Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жомарт жандар қайыр қылды


13 августа 2021, 04:37 | 995 просмотров



Дана халқымыз «ел басына күн туса, ерлер етігімен су кешер» деген нақылды бекер айтпаса керек. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», – деген де ұлағатты әңгіме бар ел арасында. Қамшының сабындай қысқа өмірде шама-шарқың келгенше аялы алақан мен жан жылуын аңсайтын жандарға қол ұшын бергенге не жетсін. Жақсылық жасау – имандылықтың тәрбиеліліктің, парасаттылықтың белгісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрін қазіргі кезде ауыл кәсіпкерлері жалғастырып келеді. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіншілігің жетіп тұрса, неге қол ұшын созбасқа дегенді ойтады жомарт жандар.

Жуырда «Nur Otan» партиясы Қаратал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Байгунысовтың ұйымдастыруымен қайырымдылық акциясы өтті. Атаулы шараға «Зекет және қайырымдылық қорының» өкілі Қанат Сарқытбайұлы мұрындық болып, Қ.Башенов отбасы, жақындарының амандығы үшін бір ірі қара малын құрбандыққа шалып, 30 көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға бөліп берді. Былай қарағанда, 300-400 мың теңгенің көлеміндегі ет өнімін бәз біреулерге тарата салу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Тек жомарт жандардың қолынынан келеді десек артық айтпағандық болар. Қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға көпбалалы отбасылардың өкілдері алғаусыз алғысын білдіріп, разылығын жеткізді.
- «Nur Otan» партиясының Қаратал аудандық филиалының басшысы осындай қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып тұратынына куә болып жүрміз. «Елге қызмет – баршаға міндет» демекші, қолында бар қазынасын халықпен бөлісіп, бес күндік тіршілікте тек сауап жинаған жаны жомарт жандарға қалай алғыс айтпайсың. Баба жұрттан жеткен қайырлы істі жандандырған жандардың шаңырағына шаттық орнап, әрдайым беделі төмен түспесін, - деді қайырлы іске куә болған жандар.
Жалпы, «Nur Otan» партиясының Қаратал аудандық филиалы үнемі мұндай қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрады. Қалай дегенмен халықтық партия өкілдері әр дайым халық жайына болысып жүруді құп көргендей. Соңғы уақытта атаулы партия тарапынан «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» ауқымды жобалары жүзеге асуда. Бұл жобалардың да негізгі миссиясы – тұрғындардың жайына болысы, олардың тұрмыс жайына жәрдемдесу. Шыны керек, бүгінде қоғамымызда дінге қызығушылық жанданып, қазақ руханиятындағы осындай діни құндылықтарымызды қайта зерделеу заман талабына айналды.

Автор:
ЖД Ақпарат.