Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жолдың жайЫ жақсарып келеді


6 августа 2021, 06:38 | 1 103 просмотра



Елді мекендерді бір-бірімен байланыстырып, қайнаған тынымсыз тіршілікке нәр беріп жатқан күре жолдың қадірін, оның бейнетін өзі жүріп көрген жол жүргіншісінен артық ешкім біле қоймас, сірә? Әсіресе, жолдың сапасы нашар болса, әрине адам шоқырақ аттың үстіне мініп келе жатқандай күй кешері анық. Уақыт жылжып өткен сайын көлік пен байланыстың жаһандық қарым-қатынастар жүйесіндегі рөлі әдәуір өсті. Қазіргі уақытта бұрынғы кездердегідей емес, заман талабына сай құрастырылған ауыр жүк және жолаушылар көліктерінің аудан, облыс, халықаралық қатынастағы қарқынды қозғалысы әлденеше есеге артқанын біз жақсы білеміз. Осыдан-ақ, біз жолдың шын мәнінде өмірдің өзегі, тұрмыс-тіршілігіміздің қайнар көзі екенін аңғарамыз. Ол рас. Бүгінде жонылған тақтайдай тегіс жолдар барар жеріңе лезде-ақ жеткізеді. Иә, әлемдегі өркениетті елдердің бірінші кезекте жол қатынасына айрықша назар аударатыны да сондықтан болар.

Шынтуайтыны керек, соңғы жылдарда Қаратал ауданына қарасты жолдардың жайы жақсарып келеді. Енді бәрі тақтайдай тегіс дей алмаймыз. Дейтұрғанмен, осыдан бес, он жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда, жағдай әбден түзелген.
Жалпы, Қаратал өзенін жағалай қоныстанған өзен аттас ауданда жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 767 шақырымды құрайды. Бұл ауқымды жолдың 371 шақырымы облыстық маңызы бар. Ал аудандық маңызға ие жолдың қашықтығы 396 шақырым. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген ақпарына сүйенсек, аудандық маңызы бар автомобиль жолының 173 шақырымы жақсы жағдайда. Яғни, жалпы жолдың 50 пайызына асфальт жамылғысы төселген екен. Ал 66 шақырымының жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Шамамен 30 пайыз күре жолға қиыршық құм-тас төселген. Ал 157 шақырымының жағдайы қанағаттанарлықсыздық, яғни көңіл көншітпейді. Сонда күре жолдың 20 пайызын қара жол құрайды. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұсынған ақпарға сүйенсек, биыл аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруда төмендегідей тиісті жұмыстар атқарылуда және кезең-кезеңмен жүргізіледі екен.
Ауылдар мен елді мекендердің арасын жалғайтын жолдар мен ауылдық округтер ішіндегі біршама көшенің шырайын «Ауыл - Ел бесігі» жобасы кіргізбек. Жоба аясындағы ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым бойынша іс-шараларды іске асыру бағдарламасына сәйкес 139 846 мың теңге бюджет қалтасынан бөлініп отыр. Бұл қаржыға Жолбарыс батыр ауылдық округі, Кәлпе ауылының Болатхан, Абай, Ұлтуған, Тентек, Б.Римова, Қ.Байсейітов, Дәулетяров көшелерінің 4,6 шақырымы жаңғыртылмақ. Аталмыш жұмыстарды ашық конкурс бойынша ұтып алған «Жигули» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.
Сондай-ақ, аудандағы жолдарды жөндеуге жылдық бюджеттік жоспарға сәйкес 2480243 мың теңге қаралған еді. Бұл қаржыға Үштөбе қаласының Қаблиса ақын, Жолбарыс батыр, Жұбанов, Касенков, Котовский, Линейная, «Достық» шағын ауданындағы Крылов шағын көшесі, «Балқаш» шағын ауданындағы Бақай батыр, Медина көшелеріне, сондай-ақ, Бастөбе ауылдық округі, Жылыбұлақ ауылының Мир көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған еді. Аталмыш жұмыстарды қос мердігер мойнына алған. Бүгінде «Жаңа жол 2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталмыш жұмыстар аясында 9 көшеге, «Жигули» серіктестігі 1 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы, «Жолдың жайын жүрген білер» деген тәмсіл бар. Бүгінде аудан орталығындағы және бірнеше ауылдың ішкі жолдары ағымдық жөндеуге сұранып тұрған еді. Себебі де түсінікті, жолдың тез тозуына түрлі жай сеп болады. Жолдың бүлінуіне жауын-шашынның да әсері қаншалықты үлкен болса, сол жолды пайдаланушы жүргіншілердің де әсері аз болмайды. Әдетте қалыпты жағдайдан асқан салмағы бар ауыр көліктер төселген асфальттың шайпауын шығарып, шұрық-тесікке айналдырады. Мұндайда ағымдық жөндеу ұйымдастырылмаса, іргесі сөгілген жолдар әбден жарамсыз күйге түседі. Биыл Үштөбе қаласының Д.Қонаев, Абылай хан даңғылдары мен Рысқұлов, Жолбарыс батыр, Желтоқсан, Жамбыл, Байсейітов, Байсақов, Шевелев, Мақатаев, Кузнецов, Байтуғанов, Момышұлы, Исаев, Жәлменде би, Тілеуқұл батыр көшелері мен Уштобинский шағын көшесіне ағымдық жөндеу жүргізілді. Қарапайым тілмен айтқанда, қазандай ойықтары бітеліп, шұрық-тесігі қалпына келтірілді. Айтпақшы, мұндай ағымдық жөндеуді көрген көшелердің сапында Бастөбе ауылының Юн, Гастелло көшелері мен Ұмтыл ауылының кіреберіс жолы бар. Бұл бағыттағы жұмыстарға бюджет қалтасынан 9 912 мың теңге қаралған еді.
Жол салу бар да, ондағы қауіпсіздік белгілерін орнату бар. Шыны керек, жол жолақтары мен арнайы көлік қозғалысын реттейтін белгілердің жолдағы қауіпсіздікті қалыптастырар өз салмағы бар. Биыл аудандағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Үштөбе қаласы мен Бастөбе ауылының 38 автомобиль жолдарына жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында бюджет қалтасынан 4169 685 теңге бөлінді. Аталған қаражатқа «СМЭО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 45,9 шақырымға жол жолақтарын салды. Сондай-ақ, аталмыш серіктестік 51 жаяу жүргінші өткелін жасаған. Оның ішінде 9-ы жаңадан жасалса, қалғаны қалпына келтірілген. Сонымен қатар, жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз салмағы бар жол белгілері мен бағдаршамдарға аудан бойынша қызмет көрсету үшін бюджеттен 1004 мың теңге бөлінген еді. Аталмыш жұмыстармен «NUR JARYK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда.
Жоғарыда айтқанымыздай, жолдың сапасын әдетте жауын-шашындар бүлдіреді, яғни тоздырады. Аудандық бюджеттен қыста автомобиль жолдарын күтіп ұстау үшін 7000 мың теңге қаралған еді. Аталған қаржының жартысына Үштөбе қаласының 15 көшесі мен Үшкөмей ауылының кіреберіс жолдарына қаңтар-наурыз аралығында «АРТ СТРОЙ KZ» жауапкершігі шектеулі серіктестігі қызметкерлері тер төкті. Аталмыш серіктестік осы уақыт аралығында бекітілген 27,2 шақырым жолдың қарын көктемге дейін аршып, тазалап отырды. Бұл жұмыстарға серіктестік тарапы 2 бірлік қалақпен, сыпыртқымен (щеткамен) қамтылған трактор, 1 бірлік фронталды жүк тиегіш, 1 бірлік самосвал, 1 бірлік жай трактор жұмылдырды. Осындай ауқымды жұмыс барысында 27,2 шақырым жолдан 70 тонна қар тысқа шығарылып, 100 тонна инертті материал жұмсаған. Ал, қалған қаржыға, яғни 3500 мың теңгеге «Жигули» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім жасалған. Аталмыш серіктестік ашық конкурстан ұтып алған соң, үстіміздегі жылдың қазақ-желтоқсан айларында маңызды жолдарды қардан тазалап отырады.
Шыны керек, өткен жылы біршама жол жөнделген еді. Бірақ сапасыз жасалған жолдарды қайта қалпына келтірумен былтырғы мердігерлер айналысуда. Мәселен, 2020 жылы Үштөбе қаласындағы Пронин көшесінің 3 учаскесіне және Амангелді көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын «Таган» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген еді. Алайда бүгінде жол сапасынан ши шықты. Серіктестікпен жасалған келісім-шартқа сай 2 жылдық кепілдемеге сай бүгінде аталмыш жол жөндеуші компания қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін аяқталады. Сондай-ақ, аудандағы 16 көшенің орташа жөндеу жұмыстарын конкурс арқылы жеңіп алған «SILK ROAD Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісім-шарт бойынша Үштөбе қаласындағы Қазыбек би және Жаңаталап ауылындағы Ильина көшелеріне асфальт жамылғысын төсеу жұмыстарын және басқада объектіде жол белгілерін орнату мен жол жиектеріне қиыршық құм-тас төгу жұмыстарын аяқтамағандықтан сотқа талап-арыз берілген. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұсынған ақпарға сүйенсек, сот серіктестікке 2021 жылдың 31 мамырына дейін жұмысты аяқтауды міндеттеген. Бірақ аталмыш жұмыстар әлі күнге дейін аяқталмаған. Тек жол белгілерін орнату жұмыстары толық жүргізілген. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары үстіміздегі жылдың 21 маусымында Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына серіктестікке келісім-шарттар бойынша қалған жұмыстарды аяқтауды міндеттеу және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына байланысты жосықсыз мердігер деп тану туралы қайта талап-арыз берілгенін айтып отыр.
Аудандағы облыстық маңызы бар жолдарды ағымдағы жылы жөндеу бойынша да ауыз толтырып айтарлық тірлік бар. Мәселен, Тастөбе ауылдық округінің аумағынан өтетін «Талдықорған – Үштөбе – Быжы – Мұқыры» 0-10,510 шақырымындағы «Тастөбе-Бесағаш» жолын орташа жөндеу жұмыстарына 270 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат бүгінде толықтай игеріліп отыр. Ескелді ауылдық округінің аумағынан өтетін «Ескелді – Көкдала» жолына 369 млн. теңге бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды мердігер «Талдықорған жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Сондай-ақ, «Талдықорған – Үштөбе – Быжы – Мұқыры» 0-13,415 шақырымындағы Тастөбеге кіру жолына орташа жөндеу жұмыстарын мердігер «Гордорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізе бастады. Биыл аталмыш жолдың 2 шақырымына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 2022 жылдың қараша айында жаңғырту жұмысын толықтай аяқтайды. Қазіргі кезде серіктестік асфальт жамылғысын кесіп алу жұмыстарын жүргізуде. Үштөбе-Алмалы-Көпбірлік 147-175 шақырымдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының ішіндегі Алмалы-Көпбірлік арасындағы ені 5 метрлік 28 шақырымдық 5-санаттағы тас жолын орташа жөндеу жұмыстарына бюджет қалтасынан 409 млн. теңге бөлінген. Аталмыш жұмыстармен «Талдықорған жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Бұл жұмыстар өткен жылы толық аяқталмаған соң, жол жөндеу өтпелі нысан болып 2021 жылғы қараша айының соңына дейін ұзартылған. Қазіргі таңда жобаға өзгерістер енгізіліп, асфальтты төсеу жұмыстары жүргізілуде. «Үштөбе-Алмалы» аралығындағы автомобиль жолына биыл маршруттық тәсілмен ағымдық шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан аумағындағы жолдарды жөндеу бағытында осынша ауқымды тірлік бар. «Дамуға бастар ел жолын түзер» деген тәмсіл бар. Бәлки, мұндай ауқымды тірліктен соң ауданның көсегесі көгеріп, ырыс таситын болады.

Автор:
М.Мақсым.