6 августа 2021, 08:33 | 1 201 просмотр
Қазіргі таңда алты Алаш баласының түтіні түзу, тұрмысы жайлы, тіршілігі қолайлы. Бұлай болуының өз себебі де бар. Қалай дегенмен Еуразия жүрегінен ойып тұрып орын алған ұланғайыр даласы бар Қазақстан қазіргі таңда азат, әлемдік саяси сахнада өзіндік бағындырған белесі, мойындалған беделі бар мемлекетке айналған. Ұлт мәдениетінің қалыптасуы мен өркендеуіне шама-шарқынша еңбек сіңірген, «Темір нарком» атағын еншілеген Темірбек Жүргенов «Жерұйық» мақаласында қазақ даласы бұрын-соңды болмаған қолайлы кезеңге тап болғанын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, халықтың ырыс-несібесі тасыған заман туғанын әспеттеп, сонау совет дәуіріндегі елдің болмысын суреттеген болса, бүгінгі тәуелсіз елдің даму динамикасын бір ауыз сөзге, бәлки мақалаға сыйдыру мүлдем қиындау болар. Өйткені, саяси данышпан, көреген көсем Елбасы Н.Назарбаевтың сара да, дара сарабдал саясатының арқасында Қазақстан Еуразия кіндігінде дамуды тұғыры еткен елге айналды.
Шыны керек, тұғырлы ел бұл белеске оңай келмеді. Кешегі КСРО кезінде Қазақстан Мәскеудің шикізат базасы болды. Тыңнан, қойнауы Менделеев кестесіндегі элементтерге бай жер асты-үстінен, сайын даланы жайлаған шаруашылықтардан алынған өңделуі тиіс тауарлар шойын жолдың бойымен Ресей жеріне ағыла бастады. Турасы сол, қолданысқа қажетті бұйым шығаратын зауыт-фабрикалар қазақ даласында ілеу де білеу еді. Кеңес дәуірінде индустрияландыру үдерісі бар-жоғы елімізді осындай жетістікке жеткізді. Ал, КСРО-ның іргесі сөгіліп, коммунистік идеяның күні батқаннан кейін азаттығын жариялаған Қазақстан өндірісі біршама тұралады. Тұрмыстың кейін шегінуі әуелі ауылдан басталды. Кезінде отар-отар қой, табын-табын сиыр ұстап, фермерлік негіздегі құрылым құрдымға кетті. Тынысы тарылған ауылдардан сондағы ағайын үдере көшіп, әйтеуір жан бақпаққа көшті. Ал, нарықтық қоғам құруға ұмтылған ел көсемі Н.Назарбаев ел экономикасын қайта тірілтпек үшін ауылдарды жандандыру қажеттігін пайымдап, мұндағы тіршіліктің тамырына қан жүгірту үшін түрлі реформан қолға алды. Әрине, ешқайсысы да нәтижесіз емес. Әлі күнге қазақтың алтын бесігіне баланған ауылдар қолдаудан қағажу көріп жүрген жоқ. Оның айқын дәлелін көру үшін алты құрлықты аралап, тау асып, бел кезудің қажеті жоқ. Бар-жоғы тұрмысы түзу, тірлігі мығым, ынтымағы жарасқан Балтабай ауылдық округінен аңғаруға болады. Тоғыз мыңнан аса тұрғыны бар әкімшілік құрылым Еңбекшіқазақ ауданының әлеуеті жағынан басымдығы бар ауылдық округ десек, артық айтқандық емес.
Әлеуметтің әлеуеті
артып келеді
Құрамына 7 бірдей елді мекенді сыйғызған ауылдың округтің бүгінгі бет алысы жаман емес. Бастысы 2212 шаңырақтың бірлігі мен қарымды тірлігі арқасында көсегесін көгертіп отыр. Ақбастау, Ақтоғай, Балтабай, Еңбек, Күш, Өрнек елді мекендері ауылдық округтің тынысын одан әрі аша түсуде. Ел президенті Қ.Тоқаев бір сөзінде: «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл - ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл әкімшіліктердің міндеті,» - деген еді. Ауылдық округ әкімшілік қызметкерлері мемлекет басшысының сөзін тиімді жүзеге асырып келеді.
Жалпы, Балтабай ауылдық округінде 200 көп балалы ана бар. Оның ішінде алтын алқа, күміс алқа иемденгендері 120-дан асады. Бұл әкімшілік құрылым бойынша 3550 тұрғын жәрдемақы һәм зейнетақы алады. Олардың ішінде 2057-сі зейнеткер, 209-ы мүмкіндігі шектеулі азамат. Өткен жылы 37 шаңырақ атаулы әлеуметтік көмек алған екен. Биыл да мемлекет тарапынан берілетін бұл көмекті алатындар саны азаймаған. Әрине, талай қоғамдық мәселенің туындауына жұмыссыздық сеп десек, артық айтқандық емес. Мәселен, жұмыссыз жүргендер қылмысқа да әуес келеді, қоғамдық тәртіпті бұзуға да себепші болады. Ауылдық округ әкімдігі жұмыссыздықпен күресті басты нысанаға алған. Себебі ұлт көсемі, Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстанда жұмыссыздық деген болмауы керек. Бұл үшін барлық мүмкіндік бар», - деген еді бір сөзінде. Шыны, керек жұмыссыз жүрген бұл ауылда адам да аз. Атаулы мәселемен күресу барысында әкімдіктегілер барлық тетікті қолға алып отыр. Мәселен, үстіміздегі жылы 1 ауыл тұрғыны «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында «Балтабай – 2030» серіктестігіне жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, екі қолға бір сайман сұраған 38 ауыл тұрғыны қоғамдық жұмысқа тартылған.
