Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕСІН БІРГЕ ҚАЛАЙМЫЗ!


4 февраля 2011, 08:00 | 1 670 просмотров



Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етті. Бірқатар сарапшылар қазірдің өзінде бұл құжатқа «тарихи» деген баға беріп отыр. Республикалық «Жәрдем» қоғамдық – медициналық газеті өз оқырмандарына Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырту – жаңа әлеуметтік саясат», «Білім беру», «Денсаулық сақтау» және « Таза ауыз су» тарауларын ұсынып отыр.

Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар! Биыл - біз үшін ерекше қастерлі жыл. Біз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық. Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді бағындырдық. Естеріңізде болар, 1997 жылғы халыққа алғашқы Жолдауымда мен былай деген едім: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады».

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТУ - ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ

Біз өзіміздің индустрияландыру және экономиканы технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі жоспарларымызды нақпа-нақ айқындап алдық. Біздің бағдарламаларымыздың басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын нығайту. Сондықтан да мен биыл-

ғы Жолдауда әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударып тұрмын. Мен үш аса маңызды мемлекеттік бағдарламаларды - білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларын бекіттім. Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып биылғы 1 мамырға дейін мынандай қағидатты түрде жаңа бағдарламаларды, яғни: жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын; тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту; халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламаларын жасап, қабылдауды тапсырамын. Бұл бағдарламалар елдің миллиондаған қарапайым адамдарының күнбе-күнгі мәселелерін шешуге бағытталған. Олар қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартады. Жаңа әлеуметтік саясаттың басты аспектілеріне нақтырақ тоқталып өтпекпін.

БІЛІМ БЕРУ

Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Бүгінде мектептерді компьютерлендіру толықтай аяқталды. Орта білім берудің 12 жылдық моделі енгізілуде. «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс. Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз. Бүгінде дамыған елдерде 1 миллион тұрғынға 1-ден 6 жоғары оқу орнына дейін келеді. Қазақстанда барлығы 149 жоғары оқу орны бар. 200 ғылыми кеңестер кандидаттар мен докторларды қалыптан құйғандай етіп жасап шығарып жатыр. 60 кандидаттың 1-і және 37 доктордың 1-і ғана ғылымға барады. Осы жылдан бастап ол кеңестердің жұмыстары тоқтатылады. Бұдан былай магистрлар мен PhD докторлар дайындалатын болады.

Біз университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бүгінде жаңа «Назарбаев университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда.

Ол барлық қазақстандық ЖОО-лар үшін үлгі болуы керек. Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарынды балаларды үздік ЖОО-лар үшін дайындаудың негізгі ар-қауына айналатын болады. Үкіметке мыналарды тапсырамын: ЖОО-лардың инновациялық қызметке көшу тетігін қалыптастыру; білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруге қолдау көрсетудің жаңа қаржылық-экономикалық құралдарын енгізу; техникалық және жоғары білім берудің деңгейлері үшін бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ипотекалық құрылыста жүзеге асырып отырғанға ұқсас жинақтау жүйесін әзірлеу. Қазақстандықтарда мемлекеттен пайыздық бонустар ала отырып балаларын оқытуға қаржы жинаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болуға тиіс. бизнес-қауымдастықтар мен жұмыс берушілер өкілдерін қатыстыра отырып Кәсіптік-техникалық кадрлар дайындау жөнінде ұлттық кеңес құру.

