Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Береке-бірліктің жемісі


27 августа 2021, 08:19 | 1 093 просмотра



Кәлпе ауылы, Жолбарыс батыр ауылдық округіндегі ең үлкен елді-мекен. Осы округтегі үлкен мешіт те осы жерде бой көтеріп, мұсылман қауымының игілігіне қызмет етіп келеді. Енді біраз уақыттан бері Кәлпеліктер игілігіне су жаңа хатымхана берілді. Бұл да болсын ауыл азаматтарының ауызбірлігінің арқасында жүзеге асқан істің бірі.

Өзім осы ауылдың тумасымын. Сондықтан, бұл хатымхана көз алдымызда бой көтерді десе де болады. Осыдан бір жылға жетпес уақыт бұрын ауыл жігіттері осындай бастаманы көтерген еді. Сөйтіп, тәуекелге бел буып, азаматтар өз күшімен жаңа хатымхананы салып шығуға серттесті. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса аспандағы кетеді» деген, жігіттердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы арқасында үлкен шаруа басталып кетті. Бұл ретте Кәлпе ауылындағы мешіттің имамы Ермек Омурхаджаевтың еңбегі ерен. Имам бауырымыздың бас болуымен, айналасындағы үлкен-кіші ауыл азаматтарының қостауымен хатымхананың іргесі қаланды. Жалпы, бұл шаруада ауылдың айрандай ұйыған ауызбірлігі, ынтымағы алдыңғы орынға шыққан. Ауылдастар бұл сенімнің үдесінен шықты деп толық сеніммен айтуға болады. Бір түйір шегеден, тонналаған цементке дейін мемлекеттен бір-биын сұраған емес. Кәлпеліктер барлығын өз қалталарынан шығарды. Хатымхананың құрылысының басы-қасында жүрген имам Ермек бауырымыз бұл жөнінде ойын былай сабақтаған, - Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастайын! Ауылдың хатымханасы туралы айтсақ, ең әуелі, әрине, Алла, сосын ауызбіршілік арқасында деп білемін. Жекелей айтқанда осы хатымханаға және ауылдастардың ауызбіршілігіне көп үлес қосқан бауырымыз Мансур Қабиұлы Молдабаевты ауыз толтырып айтуға болады. Бастан аяғына дейін ат салысты. Әлбетте жеке ауыл азаматтарының үлесін айтар едім. Пайғамбарымыздың хадисінде келгендей «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» дегендей, көп бауырларымыз атын айтпаяқ қойсын деп өтініш жасаған еді. Құрылысшы жігіттер Шәкір Шүйіншібаев, Жанат Бүлекбаев, Шүйіншібаев әкелі-балалы Сәкен ағамыз бен Әлібек ініміз, Жеңіс Омурходжаев бауырларымыздың еңбегі орасан зор деуге болады.
«Көп түкірсе көл» деген, Кәлпедегі хатымхана құрылысы осылайша тек қана ауыл тұрғындарының күшімен жиналған қаражатпен бой көтерді. Дәлірек айтсақ, құрылысқа 2 миллион теңге көлемінде жиналған ақша жұмсалыпты. Бұл да аз қаражат емес. Қазіргідей дүниенің бағасы ұшып тұрған заманда қалтасындағы әр тиыныңды қағып беру кімге де болсын оңайға соқпасы анық. Білетініміз, Кәлпедегі әр жылдардың жігіттері бір ауыздан келісіп, шама-шарқынша қаржылай көмегін аямай беріп отырды. Иә, осы құрылыстың салынуында тек ақша емес, шын ниеттің де алдыңғы орынға шыққанын көз көрді. Мәселен, ауыл тұрғындарының арасынан ерікті түрде құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтар да табылды. Ал ауыл бойынша жарияланған асарларға бүкіл ел-жұрт болып атсалысып, жұмылып жұдырық болды. Ал ондай қоғам-қауым болып істелген жұмысқа бір себептермен қатыса алмағандар, азық-түлігін апарып, құрылысшыларды ас-сумен қамдады.
- Сол кездегі ауыл әкімі болған Сержан Андасбаев ағамызға алғыс білдіреміз. Тағы да бүкіл ауыл азаматтарына үлкен алғыс «Асар» жасағанда көп ат салысты, әсіресе ауыл жастарына күн-түн демей жәрдемдескені үшін ризашылығымызды айтамыз. Хатымхана сыйымдылығы 300-350 адамға арналған. Аумағы 400 шаршы метрді құрайды. Бұл хатымханаға қаржылай 20.000.000 теңге кетті. Бір жыл ішінде толықтай бітті. Ал өзіме келсем менің еңбегім, теңіз ішінде бір тамшы, тек дағуат айтып ауыл азаматтарын қолдап дұға жасағаным болмаса, барлығын халық өздері көтеріп алды. Барлық мақтау тек Ұлы Жаратушы Аллаға тән» - деген Ермек Омурхаджаев хатымхананың құрылысында белсенді атсалысқандарға шын жүрегінен алғысын жеткізген еді. Ауылға барған кезде жігіттердің пейілін, ортақ атқарған жұмыстың берекесімен шалқыған көңілдерін көріп өзің де қуанып қаласың. Біріксең, алынбайтын қамал жоқ. Мұны біздің ауылдастар өз ісімен дәлелдей алды ғой. Үлкен шаруа атқарылды. Қазір енді оның жемісін бүкіл ауыл болып көріп отыр. Тек көңілге қаяу түсіретіні, берекелі істің мерекесін атап, су жаңа хатымхананың тұсауын бүкіл ауыл, ел-жұрт болып ашудың сәті түспей отыр. Себебі белгілі ғой. Бұған төрткүл дүниені шарпыған тажал аурудың кесірі тиіп отырған жоқ па? Бірақ жақсылықтың ерте-кеші жоқ деген. Ертең аурудың беті қайтып, өмір өзінің бұрынғы арнасына түскенде, хатымхана салтанатты түрде ашылып, ауыл ақсақалдарының батасы да алынар. Сонда жақсы, игі тілектер де айтыла жатар.
Кәлпедегі хатымхана, оның құрылысы ауызбірліктің, ағайын ынтымағының қуатын, құдіретін айшықтап берді. Үлкен шаруаларды тек мемлекеттің көмегімен, жәрдемімен ғана салуға болмайды екен. Шынайы ниет пен береке-бірлік болса, алынбайтын қамалдың болмайтынын осы бір ғана шаруа дәлелдеп берген жоқ па? Басқа емес, тіпті осы Кәлпе ауылындағылардың өзінің де арасында хатымхананың жұмысына күмәнмен қарағандар болған шығар. Бірақ, мұндағы жұрт қазір берекенің күшіне тегіс көзі жетіп отыр. Жұмыс енді басталғанда мұндай нәтижеге қолымыз жетеді деп ойламағандардың көңілінде зәредей де күмән қалған жоқ деп ойлаймыз. Осылай әрбір ауыл, елді-мекен азаматтары өзінде жоқ дүниені өз күштерімен сала алады екен. Мұны Кәлпенің жігіттері дәлелдеді. Сөзбен емес, іспен дәлелдей алды. Үкіметке қол жайып отырмай, мүмкіндік болса өзіңнің күшіңмен де біраз шаруаны қайыруға болады екен. Сенбесеңіздер, Кәлпе ауылының орталығынан орын тепкен хатымхананы келіп тамашалап қайтыңыздар!

 

Автор:
Мұрат МҰҚАШҰЛЫ,Қаратал ауданы, Кәлпе ауылы.