Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қамбасы қазынаға, қойнауы жазираға толы ауыл


13 августа 2021, 04:26 | 1 352 просмотра



Ауыл қазақтың – алтын қазығы, қасиетті қара бесігі. Мұны біз емес, бізге дейінгілер әлдеқашан айтып кеткен еді. Шыны керек, ел болашағын ауылсыз елестету мүмкін емес. Оның да өз себебі бар, өйткені елдің экономикасы да, әлеуметтік ахуалы да ауылмен біте қайнасып жатыр. Турасын айтқанда, тұрмысымыз да, мәдениетіміз де, тарихымыз бен рухымыз да сол ауылдың тынысына байлаулы. Шыны керек, ткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауылдардың тіршілігі тоқырап, сондағы ағайын ірі орталықтарға, қалаларға ағылған еді. Қайтпек керек? Ол кездері ауылшаруашылығы күрмеуі көп сан мәселеге душар болды. Техника жеткіліксіз, егін егуге жағдай келмеді. Мал саны күрт кеміп, тәуелсіздік алған жылдары экономикалық қиындық ауылдың жайын күмілжітіп жіберді.

Содан ауылдағылар нәпақасын қаладан таппаққа ұмтылды. Ала дорба арқалап, көпшілік саудаға араласа бастады. Ел тізгінін мығым қолында ұстаған Елбасы Н.Назарбаев сол кезде ауылдың іргесі бүтінделмей, сондағы ағайынның жағдайы келіспей елдің өркендемейтінін нық түсінгендей. Нәтижесінде 2003-2005 жылдары елімізде «Ауыл жылы» жарияланды. Реформалы жылдардың нәтижесінде қазақтың «қара шаңырағы» бірсыпыра жөнге келді. Ауылды дамыту мұнымен тоқтап қалмады. «Алтын бесіктен» ұзап кеткендерді, ауылға қажетті мамандарды тарту мақсатында түрліше бағдарламалар дүниеге келді. Соның бірі де, бірегейі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы еді. Бұл үдерісті жобаның мақсаты – жоғары білікті жастарды ауылда тұруға, сол ауылдың әлеуетін көтеруге жағдай жасау еді. Әрине, «алтын бесіктегі» кәсіпкерлікті дамыту үшін де сан түрлі бағдарламалар дүниеге келді. Одан өзге Елбасының бастамасымен елді мекендерде тіршілік етіп жатқан ағайынның тұрмысын түзеу үшін де сан бастама қолға алынды. Сондай іргелі жобалар әлі де жүзеге асып келеді һәм жаңа бастамалар қазақтың «алтын қазығын» одан әрі көркейте түсуде. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан ауқымды тірліктер мен жүйелі бағдарламалардың арқасында іргесі бүтінделіп, қалыпты тірлігі бар, түтіні түзу, тұрмысы жайлы ауылдардың қатарында Ескелді ауылы бар. Бүгінде үш мыңнан аса отандасымыздың қасиетті мекеніне айналған ауылдың даму динамикасын өрнектеп көрелік...

Тұрмысы түзу, тірлігі қолайлы

Әулие бабаның есімі телінген ауылдық округтің құрамында Қызылжар, Қайнар, Көкдала және Ескелді би ауылы кіреді. Ауылдық округ орталығы Ескелді би ауылы. Бұл ауыл аудан орталығынан бар-жоғы 17 шақырым қашықтықта жатыр. 3200 тұрғыны бар елді мекеннің тұрмысы ауылшаруашылығына негізделген. Алайда ауыл тұрғындары өзге бағытта да қарекет етіп, несібесін өзге салалардан да тауып отыр. Оған кейінірек тоқталамыз, әңгіме ауанын ауылдың әлеуетін тізбектеумен жалғастырайық. Бүгінде ауылдық округте 306 зейнеткер, 95 мүмкіндігі шектеулі жан және 36 атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы бар. Олар үнемі ауылдық округ әкімшілігінің жіті назарында. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыларын уағында алып, еш мұқтаждық көріп отырған жоқ.
Өткен жылы ауылдық округ әкімдігі тарапынан 75 өкім, жеке құрам бойынша 25 өкім қабылданған. Жеке мәселе бойынша әкімнің қабылдауында 4 ауыл тұрғыны болыпты. Әкімдік тарапынан ауыл тұрғындарына қызмет мұнымен тоқтап қалмаған. Мәселен, тұрғындар сұратуына сай әртүрлі бағыттағы 279 анықтама берілген. Сондай-ақ, жеке тұлғалардан -11, заңды тұлғадан -1 жазбаша өтініш келіп түсіп, заңға сәйкес жауап берілген. Ал, жоғары органдардан 404-құжат келіп түссе, кері 590-құжат жөнелтілген. Сондай-ақ, былтыр 50 жанұяға жаңа форматтағы атаулы көмек негізінде 26,03 миллион теңге үлестірілген. Ауылдық округ әкімдігі мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, бұл қаржы осынша отбасындағы 239 адамға тағайындалған. Мұнан өзге ауылдық округтегі 674 балаға 2,67 миллион теңге кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілген. Сонымен қатар, мүгедек балаларды үйде тәрбиелейтін және оқытатын 4 отбасыға 188 мың 450 теңге әлеуметтік көмек, төтенше жағдай кезінде 52 жұмыссыз азаматқа 866 мың 736 теңге, туберкулез ауыруына шалдыққан 3 адамға 363 мың 759 теңге көмек көрсетілсе, тұрғын үй көмегін алу үшін 21 отбасыға 569 мың 631 тенге көлеміндегі жәрдемақы берілген. Жұмыспен қамтудың кешенді жоспары шеңберінді нысаналы топтағы азаматтарды жұмыспен қамту бойынша Ескелді ауылын бойынша 58 тұрғын жұмыспен қамтылған. Олардың жайын тарқатсақ, 28 тұрғын уақытша жұмысқа орналастырылса, 56 ауыл тумасы тұрақты жұмысқа тұрған. Әкімдік қызметкерлері берген мәліметке сүйенсек, 6 ауыл тұрғыны қысқа мерзімді оқуға жіберілсе, 2 тұрғын «Жастар практикасының» жемісін көрген. Сондай-ақ, 5 Ескелді ауылдық округінің тұрғыны «Бастау-Бизнес» бағдарламасы негізінде кәсіпкерлік негіздерінен сусындаса, 1 тұрғын жаңа кәсіпкерлік ашу үшін 200 теңге грант иемденген. Ауыл тұрғындарының жағдайына болысу мұнымен тоқтап қалмаған. Ауылдық округ әкімдігі тарапынан 36 ауыл азаматы қоғамдық жұмыс арқылы нәпақа тапқан. Бұл - былтырғы жай. Биыл да Талғат Жақанұлы басшылық ететін ауылдық округ сол үдеден төмендемеген.
- Тыныштық пен бірліктен асқан байлық жоқ. Бүгінде ауылымыз көркейіп, көріктеніп келеді. Қазір пандемиялық ахуалда тұрғындардың саулығына аса мән береміз. Ауылдық округте мобильдік топ жұмыс істейді. Олар елді мекендердегі санитарлық нормалардың сақтауын қатаң қадағалайды. Жолпы, ауыл тұрғындарын кез келген мәселесін айтып, әкімдікке келіп тұрады. Президент тапсырмасына сай, әрбір тұрғынға есігіміз ашық. Оларрды толғандырған сауалдарына жауап беріп, бағыт-бағдар беріп жүрміз. Жалпы, ауылдың жағдайы жақсы. Мұның бәрі бірлікпен тірлік еткеннен. Шыны керек, қай кезде де ауылымыз мемлекет қарауынан қалыс қалған емес. Ел президенті Қ.Тоқаев «ауылдағы ағайынның қолайлы ортада өмір сүруі тиіс», - деген еді. Біздің ауылдық округ тұрғындарының қолайлы ортада өмір сүруі үшін бар жағдайды жасап келеміз, - деді ауылдық округ әкімі.
Үстіміздегі жылдың бес айында былтырғы үдеден кем түспепті әкімдік қызметкерлері. Олардың қарымды тірлігі нәтижесінде Жұмыспен қамтудың кешенді жоспары шеңберінді нысаналы топтағы азаматтарды жұмыспен қамту бойынша 24 тұрғын жұмысқа орналасқан. Ауыл тұрғындары қатарынан 9 тұрғын қысқа мерзімді оқуға жіберілсе, 1 жас «Жастар практикасы» аясында еңбек етуде. Ал, кәсіпкерлік негіздеріне баулитын «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 10 ауыл тұрғыны білім алған.

Әлеуметтің әлеуеті артуда

Жыл сайын жергілікті атқарушы орган басшылары халық алдында есеп береді. Сол есепте атқарылған жұмыстардың жайы сараланып, алда атқарылатын жоспарлардың тіні тарқатылады. Сол сықылды өткен жылы жүзеге асқан шаруалар төңірегінде ауылдық округ әкімі есеп берген еді. Үстіміздегі жылы сол есепте нақтыланған жоспарлар қарымды жүзеге асуда. Тарқатып айтқанда, халық алдындағы әкім есебінде ауылдық округ орталығынан Көкдала ауылына қатынайтын тас жолдың жайы айтылған еді. Бүгінде Ескелді-Көкдала бағытындағы 17 шақырымдық тас жол күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар Көкдала ауылы бойынша көше жарығы мен аялдама орнату жұмыстары, көшенің ішкі жолдарын жөндеу үшін қаражат бөлінді. Бұл да болса, сан жылдан құрсаудай құрысқан мәселелердің шешіліп жатқанын аңғартады. Жалпы, өткен жылы Ескелді би ауылында І.Жансүгіров көшесін жарықтандыруға бюджет қалтасынан 2,48 миллион теңге, ауылдық округті көгалдандыруға 3,9 миллион қаржы қаралып, тиісінше жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, Ескелді ауылдық округінің 3 елді мекеніндегі тұрмыстық қатты қоқыс төгетін 14 стихиялық қоқыс орыны жойылған. Биыл да осы үдеде жұмыстар жүргізіліп келеді. Үстеміздегі жылы бюджеттен ауылдағы ауқымды шаруаларды тындыруға 27,2 миллион теңге ақша бөлінген. Оның 900 мың теңгесі елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге жұмсалған. 3,85 миллион теңгесі ауылдық округті абаттандыруға, 1,08 миллион теңгесі елді мекендердің көшелерін жарықтандыруға бағытталған. Бүгінде жоспарлы жұмыс 100 пайыз игерілген.
Жалпы, ауылдық округте білім беру саласы бойынша біршама мардымды тірлік бар. Ауылдық округ құрамындағы ауылдардағы мектеп жайына тоқталсақ, Ескелді ауылында 1 орта мектеп бар. Онда 34 мұғалім оқушылардың шамшырағын жағып жүр. Р.Қошқаров атындағы орта мектепті өткен жылы 23 түлек тәмамдап, оның 13-і ҰБТ-ға қатысқан. Білім науқанында 6 оқушы грант негізінде оқуға мүмкіндік алған. Олардың 3-еуі жоғары оқу орнында, 3-еуі колледжде білімін шыңдауда. Қызылжар ауылындағы Лермонтов орта мектебінде 33 мұғалім оқушыларға білім береді. Мұндағы мектепті 4 түлек тәмамдап, оның екеуі ҰБТ-ға қатысыпты. Сол екеудің бірі мемлекет грантын олжалаған. Ал, Көкдала ауылындағы орталау мектепте 20 ұстаз оқушылар бойына білім дәнегін егуде. Ауылдық округте балабақша жайы да шешімін тапқан. Мәселен, Ескелді ауылында 50 орындық «Айым» балабақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашып тұр. Онда 18 ауыл тұрғыны нәпақа тауып жүр.

Агро сектор өрісті

Ауылдың негізгі кәсібі - мал және егіншілік. Ауылдық округ тұрғындары нәпақасын қара жерге дән сеуіп қана тауып отырған жоқ, ата кәсіп төрт түлік мал өсірумен де күн көруде. Мұнда 4219 бас мүйізді қара, 12 790 бас уақ мал, 873 бас жылқы және 9735 құс тіркелген. Ауылдағы ағайын төрт түлігін алаңсыз жаюға мол мүмкіндік бар. Өйткені мұнда 11 мың гектар жайылымдық жер қаралған. Ауылдық округтегі «Нұржігіт» шаруа қожалығы экологиялық таза сиыр еті мен қымыз өндіру бағытында жоба жасақтаған. Бұл қожалық бүгінде 37 бас мүйізді қара, 67 бас жылқы бағып отыр. Ал жоба 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделсе, оның құны 16,5 миллион теңгеге бағаланған. Бүгінде қожалықтың жобасын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары жасалып, 500 гектар жер бөлінген. Ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған «Қаз өсіру» жобасын «Аксенов» шаруа қожалығы қолға алып отыр. Бұл жоба да 2020-2022 жылдары жүзеге асырылады. Жоба құны 100 миллион теңгені құраса, жылына 5,3 тонна ет өнімін шығару көзделген. Бұл шаруа қожалығы 30 гектар жер алып, бүгінде қаз өсіруге алғашқы қадамды бастап кетті. Нақты айтқанда 500 дана жұмыртқаны инкубаторға орналастырған.
Ауылдағы ағайын тек мал шаруашылығына иек артып отырған жоқ. Мұндағы ағайынның егінмен айналысуына арналған 3778 гектар жер бар. Бүгінде ауыл тұрғындары бұл жердің 3515 гектарына дән сепкен. Ауылда әлеуетті жеке кәсіпкерліктің көшін басын бастап тұрған - «Уштобинский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл құрылым бүгінде 1511 гектарға егін орналастырған. Жуырда аталмыш серіктестік құны 15 миллион болатын ауылшаруашылық техникасына қол жеткізген. Нақты айтқанда «Беларус-892» маркалы тракторы мен дән сепкіш алған. Ауылдық округте қарымды тірлігі бар «Иман» шаруа қожалығы да өз шаруасын дөңгелету бағытында ауқымды шаруа тындыруда. Жуырда аталмыш қожалық құны 8 миллион теңге болатын «Беларус-82.1» маркалы трактор мен 2,9 миллион теңгеге ПР-Ф-145 маркалы шөп нығыздағыш сатып алған.
Жалпы, Ескелді ауылдық округінің даму көрсеткіші көз қызықтырады. Бастысы жұмылған жұдырықтай қарекет етіп жүрген ауылдағы ағайынның түтіні түзу, тұрмысы қалыпты.

Автор:
М.Мақсым.