Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

қоғамдық саулықты вакцинация қалыптастырады


20 августа 2021, 09:25 | 1 087 просмотров



Әлемде қауіпті індет қайта бас көтергендей. Күн санап тәж тажалдың тырнағына ілінушілер қатары молайып келеді. Себебі де, түсінікті. Дерт түрленіп тұр. Алғашқы нұсқасынан әлде қайда қауіптірек, қоршаған ортаға әбден бейімделген мутацияланған түрі жұртты әбігерге салуда. Шыны керек, еліміздің медицинасы мен билігі қауқарсыз емес. Шама шарқынша шараларды қабылдап, дертті шатқаяқтатуды орайластыруда. Алайда бұл індеттен құтылудың жалғыз жолы - вакцинациялау. Қанша жерден санитарлық нормаларды қатаң сақтау жөнінде нұсқаулықтар берілгенмен, қоғамдық сананың өзгермеуі індеттің індеуіне әкеп соғуда. Демек, ел тұрғындарына екпе салдырудан өзге індетті жеңудің жолы жоқ. Сондықтан вакцинациялау күн тәртібінің бірінші мәселесі сызбасынан түспеуі керек. Жуырда, Қаратал ауданында екпе салдыру жайын, вакциналардың қол жетімділігін таразылап қайттық. Бүгінде ауданда вакцина қол жетімді. Тапшылық байқалмайды. Әрине, екпе жайында оң қоғамдық пікір қалыптасқан.

Жалпы, Қаратал ауданы бойынша екпе салдыру негізінде ауыз толтырып айтар тірлік бар. Бүгінде ауданда 46,5 мың халық болса, оның 20 пайызы екпе салдырған екен. Яғни 9188 тұрғын екпе ектірген. Ал жоспарға сай 25 мың тұрғын вакцинациядан өтеді деп жоспарланып отыр. Дегенмен, нәтиже жаман емес, насихаттық жұмыстардың нәтижесінде екпе салдыру қарқын алып отыр. Елімізде тәж-тажалға қарсы вакцинация басталған сәтте алғашқылардың бірі болып медицина қызметкерлері екпе жасатқаны белгілі. Бүгінде аудан бойынша 498 ақ халатты вакцинация алған. Бұл жалпы аудандағы медицина қызметкерлерінің 81 пайызын құрайды. Балалардың қауіпті індет жұқтыруы да белең алып келеді. Өйткені, балалар қауіпсіздігі әдетте екінші орынға ысыралатын әдеті емес пе?! Осы орайда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұғалімдердің де екпе жасатуы бірінші орынға қойылған еді. Бүгінде Қаратал ауданында 980 педагог екпе алған екен. Жалпы ауданда 1291 білім саласының қызметкері болса, бұл көрсеткіш соның 68 пайызын құрайды. Сондай-ақ, созылмалы ауруы бар тұрғындар да өз еркімен екпе қабылдап жатыр екен. Бүгінде мұндай науқасы бар 56 тұрғын вакцинациядан өткен.
Қазіргі танда ауданда вакцинаның жеткілікті мөлшері бар. Құзырлы орындардың мәліметіне сүйенсек, аудан көлемінде Спутник V немесе «Гам-Ковид-Вак» екпесінің 1245 дана бірінші компаненті болса, қытайлық ғалымдардың көмегімен жасалған араб вакцинасы Hayat-Vax-тің 7 бірінші компаненті бар. Сондай-ақ, аспан асты елінің CoronaVac атаулы вакцинаның 5 дана бірінші компаненті дайын тұр екен. Екінші компанент бойынша Спутника V екпесінен 2340 дана, Hayat-Vax вакцинасынан 97 дана, CoronaVac екпесінен 398 дана және QazVac отандық екпеден 60 дана тұрғындарға ұсынылуда.
Елімізде ғана емес, әлемде індет өршіп тұр. Тап қазіргі уақытта қауіптілік жоғары. Бұл індеттің алдын алатын, тәж тажалды түбегейлі жоятын жалғыз жол - екпе салдыру. Әрине, екпеге немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл жайды таразылау үшін аудан тұрғындарының үніне құлақ түрдік.
М.МАҚСЫМ:
Пайым және пікір
Б.Жабықбаева,
Үштөбе қаласы әкімдігінің маманы:

- Вакцинадан қорықпау керек. Мен де екпеден соң ешқандай симптомдар байқалмады. Мамандар үш тәулік ішінде дене қызуы көтеріледі, инъекцияның орны қызарады, ісінеді деген еді. Оның бірі де болмады. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Өз денсаулығы мен болашағы үшін алаңдайтын әр жанға вакцина салдыруға кеңес беремін. Әлеуметтік желіден, алып-қашпа әңгімелерден вакцинация туралы жалған ақпаратты естіп алып, үрейленіп жүрген замандастарым бар. Оларға үнемі екпе жасату арқылы қауіпті ауруды жеңетінімізді айтып жүремін. Жалпы, әрбір адам қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, сол қоғамдық саулығы үшін екпе жасату маңызды.

