20 августа 2021, 09:18 | 1 204 просмотра
Дін мәселесі бүгін еліміздегі өткір тақырыптың бірі. Осынау саланың мемлекет дамуы мен жалпы ұлт рухниятында да алар орны ерекше екені даусыз. Әсіресе, аймақтар мен шалғай ауылдардағы діни ахуалдың ел дамуындағы маңызы зор болып отыр. Ірі шаһарлар сияқты алыстағы елді-мекен халқының да тәлім-тәрбиесі, сана-сезімі мен имани ахуалын түзейтін тетіктің бірі осы саламен байланысты. Осы тұрғыда біз Қаратал ауданының бас имамы Жансерік Алпысбаевпен аудандағы діни жағдай турасында әңгімелесіп, жалпы дін мәселесі төңірегінде аз-кем сұқбаттасқан едік.
- Сөз басын ең алдымен өзіңізден бастасақ. Дін саласына, жалпы діни қызмет жолына қалай келдіңіз?
- Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Алланың қалауымен, біраз жыл бұрын Алланы танып, дінге бет бұра бастаған соң, Ислам дінін тереңірек білу үшін Ерлан есімді бауырымның және «Еркін» мешітінің сол кездегі бас имамы Қанат Маратұлы ағамыздың себепкер болуымен Шымкент медресесіне 2007 жылы оқуға түстім. Аталған оқу ордасын 2010 жылы тәмамдап, Кәлпе ауылының бас имамы болып тағайындалдым. Кейін Талдықорған қаласындағы «Нұр» мешітінде наиб имам қызметін атқарып, енді, мінекей, Алланың қалауымен, соңғы бес айда Қаратал ауданы бойынша бас имамдық қызметтеміз.
- Дін мен дәстүрдің бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстарын байқап жатамыз. Қадыр түнінде кей ағайын дастархан жасап, күтеді. Тізе берсек мысал көп...
- Негізі, асыл дінімізде барлық жағдай жүйелі түрде жолға қойылған. Сондықтан дәстүр діннің, шариғат шеңберінен шықпауы тиіс. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, жақсы дәстүр болып жатса, дінмен ұштасып жатса, айыбы жоқ.
- Ауданның бас имамы болып тағайындалғаныңызға да біраз уақыт болып қалыпты. Жалпы бүгін ауданда, ауылдардағы діни ахуал қандай?
- Аллаға сансыз шүкір, діни қара шаңырағымыз ҚМДБ-ның, бас муфти Наурызбайқажы Тағанұлының басшылығымен еліміз бойынша, соның ішінде біздің ауданымызда да біраз игі істер қолға алынып, халықтың діни-рухани жағынан өсуіне бірден-бір үлес қосып жатқан имамдарымыз екенін атап өтсек, артық болмас.
- Қаратал ауданында біраз ауыл бар. - Елді-мекендердегі имамдардың жай күйі қалай, жалпы оларды оқыту, даярлау жұмыстары жайлы не айтар едіңіз?
- Ауданымызда жалпы он жеті мешіт бар. Қазіргі таңда елімізде имамдарды оқыту, даярлауға байланысты білім алу жүйесі де жолға қойылып, жақсы дамып келеді. Имамдарымыз өз кезегінде біліктілік арттыру курстарынан өтіп тұрады.
- Жалпы үлкен шаһарлардағы дін қызметкерлері мен шалғайдағы ауыл имамдарының жай күйін салыстыру қиын шығар. Ауылдағы имамдардың еңбегін бағалау жағы, оларға айлық беру мәселесі туралы не айтуға болады?
- Имамдарымыз мемлекет тарапынан бір тиын алмай, бір Алланың разылығын көздеп дін үшін барын салып қызмет етуде. Олардың несібесі діннің жанашыры болған жамағаттың, халық қазынасынан...
Әрине, айлық мәселесі жоғарыда атап өткенімдей, жергілікті жердегі мешітке жиналған жамағаттан, қалың елден түскен азды-көпті қаражаттан бөлінеді.
- Өкінішке қарай, қазір Ислам дінінің қадірін кетіріп, берекесін қашыратындар көбейіп барады. Тіпті, Ислам десе шошитындар да бар. Неліктен осындай келеңсіз жайттар етек алды. Осы жағынан не айтар едіңіз?
- Оның бәрі де бірте-бірте реттелетін жәйт деп ойлаймын. Көпшілік болған жерде адамдардың ақыл-ой, саналарының, сондай-ақ, дінді қаншалықты дұрыс түсінетініне де байланысты болар...
- Бүгінде көп қарындастың бүркеніп алып, небір тепсе темір үзетін бауырларымыздың еңбектен қашып, қоғамнан алыстап кетіп жатқанын көріп жүрміз. Бұл - дінді дұрыс түсінбеу ме? Жалпы, мұндай тенденция бізді қайда апарады?
- Жалпы, қарап отырсаңыз, жалқау немесе жақындарынан бір себептермен қашқақтап жүретін, адамға аса жұғымы жоқ пенделер болады. Мүмкін, мұсылмандардың арасында да кездесіп қалар, алайда, ондай пенденің бойындағы жағымсыз қылықтарды әкеліп дінге жапқанымыз жарамас. Бұл - дінге жала жабу болады. Мұсылманға қарап, Исламға баға беруге болмайды, дегенмен, ащы да болса бір шындық бар: «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді».
- Тәрбие – тал бесіктен дейді дана халқымыз. Діннің өзі тәрбие емес пе? Осы тұрғыдан алғанда дін мен мектеп ара қатынасы қаншалықты болғаны жөн? Мектепте діни білім берудің қажеттілігі жайында қазір біраз мәселе көтеріліп жүр. Бұған қатысты не айтар едіңіз?
- Рас, «Тәрбие – тал бесіктен» дейді дана халқымыз. Әрине, мектептерге Ислам дінін тану сабағын енгізу. Құптарлық іс болар еді.
- Қазір имамдардың дәрежесі қандай? Мысалы, бұрындары ауылдағы ағайын ақсақалдарынан, ақсақалдар кеңесінен ақыл сұрап жүгінетін еді. Қазір данагөйлеріміздің орнын дін қызметкерлері баса алды ма? Осы жағынан ойыңызды ортаға салыңызшы?..
- Халықтың діни сауаты ашыла бастауымен бірге имамдардың да дәрежесі артатыны анық. Қазір жеке басына, отбасына қатысты мәселелерге байланысты мешітке келіп, имамдардың ақыл-кеңесіне жүгінетін жұрттың қатары көбейіп келеді.
- Әңгімеңізге рақмет!