Ауылдық округте балалардың білім алуына бар жағдай жасалып отыр. Бүгінде 2218 оқушы 3 орта және 1 бастауыш мектепте білім алады. Замана көшінен қалмайтын алымды да қарымды оқушы тәрбиелеу үшін 191 ұстаз аянбай еңбек етуде. Соның нәтижесінде былтыр мектепті 77 оқушы тәмамдаған. Олардың қатарынан 23-і жоғары оқу орнында білімін шыңдап жатса, 31-і колледжде «инемен құдық қазуда». Соның 6-ауы грант негізінде мемлекеттің қамқорлықты сезінуде. Екі жыл қатарынан адамзатты сарсаңға салған пандемиялық ахуал кезінде оқушылардың әдеттегі білім алуынан кешеуілдемеуі үшін қашықтықтан оқуға барлық жағдай жасалып, ауылдық округ топырағынан түлеген меценаттардың көмегімен оларға планшет, ноутбук және смартфондар сыйға тартылды. Сондай-ақ, Бірлік, Күш, Өрнек елді мекендері мен саяжайлардан 354 оқушы мектепке арнайы көлікпен тасымалданды, оған бюджет қалтасынан 20 млн. қаржы қарастырылған. Шынтуайтыны керек, ауылдық округте балабақша тапшылығы сезілмейді. Мәселен, бұл әкімшілік құрылым сапында, оның ішінде Балтабай ауылында 75 орындық «Балбөбек А 2015», Ақтоғай ауылында 100 орындық «Орынша», Еңбек ауылында 50 орындық «Аяулым 2019», Ақбастау ауылында 75 орындық «Күнекей» балабақшалары ауылдық округтің мектепке дейінгі балаларын тәрбиелеуде. Сондай-ақ, өткен жылы Балтабай ауылында 85 орынға негізделген «Балдырған 2019» балабақшасы іске қосылып, аталмыш мәселенің тамырына балта шабылды.
Шынтуайтыны керек, 2019 жылдың соңында басталған пандемия дүниеде адамның өмірі мен саулығынан асқан байлық жоғына көз жеткізді. Еліміздің Ата заңында да адами құндылық жоғары әспеттелген. Денсаулық сақтау саласы бойынша ауылдық округте ауыз толтырып айтар тірлік бар. Адамзат өміріне қауіп төндірген тәж-тажал тұсында Балтабай ауылдық округінде халық саулығы үшін күресіп жатқан 125 орындық аурухана өз қызметінен тайған емес. Сондай-ақ, 5 фельдшерлік пункте жұмыс істейтін ақ халаттылар Гиппократ антына адалдығын әу бастан дәлелдеп келеді. Мұнан өзге балтабайлық тұрғындардың амандығы үшін 2 тіс емдеу кабинеті мен 2 дәріхана қызметін ұсынып келеді. Айтпақшы үстіміздегі жылы Күш ауылынан мобильді фельдшерлік-акушерлік пунк, салынады.
Тұрғындар қолайлы
ортада өмір сүруде
Ел президенті Қ.Тоқаев әрбір қазақстандық өмір сүруге қолайлы ортада тіршілік етуі тиіс екенін әр Жолдауында айтып келеді. Балтабай ауылдық округінде мемлекет басшысының бұл тапсырмасы тиянақты жүзеге асып келеді. Өткен жылы Балтабай ауылдық округ әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан 105 өтініш келіп түсіп, оның барлығы толықтай шешімін тапқан. Сондай-ақ, әкімдік тарапынан 700 құжат кіріске алынып, 957 шығыс құжат тіркелді және 66 шешім, негізгі қызметке байланысты және жеке құрамы бойынша 112 өкім қабылданған.
Сондай-ақ, 2025 жылға дейінгі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде аймақтардың экономикалық дамуына ықпал ету шараларын жүзеге асыру барысында да едәуір жұмыс байқалады. Мәселен, Еңбек және Балтабай ауылдарындағы ішкі автомобиль жолдарын жоспарлы жөндеуге 15 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, округтегі әр ауылдың орталық көшелеріне жарықтандыру жүргізіледі.
Жалпы, Балтабай ауылдық округінде 54 көше, 1 республикалық, 3 облыстық маңыздағы жол бар. Бүгінде осы жолдарды заманауи деңгейге көтеріп, жол қатынасын қалыпқа келтіру бағытында ауқымды тірлік бар. Мәселен, осы уақытқа дейін округке қарасты Бірлік ауылындағы Mаметов көшесі, Өрнек ауылындаға Тиранов және Тастанбек көшелері ағымдық жөндеуден өткен. Өткен жылы Еңбек ауылындағы Жадраев көшесі мен Балтабай ауылындағы Балғабеков көшесіне жөндеу жұмыстары жоспарланған еді. Биыл 13 шілдеден бастап аталмыш көшелерге асфальт төселуде. Сондай-ақ, 7 елді мекеннің орталық көшелерінде жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, бүгінде бұл көшелер самаладай жарқырайды. Айта кететін жайт, жуырда ғана Балтабай ауылының орталық стадионын абаттандыруға бюджет қалтасынан 3 млн. теңге бөлініп, аталмыш жұмыстар тиісінше атқарылды. Мұнан өзге, ауылдық округ аумағындағы ескерткіштер де күтімсіз емес, оларға жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Елбасы айтқандай, мәселені шешу үшін барлық мүмкіндік қарастырылып жатыр. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасының арқасында Еңбекшіқазақ ауданының жұмыспен қамту орталығы арқылы ауыл тұрғындары жұмыспен толықтай қамтылған. Бағдарлама игілігін көрушілер учаскелерге бекітіліп, округте санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізеді. 2021 жылы округте республикалық және халықаралық маңызы бар Құлжа тас жолында ағаштарды санитарлық кесу жүргізілген.
Кәсіп түбі – несібе
Ауылдық округте кәсіпкерлік ауқымды дамуда. Мәселен, мұнда 56 сауда нүктесі, 4 тамақтану орны бар. Мұнда 120 ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпкерліктің өрісін кеңейту арқылы жұмыссыздық мәселесі де өз шешімін табуда. 2020 жылы пандемия салдарына қарамастан азық-түлік сөрелеріндегі тауарды уақытында жеткізіп отыру жөнінде аудандық әкімдікпен бірлесіп, мәселені уақытылы шешу арқасында азық-түлік тапшылығы байқалмаған. Тәж тажал алқымнан алғанда ауыл меценаттары қайырымдылық шараларын күшейткен. Сол уақта кәсіпкерлер ауылдық округтегі 200-ден астам шаңыраққа 4 млн. теңге көлеміндегі қайырымдылық көмек көрсеткен. Одан өзге олар ауылдық округ тұрғындарына 5000-ға жуық бетперде таратып, халық саулығын нығайтуға атсалысқан. Мұндағы қайырымды кәсіпкерлер әлі күнге қарапайым халыққа көмек қолын созып келеді.
Ауылдық округтің тұрмысы ата кәсіпке және егіншілікке негізделген. Мәселен, балтабайлықтардың ауылшаруашылығымен айналысуына мүмкіндік беретін 12,2 мың гектар жер бар. Оның 6,5 мың гектары егін егуге негізделсе, 438 гектары шабындыққа, 914 гектары жайылымдыққа арналған. Бүгінде Балтабай ауылдық округінде 6 мыңнан аса мүйізді ірі қара, 600 бас жылқы, 15 түйе, 50 шошқа, 7400 құс және 4350 уақ мал тіркелген. Өткен жылы осы түліктің амандығы үшін вакцинация егу жұмыстарына 5,6 млн. теңге қаржы бөлінсе, төрт түлікті сырғалауға 334,8 мың теңге қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, жұқпалы ауруларға қарсы егілу, диагностикалық тексеру жоспар бойынша атқарылып келеді.
Жалпы, ауылдық округ аумағында 515 шаруа қожалық тіршілік етуде. Өткен жылы олар айналысатын көктемгі және күзгі егістік науқаны мен егу және жинау жұмыстары уақытысында аяқталды. Сонымен қатар 2020 жылы егістік жерлерін суғару жөнінде суармалы судың аз болғаны көпке мәлім. Шаруа қожалықтарына барынша әкімшілік тарапынан және Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының жан-жақты көмек көрсету, яғни ұйымдастырылған жұмысты ұстана отырып, шаруа қожалық иелеріне аяқ су суды азды-көпті жеткізілді.
Егін егу бойынша ауылдық округте ерекшеленіп тұрған – «Будан» ЖШС. Былтыр аталмыш серіктестік 850 гектарға жүгері тұқымын сеуіп, гектарына орташа есеппен 70 центнер өнім алды. Сондай-ақ, 297 гектарға соя дақылын отырғызып, гектарына 27 центнердан астық жиды. Аталмыш серіктестік маңайдағы шаруа қожалықтарды жүгерімен қамтып қана қоймай, Өзбекстан мен Қырғызстанға бұл өнімді экспорттап келеді. Айта кететін бір жайт, серіктестік техникалық әлеуетін артырып келеді. Былтыр 22,7 млн. теңгеге 2 су жаңа трактор сатып алған.
Сөз соңында, Еңбекшіқазақ ауданының әлеуетті ауылы саналатын Балтабай ауылдық округінде ауыз толтырып айтар тірлік бар. Бастысы еліміздің өркендеуіне ынтымағы жарасқан балтабайлықтар титімдей де болса пайдасын тигізуде.