Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Кәсібің – нәсібің


27 августа 2021, 08:20 | 900 просмотров



Адам өмірінде мамандық таңдау ең маңызды қадамның бірі. «Мамандық, жар таңдауда қателеспеу керек» деп жатады ғой халық нақылында. Бұл тегіннен тегін айтылмаса керек. Қазір тамыз айында жас желкілдеген үміттердің жүрегі аласұрып, өмірлік мамандықтарына түсетін, маңызды кезең екені анық.

Мамандық, кәсіп деген адамның тағдырын айқындайтын ұғымдар ғой. Материалдық жағдайың, денсаулығың мен жалпы жақсы, сапалы өмір сүруіңе тікелей ықпал жасайтын осы дүниелер. Бұл тарапта ата-ананың қаншалықты жауапкершілік жүгін көтеруімен бірге, жас өскіннің де саналы болуы аса маңызды. Өйткені, оқитын өзі, нанын да тауып жейтін тек қана баланың өзі дегендей. Жас күнінен мақсаты айқын, қандай кәсіппен айналысқысы келетінін о бастан анықтап, айшықтап алатын өрендерді көрсең, көңілің бір тойып қалады. Жуырда, аялдамада бір жас жігітпен танысып, біраз шүйіркелесіп қалдық. Екеуіміздің де жүретін, тосып отырған қоғамдық көлігіміз бір болып шықты. Содан не керек, біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Негізінен әңгімені жүргізген өзім болдым. Өйткені, Нұрбақыттың мамандығы қатты қызықтырған. Өзі Қаскелеңдегі Сүлеймен Демирел университетінің биыл үшінші курсына аяқ басқан студент екен. Біраз уақыттан бері қашықтықтан оқып жатқанын айтты. Оған себеп, әрине, аты жаман індет екенін де қоса кетті. Бір жарым жылдай оқу орнының есігін ашпаған Нұрбақыт қазір үйінде, ата-анасының қасында екен. «Құр бекер жатпайын деп, бір жағы табыс болсын деп жұмыс істеп жүрмін», деген өреннің ересек пікірінен ойының тұнықтығын байқауға болатын еді. Қазір ол жергілікті бір мекемеде тұрақты жұмыс істеп, маңдай терімен жалақысын алып жүр екен. Енді жағдай оңалып, аурудың беті қайтып жатса қайтадан оқуын жалғастыратын жоспарымен де бөлісті. Бізді қызықтырғаны бұл емес еді. Нұрбақыт өзінің мамандығын таныстырғанда IT саласында оқып жатқанын айтты. Кезінде біз оқыған кезде көп таныс емес бұл мамандықтың қазір танымалдардың қатарына қосылғанын да білеміз. Білгенімен оның қандай салаларды қамтитынын, онда оқып шыққан студенттердің ертең қандай мекемелерде, қандай қызметтерді атқаратындығы жайлы шынын айтқанда, біліміміз терең емес еді. Сонымен мұндай мүмкіндік туып тұрғанда, қарап қалмайық дедік.
Бір таңқалдырғаны Нұрбақыттың осы мамандықты өзінің таңдағандығында. Ата-анасы емес, мектеп жасынан осы салаға қызығушылық танытқан өрен нақты таңдауын жасап қойыпты. Мектеп табалдырығынан жақсы оқығандығы, қақ-соқпен ісі жоқтығы сөзінен-ақ көрініп тұр. Елдің, мемлекеттің болашағы осындай жастардың қолында деген рас қой. Жасынан алдына мақсат қоя білсе, оған қалай жетуді де ойлаған өреннің өрісі еш тарылмақ емес. Ондай азаматтар өзімен бірге, қоғамға, мемлекетіне де пайдасын тигізері хақ. Саналы, сапалы ұлт деген осындай жастардан құралатыны анық
Нұрбақыт сөз арасында өзінің Назарбаев университетіне түсу мүмкіндігі де болғандығын айтып қалды. «Енді ел аузында жүрген оқу орнына неге бармадың?» деген сұрағымызға да ойлы жауап алдық. Ол жерде оқу бес жылға созылады екен. Сондықтан Нұрбақытымыз да көп ойланып жатпастан осы оқуына барған. IT саласында оқыған студенттердің болашағы бұлыңғыр еместігін де аңдадық. Себебі, олар оқу орнында жүргеннің өзінде еліміздегі ірі компаниялардан ұсыныс түседі екен. Жаңағыдай кәсіпорындар мен түрлі мекемелердің өкілдері өздері іздеп келеді. Жастармен сөйлесіп, кәсіпті ары қарай мекемеде оқыту жөнінде жақсы ұсыныс та жасайды екен. Қысқасы IT саласында оқып, бітіргендердің болашағы жарқын, ертеңі үшін қам жемейтінін ұғындық. Қазір де елімізде жұмыссыздық мәселесі бар екені жасырын емес. Тепсе темір үзетін небір жас азаматтар екі қолға бір күрек таба алмай бос сандалып жүр. Мұның барлығы қоғамда болып жатқан жағдайлар емес пе? Білім жүйесіндегі қызметкерлер заман талабына сай, нағыз керекті мамандықтарды іріктесе. Жастардың болашағына кепіл беретіндей кәсіптерге сұранысты көбейтсе құба-құп болар еді. Бүгін оқып, ертең далада қалмайтындай жүйе болса ғой елімізде дейміз баяғы.
Нұрбақыттан ендігі мақсатын сұрағанда да іркілген жоқ. Бірнеше жерден ұсыныс түскенін, солардың біріне баратынын тілге тиек етті. Келер жылы оқуын тәмамдап, дипломын қолына алатын жігіт өзіне тиімдісін таңдамақ. «Талапты ерге нұр жауар» дейді халық тәмсілінде. Осы Нұрбақыттай жастардың болғанына іштей қуанасың. Сол сияқты саналы, ақылды да алғыр азаматтармен әңгімелесіп жан сарайың бір тазарып, көңілің жадырап қалатыны бар. Жасы көп кіші болса да айтары бар, ойы бар өренге қарап, іштей қызығасың.
Далада тамыз болды. Балапанды күзде санайтынындай мектепте оқыған, жиған білімнің таразыға салынатын уақыты қазір. Жастар өте шыққан балалығындай жазды, туған үйі мен ата-анасын, бауырын қимай қоштасар мезгіл. Қаншалықты ауыр болса да қоштасар сәттің жақындағанын жас жүректерімен сезінеді. Бірақ, болашақ үшін маңызды қадам жасауың керек. Қиын болса да таңдауың шарт. Онсыз өмір көшінен, қатарыңнан қалып қойсаң, ертеңгі күнің не болмақ?! Арман қуып, алыстарға сапар шегетін өрендерге сәттілік серік болсын дейміз. Нәсіп болар кәсіпті таңдарда жаңылмаңыздар, жас достар!

Автор:
М.МҰҚАШҰЛЫ.