Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Президенттің Жолдауына кері байланыс


7 сентября 2021, 09:31 | 354 просмотра



*Даму бағыты айқындалды

 Мемлекет басшысы        Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Мемлекеттің алдағы бағытын айқындайтын бұл Жолдауда әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа қадамдарына жол ашылып отыр.

Жалпы, Жолдау барысында Президентіміз ауылшаруашылық, цифрландыру, әскери сала, денсаулық пен білім, спорт, өңірлердің дамуы, газдандыру, ауызсумен қамтуға қатысты бірқатар мәселелерді ашып жеткізіп, бұл салалардағы мақсат-міндеттерді іске асыруда бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, энергияның жаңа көздері, еңбек қатынастары, көші-қон мен демократизациялау, құқық қорғау саласын да назардан тыс қалдырмай, алдағы міндеттерді атап өтті.

Қоғам арасында талқыға түскен мемлекеттік тіл мәселесін де күн тәртібінен қалдырмай, қазақ тілін білу ол отаншылдықтың белгісі екенін жеткізді. Сонымен қатар, қоғам арасында белең алып бара жатқан әлеуметтік желілердегі бір күндік атаққұмарлық, вакцинаға қарсы елді үгіттеу сынды өзекті мәселелер қауіпті құбылыс екенін және зиялы қауым тарапынан осындай сұрақтар ұдайы назарда болу қажеттігін атап өтті.

Жолдаудағы қуантарлық жаңалық – ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін өсетіні. Аталған тапсырма 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске аспақ. Мәдениет саласы, кітапханашы, мұрағатшы, техникалық қызметкерлердің материалдық жағдайы назардан қалмай, алдағы 5 жылда жалақыны жыл сайын 20%-ға өсіру туралы тапсырма –  еліміздегі 600 мыңнан аса қызметкерге қолдау болмақ.

Жолдауды іске асыру халық қалаулыларының да жіті назарында. Біздің тарапымыздан, яғни, өңіріміздің 300-ден аса депутаты Жолдауды бір кісідей жүзеге асырып, үлкен қалалардан шалғай ауыл тұрғындарына дейін маңызды құжатты насихаттау – жұмысымыздың бір бағыты болмақ. Ол үшін мәслихат депутаттары ақпараттық-насихаттық топ құрамына енгізілмек.

Мақсатымыз айқын, Жолдаудың түпкі нәтижесі  әрбір қазақстандықтың әлеуетін арттыруға бағытталған. Себебі, мемлекетіміздің басты байлығы – Қазақстан халқы.

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ,

                                       облыстық мәслихат хатшысы

 

 

 

*Шаруаларды қуантты

Мемлекет  басшысы         Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  Қазақстан  халқына Жолдауын ден  қоя  тыңдадық. Жолдау – еліміздің  қай  бағытта  өркендеп, халықтың  әлеуметтік- экономикалық  дамуында  жетістіктерге  қалай  жетуге  болатынын  айқындайтын  ресми құжат.

Жолдауда ел  экономикасын жоғарылатудың  түйткілді  мәселелері  терең  зерттеліп, еліміздің  жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз  ететін жаңа  экономикалық  дамудың негізгі  7 талабы  аталды. Сонымен қатар жүйеленген экономикалық  өсімнің жаңа  жолдарын жасау  шаралары  жан-жақты  айтылды.

Әсіресе,  аграрлық  сала еңбеккерлерінің көптен  қаперінде жүрген мәселелер көпшіліктің  көкейінен  шықты  деп  ойлаймын. Мысалы,  ветеринария қызметіне  реформа  жасау  жөніндегі  Президенттің  Үкімет алдына  қойған  талабы  өте орынды. Қазір  еліміздің  түкпір-түкпірінде  жиі  бел  алатын түрлі мал  аурулары  бұл  саладағы  дәрігерлік қызметтің  дәрменсіздігін байқатады. Бұрыннан  қалыптасқан  жүйелі,  тиімді  тәжірибелер ескерілмейтіні де даусыз. Бұл  кемшіліктердің  салдары  мал  өнімдерін  күнделікті  тұтынып  отырған отандастарымыздың денсаулығына әсер  ететіні  рас. Биылғы ауа райының қолайсыздығы мал  шаруашылығы  саласында  түйткілді  мәселелердің  бетін  ашты. Қазір  әр  шаруа  қолайына  жаққан  дақылдарды  өсіруді  әдетіне  айналдырған. Жергілікті жердегі  ауылшаруашылығын дамытудың жобасы  мен  жоспары  жасалмайды. Соның  салдарынан бір  өңірде  мал  азығы  тапшы, енді  бірінде  егіншілік саласы  тұралап  қалады. Биылғы  қуаңшылық  алдағы  жылдарда  қайталанбасына  кім  кепіл?!

