Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Білім ошақтарының жайы бақылауда


27 сентября 2021, 09:03 | 1 106 просмотров



Жуырда Алматы облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев бастаған біршама халық қалаулысы Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласындағы және облыс орталығындағы білім нысандарының күрделі жөндеу жұмысын пысықтады.

Ауқымды миссияны жоспарлаған комиссия мүшелері алғашқы болып Талдықорғандағы Н.Островский атындағы №8 орта мектептің жайымен танысты. Мердігер компания «СП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығының дәйегінше, білім ошағы қолданысқа ағымдағы жылдың желтоқсан айында берілуі тиіс. Алайда, білікті мамандардың арқасында жаңғырту жұмысы ерте аяқталып, қолданысқа межелі уақытқа жеткізбей берілетінін жеткізді. Мың орынды мектептің құрылыс жұмыстарымен 82 құрылысшы айналысып, 4 арнайы техника тартылған. Бұл мектептегі күрделі жөндеу салдарынан оқушылар 6 мектепте және жақын маңдағы колледждердің ғимараттарында білім алуда. Оқушыларға арнайы автобус та бөлінген.
– Білім ошағын жаңғырту барысында ішкі және сыртқы жұмыстары 90 пайызға тәмамдалды. Құрылыс басында қарқында жұмыс байқалады. Уақыттан қалып келе жатқан жоқпыз. Сапа да басты назарда. Алдағы аптада сыртқы жұмыстарға көшеміз, – деді серіктестік басшысы Оңалды Тәжібаев.
Білім ордасын толықтай аралап шыққан Жанболат Жөргенбаев жөндеу жұмыстарына оң бағасын берді. Дегенмен, сапалы жұмыс үшін қарқынды күшейту керегін тілге тиек етті.
- Өткен айдағыдай емес, жұмыстарыңыз сырбыр тартқан сыңайлы. Әсіресе, электр жүйесі мен абаттандыру жұмыстарына күш жұмсау керек. Осы мәселені қолға алыңыздар. Мектепті сапалы әрі уақытылы аяқтауларыңыз керек, ­– деді Жанболат Әкебайұлы.
Мұнан соң халық қалаулылары бастаған топ Үштөбе қаласындағы А.Пушкин атындағы орта мектепке бас сұқты. 1171 орынды білім орнында 320 оқушы ғана білім алады. Себебі, ғимараттың іші өте суық, жылу жүйесі де ақаулы, жылу сақтау жайы да мәз емес еді. Осы кемшілікті түзетіп, олқылықтың алдын алу мақсатында мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатып. Өткен жылы мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың қазан айында аяқталатынын алға тартты сала мамандары. Нысан құрылысына өзгерістер енгізілуіне байланысты жұмыс ұзаққа созылыпты.
Сапар соңында комиссиялық топ Кемел Тоқаев мектебіне атбасын бұрды. 600 орындық мектепте жүктеме басым, мұнда 800 бала оқиды. Осындай жүктемеден соң мектеп жанынан қосымша 200 орындық ғимарат тұрғызылуда. Аудан басшылығының айтуынша, келер жылы 100 орынды колледж бен 30 орынды жатақхана салу жоспарланып отыр екен. Тамыз айында басталған құрылысқа 100-ге жуық құрылысшы, 8 арнайы техника жұмылдырылған. Негізі жұмыс 11 айда аяқталуы тиіс. Десе де, мердігер компания басшылығы қарымды қарекет нәтижесінде құрылысты ерте аяқтайтынын жеткізді.

Автор:
Д.Келімбет