Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жетісуда кәсіпкерлік әлеуетті


6 августа 2021, 06:33 | 965 просмотров



Жеті өзеннен нәр алған Жетісу өңірінде 124800 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр. Бір қуантарлығы осы кәсіпкерлік ішіндегі 1,2 мыңға жуығы үстіміздегі жылы ашылып, тыңнан түрен салған. Әрине, мұндай ауқымды шаруадан соң кәсіпкерлік саласында 262 мың жетісулық жұмыспен қамтылып отыр. Бұл жайында апта басында еліміздің Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнесті қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру барысы туралы» мәселе жайында сөз қозғаған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ баяндады.

Алматы облысының әкімі айтқандай, әлемді жайлаған пандемиялық жайға қарамай, жалпы өңірлік өнім құрылымындағы шағын және орта кәсіптің үлесі артып келеді. Мәселен өткен жылы өсім 1,4 пайызды құрап, 34 пайызға жетсе, үстіміздегі жылы бұл көрсеткішті 34,3 пайызға жеткізу жоспарланған.
- Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар кәсіпкерлерге елеулі қолдау болды. Кәсіпкерліктің 928 нысаны 2,5 миллиард теңгеге салық жеңілдігін алды, 418 нысанның 3,2 миллиард теңгеге несиелері кейінге шегерілді. Мемлекеттік меншік объектілерінде жалдау ақысын есептеу тоқтатылды. Бұл жеңілдікті 219 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны 50,8 миллион теңгеге пайдаланды, - деді өз сөзінде Алматы облысының әкімі А.Баталов.
Пандемиялық жағдайға орай жасалып жатқан мемлекеттік қолдау кәсіпкерлікті дамытуға орайлы жағдай туғызып отыр. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары бойынша биыл 24 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артық. Сол сияқты Алматы облысының әкімі А.Баталов «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында қосымша 11,8 миллиард теңге бөлінгенін де тілге тиек етті.
- Соның есебінен 2,5 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысанына қолдау көрсетуді, 5 мың жұмыс орнын құруды, 7 мың жұмыс орнын сақтап қалуды жоспарлап отырмыз, - деді облыс басшысы.
Қазіргі кезде Алматы облысында 12,3 миллиард теңгеге 1,4 мың жоба қаржыландырылды, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 87,5 миллиард теңгеге 267 жоба қаралып жатыр. Бұл жобалар да алдағы уақытта облыс әлеуетін әрлендірмек.

Автор:
ЖД Ақпарат.