Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Конституция - негізгі заң


10 сентября 2021, 04:12 | 1 308 просмотров



Қазақ халқы ежелден заңсыз, жорасыз өмір кешкен емес. Сонау сақ пен ғұннан басталып, Күлтегін-Тоныкөкпен жалғасын тапқан адалдық пен адамгершілікке негізделген дала заңы – Керей мен Әз-Жәнібек құрған қазақ хандығында Алланың хақ дінімен үйлесім тауып, іргелі елдің берік іргетасын қалыптастырды. Одан бертін Есімнің ескі жолы, Қасымның қасқа жолы болып жаңғырып, Жеті жарғымен қайта түледі.

Міне, осындай сан заманды бастан кешіріп, әбден ысылған аталар жолы бір замандар келгенде кәдімгідей қыспаққа түсіп, бөтен жұрттың дегеніне де бағынды. «Ешкімге бас имеймін» деген асылдарымыз басынан айрылды. «Елімізді өз заңымызға сай, жөнге бастар күн туар ма екен» деп Абайлар күңіренді. Абай арманын іске асыру жолында Әлихандар құрбан болды. Дүрбелең замандарды бастан өткереіп, ақыр соңында қазағымда армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Алайда ұлан-байтақ жер мен ұшан-теңіз байлықтың үстінде отырған аз ғана халықтың халі – анталаған топ қасқырдың арасында қалып қойған, тұсауын енді ғана кескен жас сәбиге ұқсайтын еді.
Сол уақытта еліміздің егемендігін паш еткен айбынды Ата Заңымыз қабылданып, Ұлы дала төсіндегі тәуелсіз Қазақстанның өз көші басталған болатын. Бұл заң басқа заңдардан өзгеше еді. Ол үшін талай адам түнде ұйқысын, күндіз күлкісін қиып, көз майын тауысты. Халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен таным-түсінігін ескере отырып, әлем елдерінің тәжірибелерін де назардан тыс қалдырмай, халқымыздың игілігі мен жарқын келешегін ойлап қабылданған Ата Заңымыз – еліміздің ілгері жылжып, жаһандану заманына жұтылып кетпеуінде маңызды рөл атқарып келеді.
«Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп басталатын (1-бөлім, 1-бап) Ата заңымыз, Алланың қалауы, тағдырдың жазуы айдап келген көп ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне дейін қараусыз қалдырмай, олардың өз тілдері мен дәстүрлерін үйренуіне жағдай жасады. «Дінде зорлық жоқ» деген Алланың сөзімен («Бақара» сүресі, 256-аят) үндескен Ата Заңымыз әр адамның сенім бостандығына құрметпен қарап, діни сенімін таңдауға еркіндік құқығын берді. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен сахабаларының жанынан бір кісі өтіп бара жатады. Оның күш-қуатын көрген сахабалар «Шіркін, мына жігіт Алла жолында күрескенде ғой» дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер ол кішкентай балаларына нәпақа табу үшін кетіп бара жатса, онда Алла жолында. Егер қарт ата-анасын асыраймын деп жұмысқа бара жатса, онда да Алла жолында. Егер ешкімге мұқтаж болмайын деп, өз несібесі үшін еңбек етуге бара жатса, тағы да Алла жолында. Ал егер мақтаныш, рия үшін осылай бара жатқан болса, онда шайтанның жолында», - деп (Табарани, Сахиху тарғиб, 1692) адамның еңбек етіп, отбасын асыруға құқығы бар екенін, тіпті сол үшін сауапқа да кенелетінін ұғындырады. Басқа бір хадисінде «Жұмысшының еңбегін тері құрғамай тұрып беріңдер!» (Ибн Мәжа), «Біреуге жұмыс істетіп алып, ақысын бермей қойған кісімен Қиямет күні Мен есептесемін» (Бұхари) деп еңбек еткен адамға міндетті түрде ақы төленуі керектігін ескертеді.
Біздің Конституциямыз да бұл мәселені айналып өтпей, азаматтарымыздың өз қалауы бойынша еңбек етуіне және еткен еңбегі үшін еңбекақы алуына да кепілдік берді. Осылай Ата Заңымыздың ізгілігін санамалап кете беруге болады, тоқ етерін айтар болсақ, «Халқымыз – мемлекеттің ең басты байлығы болса, Конституциямыз – халқымыздың ең басты байлығы». Сол үшін Ата Заңымыздың қадірін біліп, еліміздің әр азаматы Ата Заңын жетік білсе, бабалар аманатына адал болғанындай, Ата Заңға да адал болса, заң талаптарын сақтаса, еліміз тек биіктерден көрінері сөзсіз.
PS: Кезінде Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейханов: «Елге еткен қызмет -абыройлы міндет» дегендей туып өскен құтты мекен Қараталымның өркендеп өскеніне иненің көзіндей болсада өз үлесімді қоссам деген арман – мақсатпен жүрген мен үшін еліміздің айбары «Ата заң» мерекесінде аудан басшылығынан алған мына алғыс хат маған деген сенім деп білемін.

Автор:
«Атамекен» ҰКП Алматы Облысы, Қаратал ауданы