Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Сақтансаң, сақтайды


17 сентября 2021, 03:55 | 1 070 просмотров



Тәж тажал қос өкпеден қысқан шақта өмір сүріп жатырмыз. Алаш даласы ғана емес, төрткүл дүние қазір осы індеттің кесірінен зардап шегіп келеді. Иә, әлем жұртшылығы «коронавирустық өмір» деп атау қойған бұл алмағайып заманның да күндердің күнінде өтеріне сенім мол. Дегенмен, қазір қарап қалуға жарамас. Біз де әлем көшіне ілесіп, тәж тажалмен күресіп, оның алдын-алу ісінде немқұрайлылық танытпауымыз керек. Өмір осыны талап етеді. Ал әлемді жайлаған бұл аурудан құтылудың бірден бір жолы, әрине, екпе алу екені түсінікті. Бұл тарапта қазір Жетісу жерінде де біраз шаруаның басы қайырылыпты. Енді осыларды рет ретімен тарқатсақ.

Екпе алу бойынша Алматы облысының халқын ақпараттандыру бағытында біраз жұмыс жүргізілді. Маңызды шаруа әлі де жалғасып жатыр. Азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, екпе алуда белсенді болуға үндейтін бейнероликтерді, жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы түрлі материалдарды көзіміз көріп, көңіл қуанды. Бұл шаралар да жеміссіз емес деуге болады. Сөзіміз құрғақ болмас, үшін мынадай деректерді келтірейік. Мәселен, облыста бүгінде ұстаздар қауымының 99,9%-ы екпе алған. Бұл дегеніміз 56,9 мың мұғалімнің 50,1 мыңы Covid-19-ға қарсы екпе алыпты. Алматы облысында 6,4 мың мұғалімнің медициналық қарсы көрсетілімдері бар екен. Жуырда жаңа оқу жылы басталды. Мектептер есіктерін айқара ашып, білім жолын қуған өрендерді қуана қарсы алды. Алайда, бұл жаңалықтың екінші жағы да барын өздеріңіз де түсінетін боларсыздар. Індеттің алдын-алу мен сақтық шараларын екі есе күшейту керек деген мәселе шығады. Өйткені, бала – болашақ. Дені сау жастар – мемлекеттің ертеңі. Жаңа оқу жылында облыстың 763 жалпы білім беретін мектептерінде 442 420 оқушы білім алады екен. Бүгінгі күні штаттық режимде 376 809 (85,2%) оқушы оқиды. Аралас форматта– 64 995 (14,7%) оқушы білім алып жатқанға ұқсайды. Сақтық шараларына қарамастан өңірде біраз жағдайлар тіркелгені мәлім. Атап айтсақ, 1 қыркүйектен бастап облыс бойынша балабақша тәрбиеленушілерінің КВИ-дің 18 жағдайы және оқушылар арасында 422 жағдай орын алды. Оның ішінде 31 науқас стационарда ем қабылдауда.
Облыстағы аудандардың жай-күйі де түрлі дәрежеде. Бірақ, бір анығы, барлық аймақта аты жаман аурумен күрес жүріп жатыр. Мәселен, Қаратал ауданында да коронавирустың алдын-алу шаралары, Әлемді жайлаған індетті ауыздықтауға бағытталған жұмыстар ретімен жалғасуда. Аудандық аурухананың директоры Біржан Асқарұлының айтуынша, Қаратал ауданында қазір аурумен күрес қызу жүргізіліп жатыр.
- Бүгінгі таңда Қаратал ауданының КВИ-1 бөлімшесінде 69 науқас стационарлық ем қабылдауда. Бұл жерде дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің, үйде өзін-өзі емдеумен айналыспаудың қажеттілігін атап өткім келеді, өйткені салдары қайтымсыз. Қаратал ОАА КВИ-1 стационарынан басқа 8 мобильді бригада үйге барып және емхана жанындағы сүзгі жұмысын жүргізеді. Covid-19 емдеу клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізіледі. Қазіргі уақытта ауруханада дәрілік препараттар, ЖҚҚ, оттегі концентраторлары жеткілікті, себебі уақытылы сатып алу жүргізіледі. Біздің ауданда коронавирустық инфекциямен күреске барлық мемлекеттік құрылымдар тартылған. Аудандық және қалалық әкімдіктер, прокуратура, АІІБ біздің ауруханаға айтарлықтай көмек көрсетуде. Қалғаны осы аурумен күресуде әр азаматтың жауапкершілігі жатыр. Мен карантин шараларын сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға, күнделікті профилактика жүргізуге және, әрине, әрқашан оң ойлауға шақырамын. Өйткені, психологиялық денсаулықтың әсері осы қорқынышты ауруды жеңу үшін өте маңызды, - деген Қаратал аудандық орталық ауруханасының директоры, атқарылған шаралар туралы ойын түйіндеді.
Жеке адамның
жауапкершілігі маңызды
Аурумен күресте әрбір адамның сана-сезімі басты рөлге шығады. Өйткені, сақтық ең алдымен өзімізден басталады. Бұл ретте де Қаратал ауданының бас дәрігері мынадай ойын ортаға алған болатын.
