Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бірінші жарты жылдықта көрсетілген медициналық көмек көлемінің өсуі МӘМС есебінен болды


13 сентября 2021, 10:31 | 458 просмотров



2021 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда медициналық көмектің бірқатар бағыттарының көлемі өсті. Бұл жалғасын тауып жатқан коронавирустық пандемия жағдайында да денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуге бейімделгендігін көрсетіп отыр. Осы туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлімдеді.

Осылайша, емханалар деңгейінде көрсетілетін консультациялық-диагностикалық көмектің көлемі ұлғайды. Консультациялар мен диагностикалық қызметтер саны 2020 жылмен  салыстырғанда 31% - ға артты. Барлығы 70 млрд теңге сомасына  41,1 млн қызметтің түрі  көрсетілді, бұл 2020 жылдың 1- жартыжылдығына қарағанда 12,7 млн-ға артық болып отыр.

Сонымен қатар, МӘМС амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мөлшерін арттыруға мүмкіндік берді. Науқастардың тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілетін аурулар тізімі  45-тен 138-ге дейін кеңейтілді.

"Бұл жерде, ақпараттық жүйелерде жан басына шаққандағы нормативпен (МСАК, мектеп медицинасы) қаржыландырылатын көрсетілген қызметтер бойынша деректер толық көлемде енгізілмеген. Медициналық ұйымдардың барлығы  аталған  қызметтер бойынша деректерді толық енгізуі қажет", - деп атап өтті Қор басшысы.

Сонымен қатар, Болат Төкежанов мамандандырылған медициналық көмекке тоқталып өтті. Мәселен, өткен жартыжылдықта медициналық сақтандыру есебінен еліміздің стационарларында жоспарлы түрде 434,3 мыңнан астам пациент ем алды. Бұған МӘМС жүйесіне барлық стационарлық көмекті қаржыландыру көлемінің 51,2% - ы бағытталған.

"Медициналық ұйымдарда 376 мың ота жасалды. Жоспарлы емдеуге жатқызуды 10 күн күтетін пациенттердің саны 42% - ға (13,2 мыңнан 11,4 мың пациентке дейін) қысқарды", - деп мәлімдеді ӘМСҚ басшысы.

Б.Төкежанов сондай-ақ Қордың медициналық оңалтуды дамытуды, оның ішінде амбулаториялық деңгейде дамытуды ынталандыруды жалғастырып отырғанын айтты. Осы ретте осы қызметтер бойынша  Өнім берушілер саны 20 есеге, 64-тен 618-ге дейін өсті, ал көрсетілген қызметтерді қаржыландыру көлемі 22 млрд теңгеден асты.

Автор:
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы