Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қайырымдылық - қайырлы іс


20 августа 2021, 09:24 | 1 331 просмотр



Батыстың бір ғұламасы «Жасыңды көрсет, болашағыңды баяндайын» депті. Бұл тәмсілдің төркіні бүгінгі жасың қандай болса, ертеңің де сондай болады дегенге салады. Түсінікті тілмен тәржімаласақ, бүгінгі жас білімге ынтасы жоқ, ізденуге, жаңа дүниені қалыптастыруға құлықсыз, тек әйтеуір күн кешу қамымен жүрген болса, болашақта қоғам тізгінін дарынсыз, біліксіз, қоғамды регресске жетелейтін тұлғалар ұстайды деген сөз. Ал есесіне, прогресті қуаттайтын, ізденіс пен жаңашылдыққа жаны құмар, ойы таза, пейілі кең, санасы тың ойларға толы жасты бүгін тәрбиелесек, келешек жаңалықтарға толы, қай сала да үлкен үдеріске түсіп, даму динамикасын қалыптастырар тұлғалардың қолымен жасақталмақ.

Әрине, ел жастары қай кезде де қарымды һәм алымды, білімді және білікті. «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», - деген еді ел президенты Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде. Осыдан-ақ ел жастарының қарымын байқау қиын емес. Әрине, көп жағдайда аға буын жастардың бұзылып жатқанын базына қылады. Қалай дегенмен жас сөзінің төркіні жаңа сөзімен астасып жатқандай. Жастар әдетте прогресшіл. Прогресс дегеніміз – жаңашылдық, жаңа бастама, жаңа көзқарас дегенді білдіреді.
Қаратал ауданының прогресшіл жастары қай кездеде болар істің басы-қасында жүреді. Жуырда ауданның белсенді жастары қайырымдылық қылды. Үштөбе қаласынының тұрғыны Юрий Дмитриевтің шаңырағында болды. Онда жастар жай барған жоқ. Мүмкіндігі шектеулі азаматқа жәрдемдесуді көздеп бар. Ю.Дмитриевтің үйінде ауданның көшбасшы жастары үй шаруасына жәрдемдесті. Қысқы отынын қамдасты. Суын тасып, есік алдындағы жеміс ағаштарын әктеді. Ауласын тазалап, қолдан келер шаруаның көбін еңсерді. Жастардың мұндай шараны іске асыруына «Ардақтайық, құрметтейік, қарттарды» акциясы себепші болды.
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарт ардагерлеріміздің орны ерекше, олай болса әр халықтың бойында өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді. Міне осындай теңеуге лайық қарияларға «Жастар таңдауы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен және жасыл ел еңбек жасақтары әрдайым қарттарға қолын созып тұрады, - деді «Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің филиалы «Қаратал ауданының жастар ресурстық орталығы» жетекшісі Н.Рақметқазынов.
Акция аясында аудан жастары ауласын мұнтаздай қылған ақсақал Ю.Дмитриев жастарға алғаусыз алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Автор:
Б.кемеңгер.