- «Пандемия» ұғымы қазақстандық-тардың, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша адамдардың күнделікті өміріне қатты еніп кетті. Көптеген адамдар әлі күнге дейін Маска киюдің тиімділігіне және басқа да карантиндік шараларды сақтауға сенбейді. Бұл қайғылы нәтижелерге әкеледі, атап айтқанда коронавирустың барлық жерде таралуы мүмкін. Адамдар банкет шараларын жүргізуді жалғастыруда, вакцина алудан жалтарып, әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпарат таратуда. Сондықтан, коронавирустық инфекцияның айналасындағы шындық пен мифтің көптеген шекаралары бұлыңғыр. Мен және менің қызметкерлерім адамдардың осы қорқынышты ауруға немқұрайлы қарауына қарамастан, өз міндеттерін орындай отырып, тікелей қызыл аймақта тұрмыз. Мен барлығына карантин шараларын сақтай отырып, вакцина алу арқылы біз коронавирусты жеңе алатынымызды жеткізгім келеді. Сондай-ақ дұрыс тамақтанудың әсері, салауатты өмір салтын ұстану иммунитетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Пандемияның басынан бастап емделіп шыққан адамдар саны 1319, - дейді Біржан Асқарұлы.
«Ашық» жобасының арқасында 2115 адамның «қызыл» түсті мәртебемен жүргені белгілі. Бүгінгі таңда облыста 8747 кәсіпкерлік нысаны «ашық» бағдарламасы бойынша QR-код алса, оның 559-ы тестілік режимде жұмыс істейтін көрінеді. Иә, соңғы уақытта «Магнум» секілді сауда желілерінің өзіне халықты тексеріп барып ішке кіргізіп жүр. Өте дұрыс! Халық жиі шоғырланатын мұндай орындарда сақтық басты орында болуы тиіс. Ашық жобасы, басқасы бар, мұның барлығы жұртшылық көп жерлерде міндетті түрде болуы керек. Қазір «ашық» көшбасшысы» мәртебесі 102 кәсіпкерлік нысанына берілді. «Сары» мәртебесі бар азаматтарға қатысты үй карантині шарттарын сақтау қажеттілігі туралы талаптармен 284 қаулы берілгенін де айта кетейік.
Қауіпті індетпен күресте екпе алу басты қарудың бірі дейді денсаулық сақтау саласының мамандары. Десе де, ағайынның бұл тарапта әлі де болсын толық түсінбей жатқандай сыңай қалдырады. Әйтсе де, жетісу өңірі бұл мәселеде өзгелерден көш ілгері секілді. Мәселен, Алматы облысында халықтың 90%-ы екпенің бірінші бөлігін алыпты. Не дейміз, көңіл қуантатын жайт. Мамандар да біліп айтатын шығар. Бүгінгі таңда Алматы облысында вакцинамен қамту жоспар бойынша 65 пайызға жеткен. Аудандарға шағып айтатын болсақ, Балқашта (107%), Ақсу (103%) құрап отыр. Сондай-ақ, Панфилов (54%), Талғар (49%), Қаратал (47%) аудандарында егу жұмыстары төмен қарқынмен жүріп жатқанын да жасырудың реті жоқ. Облыста вакцинаның бірінші компонентімен 711 мың (92%) адам егілген. Екінші компонентімен 594 мың (83%) тұрғын егілді. Азаматтардың кейбір санаттары үшін (негізінен мұғалімдер, әскери қызметкерлер, мемлекеттік қызметкерлер) міндетті вакцинацияның енгізілгенін барлығымыз да білеміз ғой. Бұл енді адамның бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмысын атқаратын азаматтар үшін аса маңызды шешім болды. Бірақ, азаматтық қоғамы қалыптасқан елдердегідей вакцинация ерікті болуы керек.
Жыл басынан бері Алматы облысына вакцинаның 1 компонентінің 773 685 дозасы келіп түсті. Оның ішінде 598 575 доза Гам Ковид Вак, 104 100 доза Sinopharm, 43 010 доза QazVac және 28 000 доза – КоронаВак. Вакцинаның 2 компонентінен 701 310 доза алынған екен. Атап айтсақ, оның ішінде 526 200 доза Гам Ковид Вак, 104 100 доза Sinopharm, 43 010 доза QazVac және 28 000 доза – КоронаВак». Бір қуантарлығы Алматы облысы бойынша білім ошақтарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, мектептерде карантиндік шаралар қатаң сақталуда. Барлық мектептер қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 200 млн.теңге бөлініпті. Барлық білім беру мекемелерінде «Ашық» бағдарламасы енгізілген. Алайда, осыған қарамастан, коронавирустық инфекция жағдайлары мектептер мен балабақшаларда да тіркеліп отырғаны жанға батады. Тәж тажал жағдайларының таралуына жол бермеу мақсатында қалалар мен аудандардың санитарлық дәрігерлері облыстың 99 мектебінің 107-сыныптарында карантин енгізу туралы 99 қаулы шығарды және 2 153 оқушы мен мұғалімді үй карантиніне көшіру туралы шешім қабылданған екен. Айта кетейік, денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық ұйымдарда жеке қорғану құралдарының айлық қоры және дәрі-дәрмектердің азаймайтын қоры бар. Бүгінде 15 зертхана жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаттылығы 9 мың зертханалық зерттеулерді құрайды. Ең соңғы мәліметтерге сенсек ПТР әдісімен 944 582 адам зертханалық тексеруден өткен. Оның ішінде 16 486 медицина қызметкері бар. Бұдан басқа, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жергілікті бюджет есебінен 92,1 млн.теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алынған.
«Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, айналып келгенде сақтық әрбір жеке адамның жауапкершілігіне, сана-сезіміне байланысты. Мұны қоғам, қауым болып түсініп алмайынша, бұрынғы мамыражай өмірдің қайтып келуі қиын болады. Бірақ, жақсылыққа сенеміз, әлі-ақ жақсы күндер орнайды.

 

Автор:
М.МҰҚАШҰЛЫ