Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Дуальді оқыту- кәсіптік білім берудің басты жолы


13 августа 2021, 04:21 | 939 просмотров



Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы жариялаған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында «Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетінін мойындау керек, өйткені әр адам өзінің қайда бет алғанын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады», - деп атап көрсеткен еді. Елбасының осы өзекті мәселені шешуде дуалды кәсіби білім беруді дамытудың маңызды екеніне де назар аударған болатын.

Сондықтан дуалды кәсіби білім берудің жоғары білім саласында мамандар дайындаудағы мән-маңызы, алатын орны, ерекшеліктері неде және оны жүзеге асыруда қандай жетістіктер мен кемшіліктер бар деген сұрақтар төңірегінде бүгін «Атамекен» ҰКП Алматы облысы, Қаратал ауданы филиалы директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Фархат Құсайынов арнайы барып Бастөбе сервистік-техникалық колледжі директорының кәсіптік оқу жөніндегі орынбасары Райгүл Маштаковамен әңгіме кездесу жүргізді.
Дуалды оқыту жүйесі – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Бұл алғаш Алманияда пайда болып, негізі қаланды. Әсіресе оның кәсіптік-техникалық білім берудегі алатын орны ерекше. Мұнда оқушылар уақытының үштен екі бөлігінде еңбек ете жүріп өндірістен қол үзбей оқиды, тек уақытының үшінші бөлігін теориялық оқуға, білімді ұйымдастыруға арнайды. Оқу орындары жұмыс берушімен жеке шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа заманауи технологияларды, инновациялық технологиялық бағдарламаларды меңгере алатын дайын білікті мамандар даярлайды. Осы мақсатта болашақ маман иелері өздері таңдаған мамандықтарды кәсіби тұрғыдан жан-жақты игеріп, қазіргі заманауи озық технологияны меңгеріп әрі қарай дамытуы керек. Сондықтан еліміздегі өндіріске қажетті мамандар әзірлеу деңгейін көтеру міндетін әлеуметтік серіктестік және теория мен тәжірибенің үйлесімді болуы үшін дуалды білім беру жүйесінің маңызы зор.
Дуалды жүйесімен оқытудың төмендегідей артықшылықтары бар:
Біріншіден, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады. Себебі оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған оқушы жұмыс берушінің айтқан талаптарын игеріп, меңгерген тәжірибесі бар маман болса;
Екіншіден, жақсы білімді, болашақ маман психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделген дайын маман болып шығады. Өндірісте өздігінен шешім қабылдай алады. Теория мен тәжірибені меңгеріп, бекітілген жұмысқа деген жауапкершілік сезімі жоғарылайды. Өндірісте болғандықтан ұжыммен жұмыс жүргізуге және өндірістегі жұмыстарды алып кетуге қабілеттін жоғарылатады;
Үшіншіден, «тәжірибеден теорияға» принципімен жұмыс жүреді, студент теориялық, яғни мәтінмен айтудан гөрі, өндірістегі жағдаяттарға сәйкес жұмыс жүргізеді. Теорияда қиындау келетін терминдер мен есептерді тәжірибе жүзінде шешеді;
Төртіншіден, студент тек теорияны ғана меңгермей, өндірістегі соңғы жаңалықтарды біліп, заманауи талаптарды меңгеретін болады. Қазіргі кезде еліміздегі еңбек нарығында білікті мамандар тапшылығы байқалып отыр. Соның ішінде мал шаруашылығы саласында білікті мамандар тапшы. Сондықтан қалыптасқан жағдайда білім беруді тек теориялық тұрғыдан ұйымдастыру жеткіліксіз, яғни жас маманның өндірістік машықтанудан толық кәсіптік деңгейге шығуына жағдай жасау өзекті мәселе;
-Дуалды жүйесі студенттердің бойындағы кәсіби біліктілікті, дағды мен іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби түрде дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің – білім, ғылым, өндірістің өзара байланысын, қарым-қатынасын, әсері мен кірігуін қамтамасыз ету арқылы жоғары білім беру жүйесінің сапасын арттыратындығына сенімдімін, - деп сөзін аяқтады Бастөбе сервистік-техникалық колледжі директорының кәсіптік оқу жөніндегі орынбасары Райгүл Далиқызы.

Автор:
А.Миронова.