Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тәуелсіздік күні – маңызды тарихи дата


27 сентября 2021, 09:06 | 1 102 просмотра



Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл –қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.

Шынында, Тәуелсіздік күні – маңызды тарихи дата. Оны той тойлау үшін емес, бәрімізге ой толғау үшін жоғары деңгейде атап өтуіміз керек. Себебі Тәуелсіздік – бабаларымыз аңсап, біздің қолымыз жеткен Тәңір берген тәтті сый. Осы 30 жыл ішінде Қазақстан күш-қуаты нығайып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар.
Егемен еліміз, сүйікті Отанымыз жыл сайын 16 желтоқсанда ұлттық мереке — Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Биыл, өкінішке қарай, әлемдік пандемия салдарынан салтанатты шаралар өтпеді. Дегенмен халқымыз үшін бұл күн мәні мен маңызын жоғалтпайды. Бұл күн әрбір отаншыл, патриот азаматтың жүрегінде от болып лаулап, еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, болашаққа деген сенімін нығайта түседі. Себебі Отанды сүю – адамзаттың асыл міндеті, азаматтық борышы, өмірлік ұстанымы.
Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше.Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.Тәуелсіз Қазақстанның Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Алла Тағала бізді осы бақытымыздан айырмасын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Автор:
Нұржан Рақметқазынов,Қаратал ауданының мәслихаты депутаты, «Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі