Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қоғамдық саулықты қалыптастыру маңызды


13 августа 2021, 04:19 | 1 117 просмотров



Аспан асты елінде 2019 жылы қылтитып бой көрсетіп, бүгінде аждаһадай адамзат өмірін аранында жіберуге ұмтылған тәж тажал әлем бойынша ең өзекті мәселе болып отыр. Оның өз себебі бар. Қауіпті індет әлсін-әлсін түрленіп, мутацияланып, қайта-қайта індет індеп барады. Мәселен, осы уақытқа дейін тәж тажалдың оңтүстік африкалық штаммы мен британдық штаммы бір сілкіп алса, қайта түрленген үнді штаммы үрейді одан әрі үрлей түсуде. Бүгінде атаулы індет тек денсаулық саласын емес, ел экономикасына да едәуір қиындығын әкелді. Жер шарында ғаламдық дағдарыс та туындады. Бірақ, мұндай қиындықтарды жеңетін де күн алыс емес. Жеңу жолы да табылды. Ол – екпе жасату. Мұны жалпы халық та түйсінетін күн жеткендей.

– Коронавирус біз үшін ең қымбат жандарды алып кетіп жатыр. Індетке қарсы күресте аға буын өкілдері зардап шегуде. Дегенмен, балалардың да ауырып жатқаны мазалайды. Ата-аналарынан вирус жұқтырған бір жастағы сәбилердің қатты ауыратынын елестетудің өзі ауыр. Жақында ғана бұл мүмкін еместей көрінген, бірақ қазіргі кезде мыңдаған сәби осы қауіпті індетті жұқтырған. Өзіңді және жақындарыңды осы қатерден сақтаудың жалғыз жолы – вакцинация, – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте. Президент айтқанындай, қауіпті індеттен құтылудың жалғыз жолы - екпе жасату. Бүгінгі таңда вакцинацияға көзқарас әрқилы. Мәселен, біреулер дерттен дауа осы екенін айтса, бәзбіреулер вакцинацияның нақты дәлелсіз зиян екенін алға тартуда. Қалай дегенмен, халық арасында вакцинацияның зияны жоқтығын, тек қоғамдық саулық қалыптастыратын жалғыз жол екенін түсіндіру жер-жерде жүріп жатыр. Мәселен, үстіміздегі жылдың 6 тамызда Қаратал ауданының әкімі Е.Исабеков пен аудандық орталық аурухана басшысы Б.Қумаров әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізді. Мұндағы мақсат – аудан жұртшылығын қауіпті індеттен сақтандыру жолдарын түйсіндіру, вакцинацияның қатерлі дерттен құтылудың жалғыз негізі екенін түсіндіру. Желідегі жүздесудің кешкі уақытта қойылуының өз себебі бар. Қым-қуыт тірліктен қолы босаған аудан тұрғындары желіге қосылуға уақыт тауып, дерт турасындағы туындаған сауалдарға жауап беруді көздеді спикерлер.
- Індет уақыт өткен сайын аранын ашып келеді. Айналып келгенде қауіпті дерт жұқтыруға тұрғындар өздері себепші болуда.
Қоғамдық орындарда топырлап жүру, базар мен сауда орындарында, қоғамдық көліктерде қарапайым санитарлық талаптарды сақтауды ысырып қойғандай. Әрбір тұрғын санитарлық талаптарды сақтамау арқылы қоршаған ортаға, ағайын-тумасына, отбасына індет жұқтыру қауіпін ұлғайтады. Жалпы, тәж тажал қоғам өмірін өз илеуіне салып алды. Мемлекеттік құрылымның қай саласына да өз кедергісін келтіруде. Дағдарыс та туындатып отыр. Шыны керек, біз бұл індеттен құтылатын күн алыс емес. Ал одан құтылуға себепші болатын - вакцинация. Әрине, қоғам болғасын бәрі болады. Екпе жасатуға алып-қашпа әңгімелерді арқау етіп, ел ішінде түрліше айлаға көшіп, вакцинацияға қоғамды теріс пиғылымен бұрмалап жүргендер де жоқ емес. Ел президенті Қ.Тоқаев: «Өз дегенінен қайтпайтын аз ғана антиваксерлерге бола, отбасыларын өз еңбегімен асырап отырған азаматтарымыздың денсаулығын қатерге тіге алмаймыз» деген еді. Сондықтан, жалған ақпаратқа сенудің қажеті жоқ. Мемлекет басшысынан бастап, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар әрбір тұрғынның саулығын жоғары бағалайды. Сол саулықты қалыптастыру үшін аянбай тер төгеді. Әлеуметтік желіде әлсін-әлсін бас қосуымыздың басты себебі – аудан жұртшылығын қауіпті індеттен сақтандыру, вакцинация жасатуға мұрындық болу. Аудан тұрғындары мынаны ескеру керек, екпе жасату арқылы қоғамдық саулықты қалыптастырамыз, - деді аудан әкімі Е.Шойұлы.
Аудан әкімі айтқандай, қазіргі кезде вакцина салдыруға байланысты түрліше ақпараттар жүр. Оның бірі – теріс, екіншісі – оң. Екпе салдыруға байланысты, салғаннан кейінгі әсері жайында сұраққа аудандық орталық аурухана басшысы Б.Қумаров жауап беріп, желі қолданушылардың қауіпін сейілтті.
- Екпе салардың алдында адам өз еркімен вакцина алуға қатысты келісімге қол қояды, я болмаса, одан жазбаша түрде бас тартады. Дәрігер вакцинаға келіскен адамды жан-жақты тексереді. Егер дене қызуы 37 градустан жоғары болса, вакцинация кейінге шегеріледі. Адамның организмі кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды. Егер адам соңғы алты айдың ішінде коронавируспен ауырып шықса, вакцина салудың қажеті жоқ. Бұдан бөлек, жүкті әйелдерге, ауыр аллергиясы мен вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жастан асқандарға салынбайды. Бұдан бөлек, бірқатар ауруға шалдыққан адамдарға абай болу керек: бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті), қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары, эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары, жүрек-қан тамыр аурулары, иммун тапшылығы, аутоиммунды аурулар, өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обструктивті аурулары, метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема, қатерлі аурулар, соның ішінде қан аурулары барлар. Әрбір қоғам мүшесі айналасындағы адамдардың саулығы үшін вакцинация жасату маңызды екенін ескергені жөн, - деді Б.Қумаров.
Онлайн жиын барысында тұрғындар өздерін алаңдатқан сауалдарын жолдап, көңілге қонымды жауап алды. Бастысы, мұндай кездесулер жиі болса деген тілегін де жеткізді желі қолданушылары.

Автор:
М.Мақсым.