Р.Миронова,
Ақжар аулының тұрғыны:

- Вакцинация – бүкіл әлемде жұқпалы аурулардың алдын алудың, тежеудің және жоюдың тамаша құралы. Қазақстанда, әлемнің көптеген еліндегі сияқты, вакцинаның алдын алу азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегияларының бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев нақты айтып, «Кейбір арандатушылық ақпараттарда айтылғандай, вакциналау дегеніміз – ешкімге күштеп вакцина салу емес» деді. Сонымен қатар мемлекет басшысы осы вакцина қабылдаудағы ең бастысы – ел денсаулығының қауіпсіздігіне баса назар аударды. Жалпы, әр адам қоғам, ел алдында жауапкершілікті сезінуі тиіс. Тәж-тажал да жау. Онымен күресу әр қазақстандықтың міндеті. Егер күреспесе, арты қайғылы жайларға итермелейді. Сондықтан, жауапкершілікті сезініп, екпе салдыр, замандас.

А.Рахметова,
Жанаталап аулының тұрғыны:

- Мен вакцина қабылдау қажет деп санаймын. Оның бір ғана себебі бар. Мен өмір сүргім келеді және жақын жандарымның амандығы үшін екпе салу керек. Вакцинация мәселесіне келгенде, халықтың арасында ағарту, түсіндіру жұмысын жүргізу аса қажет. Бұл жұмыс жүйелі түрде өткені абзал. Соңғы кездері жас ата-аналардың білікті дәрігерлердің емес, әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға көбірек сенетіні алаңдатады. Жалған ақпараттардың арқасында жастардың екпеден бас тартып жататынын көреміз. Бұл ретте тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамын.

Н.Кілтбаева,
Балбөбек балабақшасының тәрбилеушісі:

- Әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты екпе салдыру басталғанда әртүрлі алып-қашпа әңгімелер тарағаны белгілі. Бір білерім, вакцина адамдарды бұл аурудан қорғау үшін жасалғаны анық. Сондықтан, біз отбасымызбен екпе алдық. Екпені алғашқы болып елімізде мемлекеттік қызмет саласының қызметкерлері алғаны бекер емес. Халықпен тікелей жұмыс жасаймыз. Індеттің өршіп бара жатқанын күнделікті теледидардан көріп-біліп отырмын. Өзің сақтансаң ғана сақтайтыны туралы қағида бар ғой. Бұл да - солай. Өзіміз барлық сақтық шараларын бұлжытпай орындап жүрсек қана аурудың бұдан әрі кең таралуына жол бермесіміз айдан анық. Аурудың алдын алатын сақтық шараларының бірі – екпе. Мен де екпе алдым. Алғашқы дозаны жеңіл өткердім. Үш аптадан кейін дәл сол вакцинаның екінші компонентін салдырдым. Ол да ойдағыдай болды. Екпе алғанымды дұрыс қадам деп есептеймін. Алаңсыз жұмысымды атқарып жүрмін. Жұбайым да екпе салдырды. Ол да білім саласындағы маман. Оның жұмысы да көпшілікпен тікелей қарым-қатынаста.Маған айналамдағы адамдардың, ең бірінші, отбасымның амандық-саулығы бәрінен қымбат. Адамның ауруға қарсы күресу қабілетін күшейтетін вакцинаны салдырудан қашпауымыз керек. Бұл әсіресе біз сияқты көпшілікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндер үшін керек.

Ж.Кусаинова,
Үштобе қаласының тұрғыны:
- Біздің елге айтып келмейтін қайғы келді. Бұл қауіпті індет ешқайда кетпейді, өйткені оның бет-бейнесі көп және әлсін-әлсін түрленіп отыр. Бізге онымен күресу керек. Ғылым вакцинаның көптеген түрін ойлап тапты, бірақ қандай да бір себептермен адамдар вакцина алудан қорқады. Вакцинациядан бас тарту арқылы сіз өзіңіздің денсаулығыңызға ғана емес, сонымен қатар туыстарыңыз бен достарыңыздың денсаулығына қауіп төндіресіз.
Бәріміз бірігіп, екпе жасайық, әйтпесе бұл індетті жеңе алмаймыз. Бұл кесапатты қол ұстасып жеңе аламыз. Мұқият ойланыңыз және бір мезгілде екпе жасайық, ақыр соңында кез келген қиындық елімізді тастап кетуі керек. Біз бұл зұлымдықты жеңеміз!

Автор:
М.МАҚСЫМ