Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бұқараның базынасы ескерусіз қалмайды


27 августа 2021, 08:11 | 1 162 просмотра



«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсілді сөз бар. Қалай дегенмен сөз төркіні атқамінерлерге "халықтың арқасында тізгін тартып отырсың" дегендей ойға жетелейді. Шыны сол, елімізде демократия. Биліктің бастауы – халық. Кез келген лауазымдағы тұлғалар бұқараның арқасында биік мансапты меншіктеп отыр. Мұны Ата заңымыз да айғақтайды. Көп жағдайда «әкім-қара халық арасына түсе бермейді» деген әңгімені диі құлақ шалады. Алып қашпа әңгіме екен ғой дерміз-ау, қазір ашықтық пен жариялылық уақытында ештеңені жасырып қала алмайсың. Әлеуметтік желі талай мәселенің желкесінің шұқырын көрсетіп жүр.

Қалай дегенмен, «әкім бұқараға бармайды» дегенді жиі айтатындар Қаратал ауданының әкімі Е.Шойұлының күндік қарекетін бағамдасын. Асыра мақтау емес, аудан басшысы үнемі халықтың жанынан табылып, солардың жайына болысып жүреді. Мәселен, жуырда «Nur Otan» партиясы Қаратал аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарын қабылдады. Кездесуде партия филиалының өкілдері санитарлық нормаларды сақтауды жіті назарда ұстап, әкімнің ел мәселесінің тінін тарқатуға бар жағдайды жасап отырды. Айтпақшы, аудан әкімінің қоғамдық қабылдауында Бастөбе ауылдық округінің әкімі Эдуар Ким, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақжайық Мұратқызы, Қаратал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмас Ажарханұлы және бірнеше құзырлы мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Әкім қабылдауына Әсемгүл Туғанбаева алғашқы болып енді. Жылыбұлақ орта мектебінде еден жуушы болып нәпақа тауып жүрген кісі баласының жайын айта келіпті. Әсемгүл Туғанбаеваның айтуынша, қызы Әсел Мұсанова жалғыз басты ана. Сән салондарында жұмыс істеуге қауқары бар, тырнақ әрлеу шебері мамандығына машықтанған. Алайда жұмысы жоқ және атаулы әлеуметтік көмек алмайтын көрінеді. «Балапаны үшін торғай да шырылдайды» деген, бауыр еті баласының жайына алаңдап келіпті. Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақжайық Мұратқызының айтуынша, 1999 жылдың тумасы Әсел Мұсанова ҚР «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына сәйкес үстіміздегі жылы атаулы орталыққа үстіміздегі жылдың 8 сәуірінде жұмыссыз ретінде тіркелген. Сондай-ақ, аталмыш тұрғын ел Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» №746 қаулысының негізінде жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес қысқа мерзімді оқытуға жіберілген. Нәтижесінде биыл «Гламур» сұлулық салоны» жеке оқу ұйымында «тырнақ әрлеу шебері» мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқудан өткен. Сол уақыт аралығында маусым, шілде айларында Әсел Мұсанова 64 968 теңге материалдық көмек алған. Қоғамдық қабылдауда аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақжайық Мұратқызы аталмыш орталық арқылы тырнақ әрлеу шеберіне қажетті құрал-жабдықты грант арқылы иеленуге болатынын айтса, Бастөбе ауылдық округ әкімі Эдуар Ким ауылдағы сұлулық салонынан орында 3 ай өтемақысыз жалға алып беруге ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмекке құжаттарды өткізуге қос тарап көмектесетін жеткізді.
Әкімнің қабылдауына болған Жәмила Төлеубай да біраздан бері шешімін таппай жүрген мәселесіне нүкте қойды сұрай келіпті. Аталмыш аудан тұрғынының үстіміздегі жылы ІІІ топ мүгедектігіне байланысты төленетін жәрдемақы тоқтатылып, арнайы статусы тоқтатылған екен. Ж.Төлеубай сол жақ жамбас буынының диспластикалық коксартрозы диагнозымен сырқаттанады екен. 2020 жылдың наурызынан бастап ІІІ топтың мүгедегі деп танылса, үстіміздегі жылдың наурызында МӘСК-ті қайта куәландыруға жіберілген. Алайда биыл сол наурыздан бастап Талдықорған қаласындағы №6 МӘСК-те пациенттің толық оңалтылуына байланысты мүгедектіктігі куәландырылмаған. Аудан әкімі Е.Шойұлы мен құзырлы мекеме қызметкерлері қоғамдық қабылдауға келген кісіге кеңес беріп, қайта құжат тапсыру қажеттігін айтты. Бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне Бастөбе ауылдық округінің әкімі Эдуар Ким бас-көз болуға уағдаласты.
Әкім қабылдауына келген Нұржан Тұрыс пен Үкібай қоңқай жайылымдық және суармалы жер сұрай келіпті. Бұл мәселе де шешімсіз емес екен. Шын мәнінде шаруа қожалығын жүргізу еліміздің Жер кодексінің 43-1, 48-баптарына сәйкес босалқы жерлер құрамындағы ауылшаруашылық алқаптары шаруа немесе фермер қожалығын тауарлы, ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға конкурс негізінде ғана беріледі. Конкурсты ұйымдастырушы конкурс өткізу күнінен 30 күнтізбелік күннен бұрын хабарламаны жергілікті мерзімдік баспасөз басылымдарда жариялайды. Осыған орай, жер учаскесінің көлемі анықталып, кезекті өткізілетін конкурсқа жеке лот ретінде шығарылып, жер учаскелері – лоттар тізімі баспасөз беттеріне жарияланғаннан кейін өтінім беру арқылы қатысуға болады. Бастөбе ауылдық округінің әкімі Эдуар Ким алдымен бос жердің барын біліп, содан соң ғана сізге жер телімін жалға бере алатынын айтты.Ол үшін ауылдық округ әкіміне өтініш қалдыру керек екен.

Автор:
М.Мақсым.