Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары қаралды


9 сентября 2021, 08:56 | 285 просмотров



«3 қыркүйек күні Алматы облыстық мәслихатының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс мәселелері және денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының  бірлескен көшпелі отырысы өтті», - деп хабарлайды Алматы облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.

Панфилов ауданының Жаркент крахмал-сірне зауыты базасындағы жиында облыс бойынша әлеуметтік нысандардың (мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері) жылу маусымына дайындығы туралы және Панфилов, Ұйғыр, Кеген, Райымбек аудандарындағы білім мекемелерінің оқу жылына дайындығы туралы (мектеп ғимараттарына жүргізілген күрделі және ағымды жөндеу жұмыстары, құрылыс нысандары бойынша) сұрақтар қаралып, сала басшыларының есебі тыңдалды. Оның ішінде облыстық біліммен денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналды шаруашылық басқармасының жетекшілері, аудан-қала басшылары баяндады.

Облыстық тұрғын-үй коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Б.Танекенов өз сөзінде: «Жылыту маусымына дайындыққа бюджеттен 13,7 млрд. теңге бөлінді. кәсіпорындардың жеке қаражаты - 1,7 млрд.теңге. Облыс бойынша жылумен жабдықтауды жалпы 35 орталықтандырылған қазандық жүзеге асырады. Ағымдағы жылы жылумен жабдықтаудың 5 жобасын іске асыруға бюджеттен 3,3 млрд.теңге бөлінді. Ағымдағы жылы орталық қазандықтарды табиғи газға ауыстыру нәтижесінде қатты отынға қажеттілік 37 мың тоннаға төмендейді, қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуы әлде қайда азаяды. Облыс бойынша барлығы 3581 көп пәтерлі тұрғын үй бар, оның 323-і жеке жылытуда. 2018 жылдан бастап бекітілген кестеге сәйкес орталықтандырылған жылытуға ауыстыру жүзеге асырылуда. Бағаның негізсіз өсуіне, жасанды дүрлігуге жол бермеу, әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бақылау тобы құрылып, шілде, тамыз айлары кезеңінде  көмірді сату орындарына комиссиялық шығу ұйымдастырылды. Күн сайын "ҚТЖ –Жүк тасымалы"ҰК" АҚ-мен халық үшін көмір дайындау жоспарын орындау бойынша мониторингі және халық арасында қолайлы ауа-райында көмір сатып алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп, қатаң бақылауда болады» - деп атап өтті.

Жалпы, өңір депутаттары барлық аудан-қалаларда жоғарыда аталған мәселелер бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс-ескертпелер білдіріп, ауқымды жұмыс жүргізді.

Ендігі міндет - алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды жалғастыру, анықталған мәселелерді бірлесе шешуге жұмылу болмақ.

Автор:
Алматы облыстық мәслихатының баспасөз қызметі