Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Спорттың қайнар көзі - ауыл


13 августа 2021, 04:41 | 1 005 просмотров



Кәлпе ауылы - спортқа жақын елді-мекеннің бірі. Мұндағы өрендер жастайынан күрес, бокс пен футбол секілді спорт түрлеріне
жақын келеді. Өзге балалар секілді мен де кішкентайымнан спортқа, оның ішінде футболға жақын болдым.

Үш ай жазғы демалысты ала доп қуып өткізетін едім. Бала кезден мектепте өтетін жарыстарға белсенді атсалыстық. Сыныпаралық жарыстардан қалмаймыз. Осы қабілетімізді бағалағасын болар, мектеп құрамасына да іліндік. Бұл да бала арманы үшін үлкен жетістік емес пе? Мектептегі үздіктердің қатарында ауыл арасындағы, кейін аудандық жарыстарға барасың. Есімде, жыл сайын бірінші мамырда округтегі бірнеше ауыл арасында футболдан жарыс өтетін.
Біздің округтегі сайыс өтетін орын – Қанабек ауылындағы мектептің футбол алаңы. Сонда кәдімгі Әлем, Еуропа чемпионаттарындағыдай тартысты ойындар болды. Бірнеше ауыл балаларынан құралған команда күн ұзаққа кім мықтыны анықтайтынбыз. Мұның барлығы баланың намысын, жігерін оятатын дүниелер екен қазір ойлап отырсам. Денсаулығымызға қанша пайда, уақытымыз да еш кеткен жоқ. Қазіргі балаларды ойнауға, аулаға шығарудың өзі қиынның қиыны болып барады. Заманның ағымына қарай, технологиялардың көз ілеспес жылдамдығы барша құндылықты өзгертіп жатыр. Сол бала кезімізден қалыптасқан қасиеттер, спортқа деген махаббаттың пайдасы ұшан-теңіз болды. Денсаулық пен ағзаны айтпағанда, спорт адамның адамгершілік қаисеттерінің де қалыптасуына көп септігін тигізетіні анық. Сол бала кезден бері қалыптасқан қабілет кейін жоғары оқу орнында да өз пайдасын тигізді. Футбол бойынша факультет арасындағы жарыстарға қатысып, біраз сайыстарда өнерімізбен дараланған кездер де болды. Барлығы бала кезгі қызығушылықтың арқасы.
Біздің ауылда есімі бүкіл ауданға мәшһүр ардагер бапкер Қанат Арынбаев ағамыздың ұлы Төлеген жұмыс істеді. Қазір де мектепте денешынықтыру пәнінен өрендердің шеберлігін шыңдап жатыр. Сол Төлеген ұстазымыз бен Мақсат дейтін де ағайымыз бірлесіп, спорттың қыр-сырын үйретті. Ауылдық, аудандық жарыстарға апарды. Біздің ауылдық округте, арасында Кәлпе ауылы да бар, еркін күрес жақсы дамыған. Бұрын мереке кездерінде кәдімгідей үлкен жарыстар өткізілді. Ауылға тіпті, облысымыздың бірнеше өңірінен де командалар келіп, бақ сынап қайтатын. Талдықорған өз алдына жеке команда болып, қатысатын. Сондай да қызықты кездер болды. Қазір, ондай ірі сайыстар сирек өтеді. Дегенмен, жастардың спортқа деген қызығушылығы әлі де сақталған. Тек, олардың қызығушылығын оятып, спортпен айналысуына түрткі болсақ.
Сондай жағдай жасап бере алсақ. Мәселен, сол біз баяндап отырған кездері Кәлпенің балалары сырттан келген, дайындығы жақсы командалардың өрендерімен терезесі тең өнер көрсетті. Жүлделі орындарды алып қалып жатты. Қазір де біздің балалар ешкімге оңайлықпен жеңіле қоймас деп ойлаймыз. Сол Төлеген Арынбаевтың тәлімін алған біраз жас спортшы қазір Талдықорғандағы спорт мектептерінде оқып жатыр. Ал арғы-бергі тарихты ақтаратын болсақ біздің ауылда еркін күрестің бір мектебі қалыптасқанын аңғару қиын емес. Қанат Арынбаев негізін қалап кеткен мектептен түлеп ұшқандар қатарында Дастан Амантаев, Әсет Дүкенбаев және тағы басқа да балуандардың есімін атауға болады. Қазір де Кәлпеде дарынды жастар баршылық. Бұған осыдан бірнеше жыл бұрын Қанат Арынбаевты еске алуға арналға турнирде көз жеткізген едік. Ардагер бапкер рухына арналған сайысты тамашалауға сонда ауылдың еңбектеген жасынан, еңкейген қартына дейін келді десек, артық айтқандық болмайды.
Мемлекет басшылығы күн арылтпай бұқаралық спортты дамыту туралы айтып жатыр. Бұл өте өзекті мәселе. Себебі, ұлтымыздың, мемлекетіміздің мықты болуын, халықтың сапалы болуын қамтамасыз ететін саланың бірі ол – спорт. Ал спорттың бастауы – ауыл екені анық.

Автор:
М. МҰҚАШҰЛЫ