Сол  сияқты стратегиялық  маңызы  бар өнім  өндіретін  шаруаларға  төленетін  субсидиялардың жол-жөнекей талан-таражға  түспей,  адал  иесіне  жетуі  жөніндегі Мемлекет  басшысының  тапсырмасы  да орынды. Жолдауда  ауыл  шаруасын  қуанышқа  бөлейтін  басқа  да  маңызды  мәселелердің  орнын  тапқанына  ризамыз.

Тасқын ЖАПАРҚҰЛ, 

«Ернар»  ЖШҚ  төрағасы,

Панфилов   ауданының  Құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің  иегері

 

 

*Жайылымға зәруміз

1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға арнаған кезекті Жолдауын жасады. Бұл жолғы маңызды құжатта Мемлекет басшысы ел өміріндегі көптеген түйінді мәселелерді қозғады. Халықты шынайы толғандырып жүрген жайларды алға тартты. Жолдау сонысымен құнды да маңызды десем, артық айтпаймын.

Мен облыс орталығынан ең шалғай таулы өңірге орналасқан Кеген ауылында тұрамын. Ұзақ жылдар мектепте қазақ күресінен жаттықтырушы болып еңбек етіп, зейнет демалысына шықтым. Одан бері де біраз жылдар өтті. Ауылда тұрған соң мал ұстаймыз. Біз, мұғалімдер, мал жайылатын, шабындық жер дегеннен мүлде қалыс қалған жандармыз. Президент ауылда мал жайылатын жердің жоқтығын орнымен сөз етті. «Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себепті сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, сол ахуалды өзгертетін батыл шешімдер қабылдауы тиіс», – деді Мемлекет басшысы Жолдауында.

Бұған қуанып қалдым. Өйткені, Кеген ауданы тұрғындарының үні Президентке жетіп жатыр. Аудандағы көптеген алқапты белгілі адамдар иеленіп алған. «КазМЯСО» деген компания «Ақтасты» ЖШС деген серіктестікті қарамағына алып, «Жаңа Ақтасты» деген серіктестік құрғызып, Тасашы ауылдық округінің сан мыңдаған жерін алып, адам аяғы баспайтындай етіп қоршатып тастады. Тіпті, олардың Қарқара жайлауында да мыңдаған гектар қоршалған жері бар. Сөйтіп, аталған ауыл тұрғындары мал жаятын жерге зәру. Мал азығын дайындайын шабындық алқапқа  мұқтаж. Округтегі шұрайлы жердің денін аталған «КазМЯСО» алып алған.  Қарқара жайлауында бұрын Кеген ауданында әкім болып жұмыс істеп, кейін қалаға көшіп кеткен бір адамның мыңдаған гектар қоршалған жері бар. Аталған жердің шөбін шаптырып, өңір тұрғындарына сатқызып, пайда тауып келеді. Оның кім екенін аудан тұрғындары жақсы біледі. Жердің жақсысын иемденіп алған ықпалды адамдар жетерлік. Бұл тұрғыда аудан тұрғындары Президентке ашық хат жолдаған болатын. Бұл Мемлекет басшысына да жеткен сияқты. Енді Үкімет қолына алып, нәтиже шығып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

Шеризат МЕКЕБАЕВ,

Кеген ауылының тұрғыны, ақын,

ардагер спортшы

 

уханиятқа қолдау

Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысының  биылғы Жолдауы елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталды.

Жолдауда мемлекеттік басқару моделі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау жүйесі, азаматтардың мүддесін қорғау, цифрландыру, азаматтарды мемлекетті басқару ісіне тарту, ұлттың жаңа болмысы бағыттары қамтылды. Сондай-ақ, Президент: "2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалар. Сондықтан, 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы қызметкерлер жалақысын жыл сайын орта есеппен 20% өсіретін болады", – деді.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет күретамыры, түп қазығы  кітапхана саласына деген қамқорлығы мен ықыласы көңілімізге – медеу, жанымызға – жалау болды. Кітапхана мамандарының жалақысын 2025 жылға дейін жыл сайын көтеріліп тұруына баса назар аударып, тапсырма беруі – елімізде ешбір маманның еңбегінің ескерусіз қалмайтындығының тағы бір дәлелі.

Бүгінгі күні кітапхана маманы тек қана оқырман сұранысын қанағаттандырумен ғана шектелмейді. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, әрбір оқырманның бойына ізгілік, мейірім шуағын төгетін шырақшы. Оқырманның білім жолына жарығын тарататын, бағыт-бағдар беріп, жол  көрсететін білім мен парасаттың темірқазығы, замануи технологияларды меңгеріп, инновациялық жобаларды іске асыратын, еліміздің рухани қазынасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған алтын көпір.

