жатыр. Сол ұйымның басшысы Асхат дейтін ағамыз, сен сол бас жүлдеге, автокөлікке басты үміткердің бірісің. Төбелелес, - деген болатын. Бірақ, мен үшін одан да мықты жарыстар бар алдыда. Әлем біріншілігі, қоян-қолтық ұрыстан Президент кубогі бар. Осы жарыстар маңызды болып тұр өзім үшін.
Шеберлік үшін
автокөліктен бас тартты
Иә, жап-жас жігіт үшін автокөлік дегеннің үлкен силық болатыны анық. Алайда, ол үшін қазір тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдау маңыздырақ болып тұр. - Осал тұс дегенде, біздің осал тұсымыз күрес болып тұр ғой. Бізде қоян-қолтық ұрыс болғасын көбінесе тұрып төбелесеміз. Қол-аяқ, қол-аяқ болғасын, күресууге көп көңіл бөлмейміз. Сондықтан күрес жағы әлсіздеу болып тұрған жайы бар. Аралас жекпе-жектің кәсіби түріне ауысқандықтан енді осы кемшін соғып тұрған тұсымызға көңіл бөлуге тура келіп тұр. Аралас жекпе-жекте түрлі қарсылас кезігеді. Жақсы белдесетін жауынгермен жолың түйіссе қиынға соғады ғой. Енді бұйырса бұл да қолымыздан келетін нәрсе деп ойлаймын. Күреспейтін қазақ баласы жоқ. Бұл спорт қанымызда емес пе?! Көш жүре түзеледі дегендей, енді-енді бастап жатырмыз ғой. Жақсы күресетін балалармен жаттығу жасап жіберсек, бұл олқылықтың да орнын толтыруға болады.
Жарас батыр елімізде аралас жекпе-жектің дамуы қарқынды дейді. Жігіттердің жеңісті күндері көп боларына да сенім білдіріп отыр. – Аралас жекпе-жек мықты дамып жатыр ғой қазір. Бізде де қазақтың мықты-мықты жігіттері шығып жатыр. Әлемді мойындатып жатыр. Енді-енді жақсы қарқын алуда. Қазақстанымызды әлемге танытатын – спорт пен мәдениет қой. Әрбір спортшының арманы, мақсаты – үлкен додаларда топ жарып, көк байрағымызды көкке көтеру ғой. Менің де арманым осы.
Алматыда өткен жарыстан кейін Жарас демалыс алып, туған жерге, ауылына келіпті. Жауынгер бауырымыз туған топырақтан күш алып қайтуды ойлаған болар. – Осы бір-екі күнде ауылға барып қайттым. Сонда ауылдағы ағайын құшақ жая қарсы алды. Үлкен кісілер, сен Тілеуғұл атамыздың тікелей ұрпағысың, сол сенің атаң. Батырлығың содан дарыған деп жатыр. Сол кісінің батырлығын айтып жатыр. Сосын өзімнің Ілияс атам бар. Оның да жауырыны жер иіскемеген батырлығын айтты. Енді ол кісілерге жету қайда. Бірақ сонда да біз де ертең жастарға, артымыздан ерген інілерімізге үлгі болатындай өмір сүрсек деген ой ғой. Бізбен де мақтанып, айтып отыратындай дәрежеге жетсек дейміз.
Жарас «жауынгер» Ілиясовтың мақсаты айқын. Кәсіби аралас жекпе-жекте асықпай, қадам-қадамымен биік белестерге шықсам дейді. Әр жекпе-жегін қайталап көріп, өз-өзімен жұмыс істейтін жас спортшының болашағы жарқын деп сенеміз!

 

Автор:
МҰРАТ МҰҚАШҰЛЫ