Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

19 миллионыншы қазақстандық дүниеге келді


5 августа 2021, 13:00 | 1 096 просмотров



Ақжолтай. Ел халқы 19 миллионға жетті. Сүйінші хабарды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеткізген еді. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді. Жәния – отбасында төртінші бала», - деп жазды президент twitter парақшасында. Ақжолтай хабардан соң Нұрғалиевтер отбасын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та құттықтады.

Сонымен 19 милионыншы қазақстандық Іле ауданының Чапаев ауылының тумасы. Алматы облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Жәния Азаматқызы Алматыдағы перинаталдық орталықта, салмағы 4160 келе, бойы 57 см болып дүние есігін ашты. Сәбидің әкесі Азамат Нұрғалиев 39 жаста болса, анасы Назгүл Көбентаева 35 жаста.
Апта басында 19 миллионыншы отандасымызды құттықтап Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев Іле ауданының Чапаев ауылындағы Нұрғалиевтардың шаңырағына арнайы барды. Олар облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтау хатын табыстады. Хатта: «Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Жания Азаматқызының Жетісу жерінде, сіздердің отбасыларыңызда өмірге келуімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ел тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы айтулы оқиға, бір отбасының ғана емес, барша жұртшылықтың қуанышы. Осы ақжолтай сүйінші хабарды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған сәтте оны, әсіресе, жетісулықтар зор ризашылықпен қабылдады. Осыдан небары төрт жыл бұрын біздің Алматы облысында мемлекетіміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы дүние есігін ашқан еді. Міне, аз ғана уақытта еліміз демографиялық өсімнің нәтижесінде 19 миллионыншы межеге жетіп отыр. Бұл - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің, халықтың болашаққа деген зор сенімінің айқын көрінісі. Барша жетісулықтардың атынан кішкентай сәбидің аман-сау ер жетіп, елдің абыройлы азаматы болып өсуіне тілектестік білдіремін! Отбасыларыңызға бақ-дәулет, ұрпақтарыңызға жарқын өмір тілеймін. Ел ішінің тыныштығы мен берекесі нығайып, халқымыздың ырысы арта берсін!»- деген лебіз бар еді.
Сонымен қатар, Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев Нұрғалиевтер отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын, балалардың қол арбасы, сәби күтіміне арналған жиынтық және басқа да сыйлықтарды табыстады. Облыс әкімінің орынбасары жарық дүние есігін жаңалықпен ашқан сәбидің ата-анасына лебізін білдірді.
- Жәнияның Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өмірге келуінің өзі жақсы ырым. Кішкентай сәбидің тууы бір отбасын ғана емес, барша қазақстандықтарға қуаныш сыйлады. Отбасында Жәнияның соңынан тағы да ұл-қыздар ере берсін,- деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев.
Мұндай сәтте сәбидің ата-анасы тебіренбей тұра алмады. Жәнияның әкесі Азамат Нұрғалиев өз отбасы үшін мұның күтпеген жаңалық болғанын айтты. – Біз алғашында сенбедік, қателескен шығар деп ойладық. Тек учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдіктен іздеп жатқанын айтқанда ғана шын екенін білдік. Қызымыздың маңдайы бақты екен, лайым ұзағынан сүйіндірсін. Оны жақсы тәрбиелеп, Қазақстанның лайықты азаматы етіп өсіруге тырысамыз,- деді Жәнияның әкесі.
– Жәния біздің ұзақ күткен, 5-6 жыл дегенде көрген перзентіміз. Қызымыз туа сала бүкіл Қазақстанға белгілі болды, алдағы уақытта да оның жақсы атын шығаруға ата-анасы ретінде еңбек сіңіретін боламыз, - деді анасы Назгүл Көбентаева.
Айтпақшы, облыс басшысы Амандық Баталов желідегі парақшасы арқылы да жетісулықтарды, Нұрғалиевтер отбасын құттықтады. Жазбада: «Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Азаматқызы Жанияның бауы берік болсын! Осыдан төрт жыл бұрын да дәл осындай қуанышқа кенеліп едік. Еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы Талдықорғанда дүниеге келген болатын. Сол кезде бұл сүйінші хабарды көлікте кетіп бара жатқанымда бұрынғы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов телефон шалып айтқан еді. Биыл да 19 миллионыншы тұрғын туралы игі жаңалықты тағы да Тимур Мұратұлы хабарлады. Осылайша қуанышқа қуаныш қосылып жатыр. Дегенмен қызық дерек болған соң мен одан мұндай есептің қалай жүргізілетінін сұрадым. Ол реттік қатарды электронды база автоматты түрде өзі есептеп шығаратынын айтты. Шынында, керемет сәйкестік! Осылайша Алматы облысының қатарынан екі рет мерейі үстем болды! Алматы облысы – Елбасымыздың да, Президентіміздің де туған жері. Өңір барлық салаларда алдыңғы қатарда. Соның нәтижесінде туу көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Мәселен, біздің облыста жыл сайын 50 мыңдай бала бірінші сыныпқа барады. Балалар - біздің байлығымыз! Сондықтан 19 миллионыншы тұрғынның да жер жаннаты Жетісуда өмірге келуі - біз үшін үлкен қуаныш! Осындай жақсылықтар жақсылыққа ұласа берсін. Жанияның дені сау, ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын!» - деп жазды аймақ басшысы.

Автор:
Д.Кемеңгер.