Білім беру жүйесіндегі барлық жұмыс мынандай нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс. Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 2015 жылға қарай 74 пайызды, 2020 жылға қарай 100 пайызды құрайтын болады. Менің тапсырмам бойынша қабылданған «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде тек 2010 жылы ғана 35 балабақша, 1534 мини-орталық, 137 жекеменшік балабақшалар салынды. Бұрын жекешелендіріліп кеткен мектеп жасына дейінгі мекемелерді қайтару есебінен 172 балабақша ашылды. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 30-дан 55 пайызға дейін өсті. 2020 жылға қарай біз оқытудың 12 жылдық моделіне толықтай көшетін боламыз. Ол үшін біз 2015 жылға қарай республикалық бюджет қаржысы есебінен кемінде екі жүз мектеп салып, осынша мектепті жергілікті бюджет есебінен тұрғызамыз. 2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды оқытуды пайдаланып, 2020 жылға қарай оның саны 90 пайызға дейін артады. 2020 жылға қарай халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлттық аккредитациялаудан өткен ЖОО-лар үлесі 30 пайызды құрайтын болады. Инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін ЖОО-лардың үлесі 5 пайызға дейін артады. Кемінде 2 жоғары оқу орны үздік әлемдік университеттер рейтингінде аталатын болады. Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Осы жылдар бойына біз қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту үшін қажет нәрсенің бәрін жасадық. Денсаулық сақтауды қаржыландыру 2002 жылғы ІЖЈ-нің 1,9 пайызынан 2010 жылы 3,2 пайызына дейін ұлғайды. Бүгінде бүкіл ел көлемінде тұңғыш рет медицинаның ең бір күрделі бағыттары бойынша операциялар жасалуда. Жетекші шетелдік клиникалармен байланысы бар 150 телемедицина орталықтары құрылды. Осыдан жиырма жыл бұрын бізге ол тек арман ғана болатын. Жүргізілген жұмыс нәтижесі ретінде бала туудың 25 пайызға көбейгенін, адам өлімінің 11 пайызға төмендеп, халықтың табиғи өсімінің 1,7 есе артқанын атап өтуге болады. 2013 жылы Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аяқталады. Біз аурудың алдын алуға шындап кірісіп, бастапқы медициналық-санитарлық жәрдемнің сапасын арттыруымыз керек. Халықаралық бағалаулар бойынша, негізгі науқастар түрлерімен ауыратын тұрғындардың 5 пайыздайы денсаулық сақтаудың барлық қызметтерінің 70 пайыздайын ғана пайдаланады. Профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастырған жағдайда ерте сатыда-ақ аурулардың алдын алуға болады. Сондықтан Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының денсаулық жағдайын бақылаудың ұлттық бағдарламалары кешенін енгізу қажет. Бірінші кезекте, олар балалар, жасөспірімдер, бала туу жасындағы әйелдер.

Ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет. Өткен жылы жаңа әлеуметтік жоба - мамандандырылған емдеу-диагностикалық екі «Денсаулық» пойызы жұмысын бастады. Олар еліміздің ең шалғай түкпірлерінде ондаған мың адамдардың денсаулықтарын тексеріп, ем жасады. Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз. Биылғы жылы тағы бір пойыз жіберілетін болады. Жұмыл-ғыш медициналық кешендер-автоклиникалар санын 50 бірлікке дейін жеткізу қажет. Оларды шығару Қазақстанда жүзеге асырылуға тиіс. Үкіметке 2015 жылға дейін санитарлық авиация мұқтажы үшін кемінде 16 тікұшақ ұйымдастыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Сол сияқты жол бойындағы медициналық-құтқару пункттерін құру мәселесін жеделдете қарастыруды да тапсырамын. Оларды республикалық маңыздағы жолдардың апаттық қауіпті учаскелерінде орналастыру қажет. Төтенше медициналық жәрдем қызметі көп салалы жұмылғыш және аэрожұмылғыш госпитальдармен жабдықталуы тиіс.

Бұл шаралардың біздің мыңдаған азаматтарымыздың өмірін құтқарып қалатынына сенімім мол. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі туберкулез бен ВИЧ аурулары және одан болатын өлім деңгейін төмендетуге мұқият назар аудару қажет. Осы міндеттерді орындау нәтижесінде 2015 жылға қарай қазақстандықтардың өмір жасының күтілетін ұзақтығы 70 жасқа дейін, ал 2020 жылға қарай 72 жасқа дейін ұлғаятын болады. Саламатты өмір салтын насихаттап, барлық жерде салынған спорт базаларын пайдалану керек. 2015 жылға қарай 350 дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар салынатын болады.

САПАЛЫ АУЫЗ СУ

Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері - халықтың денсаулығын жақсартудың аса маңызды міндеті, сондықтан бұл біздің басымдығымыз болады. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс 8 жыл бұрын басталған болатын және оның оң нәтижелері бар. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге қолжетімділік ауылды елді мекендерде 41 пайыз-

ға дейін, қалаларда 72 пайызға дейін өсті. Тасымалы суды пайдаланатын адамдар саны 4 есе азайды. Сонымен бірге, сумен қамтамасыз ету жүйелерін жақсартуды қажет ететін ауылдар да әлі аз емес. Қалалардағы сумен қамтамасыз ету жүйелерінің 60 пайызының тозығы жеткен. Орташа алғанда республика бойынша ауыз суға қолжетімділік деңгейі 2020 жылға қарай 98 пайызды құрауы тиіс, ал судың сапасы белгіленген барлық санитарлық нормаларға сай болуы керек. Үкіметке жеке капиталды су шаруашылығы секторына барынша молынан тарту үшін ынталандырудың тиімді жолдарын қарастыруды тапсырамын. Жерас-

ты суларының әлеуетін кеңінен пайдаланып, сумен қамтамасыз етудің жаңа нысандарын салу кезінде жүйелі қадамдар жасау керек. 2020 жылға қарай сумен қамтамасыз етудің орталық желісіне қолжетімділік қалаларда 100 пайызды құрауы тиіс. Ал ауылды жерлерде екі есе артып, 80 пайызға дейін жетуі қажет.

Автор:
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы