Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тәж тажалмен күресте қарым қандай


10 сентября 2021, 04:15 | 1 053 просмотра



Бүгінде тәж тажалдың араны әбден ашылып алғандай. Өзі қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүргенде адамзат өмірін қауіп құшағына тіреген індеттің уақыт өте түрлене түсуі талайдың апшысын қуырып отыр. Шын мәнінде билік басындағылар халықтың қауіпсіздігі үшін бар жағдайды жасап әлек. Атқамінерлер әлсін-әлсін халық арасында қауіпті індетпен күресуде қоғамдық сананы қалыптастырмай жеңу мүмкін емесін айтып, тұрғындардың жайына болысуда. Қалай дегенмен ата заңымызда көрсетілгендей билік басындағылар елімізде халықтан асқан байлық жоғын назардан шығарған емес. Ал сол байлықтың сау болуы үшін де атқамінерлер құлаш сермеп келеді. Оны аңғару үшін уақыт жоғалтып, алысқа ат шаптырудың қажеті жоқ. Қаратал ауданының әкімі Е.Шойұлы ауданның денсаулық сақтау саласының басшыларымен бірлесіп жиі халықпен кездесіп жүр.

Әрине, онлайн форматта. Әлеуметтік желіде тұрғындарды толғандырған мәселелерді жіпке тізгендей баяндап, қоғамдық саулықты қалыптастыруда жұмылған жұдырықтай болу керегін жиі айтып жүр. Әрине, әкім айтқанмен, тұрғындар қауіпке қам қылмаса, арты қайғыға душар етері бесенеден белгілі. Жалпы, мамандар да, ғалымдар да дәлелдегендей аты жаман залалы көп індетті жеңудің жалғыз жолы – екпе жасату. Мұны аудан әкімі Е.Шойұлы әр жиында, әр тұрғынмен басқосуда айтып жүр. Осы орайда, біз де аудандағы тәж тажалмен күрес жайын таразылап көруді жөн көрдік. Әдеттегідей Қаратал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасындағылармен байланыстық. Сараладық, таразыладық. Сомен...
Сонымен, ауданда короновируспен күрес, яғни вакцинациялау қарқын алған. Оған себеп, аудан басшылығының және ауданның бас санитарының еңбегі зор десек, артық айтқандық емес. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Е.Сейсембинов жұмыла жүріп, жұдырықтай біріге қарекет етудің арқасында ғана тәж тажалды жеңу мүмкін екенін алға тартады. Шынында, құзырлы мекеме басшысы бүгінде күрес қарқынды екенін айтады.
- Әр адам бірінші кезекте өзінің сақтығын ойлауы керек. Одан соң туысқандары мен жақындарының денсаулығы үшін де абай болуы тиіс. Айналадағы адамдармен мүмкіндігінше арақашықтықты сақтау қажет. Уақытша індеттің көзін жойғанша той-томалақ, қонаққа бару, сондай-ақ өзге де адам көп жиналатын шаралардан бас тартқан жөн. Егуден бас тарта отырып, әрбір тұрғын өте ауыр, асқынулары, тіпті өліп кету қаупі бар ауруды таңдайды. Короновирустық жұқпадан сақтанудың ең сенімді кепілі – ол вакцинация. Әрбір аудан тұрғынын қауіпті індеттен құтылу үшін вакцина алуға шақырамыз, - дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Е.Сейсембинов.
Жоғарыда короновирустың қарқын алғаны жөнінде айттық. Шын мәнінде құзырлы мекеме басшысы айтқандай әрбір тұрғын сақтық шараларын сақтап, екпе алмайынша қоғамдық саулық қалыптаспайды. Осындай үгіт-насихаттық жұмыстар жер-жерде жүргізілгенмен, әлі күнге кей замандас сақтық шараларын елең қылмай, халық көп шоғырланған орындарда алаңсыз жүруі, халықты жиып, алаулатып, жалаулатып той жасауы толастамай тұр. Ескерту ескерусіз қалмас деген ниетпен құзырлы орындар сақтық шараларын күшейтуді, екпе салдыруды барынша насихаттап келеді. Есесіне, мұндай ескертулерді елең қылмаудың нәтижесінде ауданда 1676 адам қауіпті індеттің тырнағына ілініпті. Кімнің кім екенін жағдай орын алғанда білесің деген, ақ халатты абзал жандардың арқасында 1419 аудан тұрғыны дерттен айығып шыққан. Қаратал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Е.Сейсембинов аудан тұрғындарын сақтық сақтауға шақырады. Көп тұрғынның әлі де «короновирус жоқ» деген негізсіз әлеуметтік желіде тараған жалған ақпаратқа сенетінін айтты бас санитар.
Жалпы ауданда екпе салу жайы қалай? Соны таразылайық. Бүгінде Қаратал ауданы бойынша халықты КВИ-ға вакцинациялауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша жұмыс жалғасуда. Аудан аумағында короновирусқа қарсы вакцина алады деген жоспардағы сан – 25 мың. Демек, осынша аудан тұрғыны екпе алуы керек. Бүгінде 11590 тұрғын вакцина алған. Яғни жоспар 46 пайызға орындалған. Жалпы, аудан көлемінде тұрғындар вакцинаның 5 түрін алуда. Екпелердің көш басын аюлы елдің ғалымдары шығарған «Спутник V» вакцинасы бастап тұр. Жалпы, бұл вакцина короновируспен күресте өз тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Бұл аралас векторлық вакцинамен аудан көлемінде 8304 адам егіліпті. Екінші межеде Hayat-Vax вакцинасы тұр. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Рась-Аль-Хайма қаласында орналасқан «Жулпар» фармацевтикалық өндірісінде шығарылған вакцинаны 1213 қараталдық салдырыпты. Үздік үштікті аспан асты елінің ғалымдары шығарып, ДСҰ сенімінен шыққан Синофарм вакцинасы түйіндейді. Бұл вакцинамен 900 аудан тұрғыны егілген. Төртінші орынды Короновак вакцинасы түйіндесе, QazVac вакцинасы бестікке жайғасқан. Тарқатсақ, Короновак вакцинасын 795 тұрғын алса, QazVac вакцинасын 209 қараталдық ектіріпті. Айтпақшы, бүгінде аудандық егу пунктерінде 3037 вакцина бар. Бұл сан әлі ұлғаяды. Себебі, ауданға вакцина тұрақты жеткізіліп тұр.
Айтпақшы, ауданда вакцинациядан 502 медицина қызметкері өткен. Бұл қараталдық ақ халаттылардың 81 пайызын құрайды. Ал ұстаздар қауымы да ешкімнен қалыс қалып жатқан жоқ. Қыркүйекте басталатын жаңа оқу жылына қауіпсіздікті еселеп баруды ескеріп, 935 педагог екпе жасатыпты. Бұл аудандағы ұстаздардың 72 пайызын құрайды.

Автор:
М.Мақсым.