Мемлекет басшысы кітапханашылардың тынымсыз еңбегін, сауатты қоғам қалыптастыру жолындағы жанкештілігін түсініп, лайықты баға беруі – кітапхана саласы мамандары үшін үлкен қолдау! Біз өз кезегімізде Президентімізбен бірге сауатты, саламатты Қазақстанды қалыптастыруда аянбай еңбек ететін боламыз!

 М. Қуандық,

С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапхананың баспасөз хатшысы

 

* Сабақ болуы тиіс

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Ел дамуының негізгі бағыттары, алдағы мақсат-міндеттеріміз белгіленген Жолдаудың басты бағыттарының бірі ауылшаруашылығын дамыту болды.

Еліміз ежелден төскейінде өрген төрт түлігімен тірлігін түзеп, «малым жанымның садағасы» деп ғұмыр кешкен. Сондықтан да көнеден тамыр тартқан тұрмыс үрдісінен ажырамай, қазір де қора-қора малын өрбітіп отыр.

Биыл қуаңшылық пен құрғақшылықтың кесірінен батыс аймақтарда малдың қырылуы, жемшөптің жетіспеушілігі сынды мәселелер белең алды. Тірлігін түзбен байланыстырған шаруалар үшін бұл ауыр соққы болғандай. Осы ретте Президент мұндай түйткілді дүниелердің қайталанбауы үшін жемшөп алқабын молайту, шабындық жерлердің күтімін арттыру, малдың қыстық азығын дайындау ісіне баса назар аудару керектігін айтып өтті.

Расымен де, Абайша айтсақ, қолымызды мезгілінен кеш сермемей, әр нәрсені уақытылы қадағалаған жөн. Жауын-шашын аз болып, мал азығы кеміген батыстағы жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Ел болып көмек қолымызды сол шаруаларға соза отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы игеруді қолға алған дұрыс деп есептеймін.

Мемлекет басшысы жердің шетелдіктерге сатылмайтыны және жалға берілмейтіні жайлы Жарлыққа қол қойып, кемел шешім қабылдады. Бұл бастамаға барша қазақ жұрты ыстық ықылас танытып, барынша қолдау көрсеткені анық. Шыны керек, қазақ ұлысы ежелден кең-байтақ жерінің төсінде еркін көсіліп, көшпелі тұрмыс салтын құп көрді. Отырықшылық үрдісі кейінірек келгенімен, төрт түлігін өрбіткен сары даланың қасиетін жіті түсінген. Сол алып даланың әр адымында аналардың көз жасы, әкелердің қаны жатыр. Сондықтан да, біз үшін туған жердің уыс топырағы да қымбат.

Өзге мемлекеттің өкілдеріне жерді бермеу мәселесінен кейін де көтерілер тақырыптар көп. Соның өзектісі – өз азаматтарымыздың жерге немқұрайды қарамауы. Себебі, кей тұлғалар мың гектарлап жерді өз аттарына аударып, қауқары жетпегендіктен түгелдей пайдаланбай, бос жатқанын көзіміз көріп жүр. Ал кейбіреулері жұмысын үйлестіре алмағандықтан жалға беріп, жаңылыс басуда. Сондай жерлерді мемлекетке қайтарып, қолынан іс келетін азаматтарға бөліп беру тақырыбын зерделеуіміз қажет. Өзіміздікі деп табан астына басып, қол қусырып отырудың қажеті шамалы. Керісінше, еңбек еткісі келген елге табыстап, ең алдымен, бұқараның ортақ тілек-талабына құлақ асқан жөн.

Бұл жайында Президент кезекті Жолдауында тағы да баса айтқаны қуантты. Сонымен қатар, субсидия мәселесі де көтерілді. Соңғы бес жылдықта шамамен триллион теңге ауылшаруашылығына бөлінген. Бұл – өте ауқымды қаражат. Оның нақты бағытқа қаншасы жұмсалғанын да білмейміз. Ендігі ретте еңбек еткісі келетін азаматтарды қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды ретті қолдану ісіне де назар бөлген жөн.

 

Ержан БИЯХМЕТОВ,

Алакөл аудандық фермерлер ассоцациясының төрағасы, «Бірлестік» шаруа қожалығының басшысы

 

*Түмен ойдың түйіні

 Дәстүрлі Жолдау... Өткенді саралап, барымызды бағалап, кем-кетігін күзеп-түзеп болашаққа бағдар құратын құжат. Құжат дегеннен шығады, өткен жылы дәл осы Білім күнінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын жалпақ жұртқа жария еткен еді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев. Ентігіп келген індетпен күресіп қана қоймай, экономикамызды еселеп, тұрғындар тұрмысын түзеп, бірлігімізді бекемдей түсу тапсырылған-тын.

Әлбетте, алтынмен апталмасақ та, қолымыз аузымызға жетті. Сынаптай сырғыған уақыт аралығында едәуір оң өзгерістер орын алды. Әлемдік дағдарысқа қарап, дағдарып отырғанымыз жоқ. Күн санап көшелер, ай аунап ауылдар абаттандырылғанын көріп, біліп жүрміз. Бір ғана іргелі Еңбекшіқазақтың өзінде жалпы соммасы 3 млрд.теңгеге жуық қаржыға 37 елді мекеннің жолы жөнделуде. Әлбетте, бұл ауылға әр, өңірге өң беруде. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі де салыстырмалы сөйлесек, 105 пайызға артқан. Бұл оң үрдіс әр салада байқалуда.

Бұл айтарымыз емес, аудан тұрғыны ретінде байқарымыз. Демек, келер жылдан да кемел істер күтеміз. Оның айғағы – бүгінгі Жолдау. Дәстүрлі Жолдауды телеарнадан көріп түйсіндік. Көптің көкейінде жүрген келелі мәселелерді кесіп айтты Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Әсіресе, медицина, білім, ауылшаруашылығы салаларындағы олқылықтардың орнын толтыру мәселесі күн тәртібінде күйіп тұр. Бұл ретте Президент үшінші ауысымда оқитын білім алушылар саны еліміз бойынша 225 мыңға жеткенін жариялады. Бұлай жалғасса, 2025 жылы миллионға жуықтайтынын да жасырмады. Жағымды мәселені жылдамдатып шешуді де тапсырды әрі мұғалімдер жалақысын дәстүрлі өсіруге тағы да 1,2 трлн.теңге бөлінетінін жеткізді.

Екіншіден, ауылшаруашылығындағы былықтардың да бетін ашты. Президент сөзіне сүйенсек, ауылшаруашылығы саласын субсидиялауға соңғы бес жылда мемлекеттен триллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Әйткенмен, қаржы межеге жетпей, қойын қалталарға құлыптанған. Ол турасында: «Тергеп-тексерудің нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің 50 пайызға жуығы дәл осы субсидиялауда анықталған», – деп ашынды Қ.Тоқаев. Одан қалса, қуаңшылықта қырылған малдардың мәселесіне де шүйлікті Президент.

«Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге кейбір шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иемденіп алған. Тіпті, оны аяқ баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер әртүрлі себептер айтып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін шаралар қабылдауы керек. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша мән берген дұрыс», – деді Президент.

Иә, шаруагерлердің шымбайына батқан, әйткенмен біраз шенділерге қолы да, сөзі де жетпей жүрген мәселені нақ айтқан ел Президентінің бұл талабы қуантты. Осы арқылы қара жерге нәр, түлігін түгендеген қараша халық тұрмысына мән кіреді деген зор үміт бар.

Тағы бір қуантқаны, ең төменгі күнкөріс деңгейі 2022 жылдың қаңтарынан бастап 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін өсіруді міндеттеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Түмен ойдың түйіні бар. Даласын тұрмақ, санасын тәуелді етіп, ұлтын құл, рухын құм қылуды мұраттаған кеңестік кезеңнен де өттік, шүкір. Ердің күйкі, елдің жүдеу күйімен тәуелсіздікке жеттік. Мұның бәрін несіне жазып-сызып отырсыз дерсіз?!

Айтпағым – Президентіміз атаған бірлік, татулық туы астына жиылу. Себебі, бүгінде тәуелсіздік төбемізден топ ете қалғандай күйдеміз. Ақиқаты осы деп қос өкпемізді қолымызға алып, шаужайланып тебінгенде алдымызға жан салмайтынды шығардық. Әрине, дұрыс. Әйткенмен, жалқылық ақиқат, жалпылық кесел тудырмауын пайымдауымыз маңызды. Еліміздің аузы енді ғана аққа тигенде кежегені кері тартпай, Абай айтпақшы, бар істі «ұғынысып, келісіп, жанжалсыз шешу» оңды қадам.

Рас, азаттығымыз алдымызда, қазақтығымыз қанымызда. Ендеше, елімізді гүлдендіру, жерімізді түрлендіру – ортақ мақсат орайына жұмылайық, Бастысы, бірлігіміздің көбесі сөгілмесін!

Қайнар ЖҰМАҚОЖА,

«Мәңгілік Ел тұғыры» қоғамдық қорының төрағасы, журналист